Даулы жерлерді реттейтін тағы бір комиссия құрылмақ. Өз жеріңді өзің қалай жалға аласың?

"Ұлжан" шағын ауданының тұрғыны Нұрлан Жалбаев Жер туралы кодексті оқып тұр. Алматы, 20 наурыз, 2009 жыл.

Наурыздың 20-ында әкімшіліктің заңдастырылмаған жерлерді жалға беру ұсынысына қарсы 800 адамның өтінішін жинап келген Алатау ауданы тұрғындарының үш өкілін қалалық ішкі істер департаментінің бастығы О.Тазабеков қабылдады. Кездесуде тараптар тұрғындардың жерін заңмен рәсімдеу мәселесін шешу үшін әлеуметтік-құқықтық комиссия құру туралы уағдаласты.
«Ұлжан» ықшам ауданының тұрғыны Нұрлан Жалбаевтың айтуынша, халықтың әкімшілік ғимаратының алдына жиналуына биліктің даулы аудандардағы заңсыз жерлерді жалға беру туралы ұсынысы түрткі болыпты:

- Жалға беруге келіспейміз. Жер жекеменшікке берілсін. Халық өз үйлерін уақытша қолдану үшін соғып жатқан жоқ. Мен биліктің жалға беруге қатысты ұсынысын түсінбеймін. 2006 жылы үйді заңдастыруға өтініш түсірдік. Енді бүгін қарапайым халық мүлікті заңдастыру науқаны, біз сияқты кедейлердің лашығын емес, байлардың ірі кәсіпорындары мен олигархтардың ақшасын заңдастыру үшін жасалғанын жақсы түсініп отыр,-дейді ол.
Алматының проблемалық аудандарының тұрғындары қалалық әкімдік алдына жиналды. Алматы, 20 наурыз, 2009 жыл.


Тұрғындардың айтуынша, қазірдің өзінде жерді жалға беру ұсынысына қарсы қол жинау процесіне Алатау ауданындағы 18 ауылдың тұрғындары тартылған. Соның нәтижесінде қала әкімі Ахметжан Есімовтың атына 800 өтініш жазылған. Үлкен бір папкіге салынған өтініш қағаздарын арқалап әкімшілік ғимаратына келген қырық шақты адамның үшеуін ғана Алматы қалалық ішкі істер департаментінің бастығы Орынбасар Тазабеков қабылдады.

Бастамашыл топтың жетекшілерінің бірі Ризада Жақыпбектің айтуынша, кездесу барысында тараптар тұрғындардың жерін заңмен рәсімдеу мәселесін шешу үшін әлеуметтік-құқықтық комиссия құру туралы уағдаласты. Оның құрамына жергілікті тұрғындардың, қоғамдық ұйымдардың және қалалық әкімшіліктің өкілдері кіреді. Қазірдің өзінде бастамашыл топ комиссия сапында «Шаңырақ» республикалық қозғалысының жетекшісі Асылбек Қожахметовтың болмауын қалап отыр.
Бастамашыл топтың жетекшісі Ризада Жақыпбек Азаттық радиосына сұхбат беріп тұр. Алматы, 20 наурыз, 2009 жыл.

- Халық бұл комиссияға Асылбек Қожахметовтың кіргенін қаламайды. Өйткені бұған дейін Қожахметов мырзаның басқаруымен даулы жерлердің мәселесін қараған жұмыс комиссиясы жалға беруді ұсынды. Ал халық оны қолдап отырған жоқ. Сондықтан бүгіннен бастап әлеуметтік-құқықтық комиссияға қала әкімі А. Есімовтің кіруін, ал А. Қожахметовтің кірмеуін талап етіп халық қол жинай бастайды, - деді Ризада Жақыпбек.

Ал даулы аудандардың мәселесін шешу үшін жұмыс істеп, ақыр соңында өз ұстанымы үшін сол аудандардың тұрғындарына «жақпай» қалған Қожахметов болса жаңадан құрылғалы жатқан бұл комиссияға кіруге аса құлшыныс танытып отырмағандығын айтады:

- Кез келген комиссияға менің кіруім шарт емес. Менің ұстанымым өзгерген жоқ: біріншіден, жерлерді заңдастырып, жекеменшікке беру керек; екіншіден – заңдастыру мүмкін болмаған жағдайда жерді жалға беру керек. Менің көзқарасыма қарсы шығып жатқандардың талабына түсіністікпен қараймын. Сөз болып отырған жерлерді жеке меншікке беруден басқа да жолдарын тауып жатса, мен оған риза боламын, - деді Асылбек Қожахметов.

Алматы қаласының Алатау ауданында 80 мыңға жуық халық тұрады. Олардың дені күнкөріс қамымен республиканың өзге өңірлерінен көшіп келген, сондай-ақ шетелден қайтқан оралман-репатрианттар. Аудандағы «Шаңырақ», «Өжет», «Әйгерім», «Ақбұлақ», «Красный Трудовик» және басқа да елдімекендерде жер дауынан туындаған халық наразылықтары, соңғы үш жылдың көлемінде, бірнеше мәрте тіркелді.