Наразы жұмысшылар компанияға техникасын қайтармай тұр

Гараждағы техниканы күзетіп тұрған Боранқұл тұрғындары. Маңғыстау облысы, 2 сәуір 2014 жыл.

Маңғыстау облысындағы Боранқұл ауылының 200-ге тарта тұрғыны КАСКо компаниясынан жалақы мен зейнетақы қарызын даулап тұр. Жұмыс беруші жауап бермейді, ал облыс әкімдігі мәселе бір аптада шешіледі дейді.
Маңғыстаудағы Боранқұл ауылындағы «Каспий Азия Сервис компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қысқартуға ұшыраған 200 жұмысшысы жұмыс тауып беруді талап етіп наурыздың 20-сынан бері мекеме алдында тұр. Олар жұмыс берушінің қаңтар айынынан бергі жалақылары мен өтемақыларын, былтырдан бергі зейнетақыларын төлемегенін, ақпан айынан бері жұмыссыз қалдырғанын айтады. Компания басшылығы журналистермен сөйлесуден қашқақтайды. Ал жергілікті билік жұмысшыларға ақша төленеді деп сендіргенімен, жұмысқа орналастыру туралы уәде бере алмайды.

ТЕХНИКАНЫ КЕПІЛДІКТЕ ҰСТАУ

Бейнеу ауданында көршілес Атырау облысымен шекаралас орналасқан Боранқұл ауылындағы «Каспий Азия Сервис» компаниясының (КАСКо) гаражының маңына топталған жұмысшылар мекеме гаражын күзетіп отыр. 43 жастағы Әнуар Қоспақов – КАСКо-ның жұмыссыз қалған қызметкерлерінің бірі. Ол осы мекеменің автоколонна бастығы болған. Әнуардың айтуынша, ақпан айында КАСКо компаниясы мұнай компанияларына қызмет көрсетуге тапсырыс алу тендерінде ұтылып қалғандықтан 200-ге тарта адам жұмыссыз қалған. Жұмысшылар компания өздеріне қарыз жалақы мен басқа да төлемақыларды аудармайынша компанияға тиесілі техниканы бермейміз деп бекінген.

«Тендерді басқа компания ұтып алды. Бірақ оның 300 адамды жұмыспен

Гараж күзеткен Боранқұл ауылы тұрғындары. Маңғыстау облысы, 2 сәуір 2014 жыл.

қамтамасыз етуге әлеуеті жетпейді. Бар болғаны 50 шақты адамды қабылдады. Ал біздерді, көлік жүргізушілерді еш жер жұмысқа алмайды» дейді Әнуар.

Әнуар Қоспақовтың айтуынша тендерден ұтылып қалған КАСКо және оның құрылтайшысы саналатын «Бейбарыс LTD» компаниялары Боранқұлдағы техникаларын компанияның бас кеңсесі орналасқан Жаңаөзен қаласына тасып алып кеткісі келген.

«Бірақ жұмысшылар жұмыс және тиісті ақшаларымызды тауып бермейінше ештеңе де бермейміз деп гаражды күзетіп тұр. Күні-түні гаражды қарауылдап жүргендеріне екі аптадан асты. КАСКо бастығы келеді деген, бірақ ол да жоқ» деді ол.

Әнуардың сөзінше, «Бейбарыс LTD» компаниясы Боранқұлдағы гаражында тұрған техникасының бірсыпырасын тасып үлгерген. Бірақ бұрғылау станоктары, тұрғын жай вагондары, токарь станоктары тәрізді үлкен құрал-жабдықтар жұмыссыз қалған наразы боранқұлдықтардың қолында.

«БИЛІКТЕН ЖАУАП ЖОҚ»

КАСКо-ның жұмыссыз қалған қызметкерлері жалақыларын ғана емес, зейнетақы қорларына түсуі тиіс төлемдерді де ала алмай отырғандарын айтып шағымданады. Бекболат Дармұхамбетов есімді жұмысшы:

«Зейнетақы ақшасын жыл бойы жалақымыздан ұстап келеді. Ал қаңтар және қысқаруға ұшырағаннан кейінгі берілуі тиіс ақпан, наурыз айларының өтемақысы да жоқ. Жұмысшыдан бөлек ақшасын ала алмай жүрген 6 дәрігер де бар арамызда» деді.

Бұл – КАСКо компаниясына қатысты ұйымдастырылған алғашқы наразылық емес. Жұмысшылар 2013 жылдың қарашасында және 2014 жылдың қаңтарында

Боранқұл тұрғындары күзетіп тұрған көліктердің бірі. Маңғыстау облысы, 2 сәуір 2014 жыл.

жалақыларын төлеуді талап етіп ереуілге шыққан болатын. Олар өздері тұратын аймақтағы ең ірі жұмыс берушінің міндетін орындамауына қатысты арыз-шағымдарының жергілікті билікке жетпей жатқанына да наразы.

«Боранқұлдағы елдің жайын, жұмыссыздықты айтпаған жеріміз қалған жоқ. Жалақымызды ала алмай отырғанымызды айтып прокуратураға да шағымдандық. Аудан, облыс әкімдіктеріне де жаздық» дейді Бекболат.

Әнуар Қоспақовтың сөзінше, КАСКо-дағы жұмыстан босағандардың 80 пайызы – осы Боранқұл ауылының тұрғындары.

«Табысы көп мұнай саласынан ғана жұмыс тауып бер деп отырғанымыз жоқ. Бізге қандай жұмыс болса да бәрі бір. Тек отбасымызды асырасақ болды. Мына жиналып тұрғандардың отбасын қосқанда 500 шақты адам боламыз. Ешқайсысының табысы жоқ. Сонда кімге барып мұң айтамыз?» деді Әнуар шарасыз кейіпте.

«БІР АПТАДА ШЕШІЛЕДІ»

Боранқұл – Маңғыстаудағы ең шалғай ауылдардың бірі. Облыс орталығына баратын жолының сапасы да нашар. Тек аудан орталығы Бейнеуге дейін 110 шақырым. 7000-ға жуық тұрғыны бар ауылдың маңында «Боранқұл» және «Толқын» мұнай кеніштері орналасқан. Ал биылғы ақпанға дейін боранқұлдықтар жұмыс істеп келген КАСКо осы аймақтағы мұнай бұрғылау және өндірумен айналысатын компанияларға қажетті ілеспе қызмет көрсеткен. Жөндеу жұмыстарымен және адам тасымалдаумен айналысқан.

Азаттық тілшісінің КАСКо компаниясының бас директоры Талғат Ақмағамбетовпен кездесуге және сөйлесуге талаптанып жасаған барлық әрекеті нәтижесіз аяқталды. КАСКо-ның құрылтайшысы саналатын «Бейбарыс LTD» компаниясының директоры Қалдар Алмағамбетов те қалта телефонына қанша хабарласқанымызбен сөйлесуге құлық танытпады.

«Бейбарыс LTD» компаниясының басшылығы ең соңғы рет 2013 жылғы қараша айында наразы жұмысшылардың зейнетақы қорына ақшаны толық аударатындарын айтып уәде берген. Бұл ақпарат көптеген жергілікті БАҚ арқылы таратылған.

Азаттық тілшісі әлеуметтік мәселелермен шұғылданатын Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашовқа хабарласқан еді. Оның айтуынша, тендерден ұтылу – нарық заманындағы кәнігі көрініс, ал жұмысшылардың қарызы бір апта ішінде жабылады.
Енді боранқұлдықтар жұмыспен қамту жөніндегі мекемелерге барсын, содан жұмыс іздесін.
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашов.


«Қазір нарық заманы ғой. КАСКо тендерден ұтылды, басқа біреу ұтты. Енді боранқұлдықтар жұмыспен қамту жөніндегі мекемелерге барсын, бос жұмыс орындары туралы шығып жататын хабарландырулар бар, содан жұмыс іздесін» деді Сүйіндік Алдашов телефон арқылы.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары жұмысшылар талап етіп отырған жалақы мен қарыз төлемақыларға қатысты мәселенің бір аптада шешілетінін айтты.

«Жұмысшыларға берілуі тиіс 20 миллионнан астам теңгені КАСКо бір апта ішінде беретін болады» деді ол.

Боранқұлдық Әнуар Қоспақов бастаған 200-ге тарта жұмысшы облыс әкімдігі өкілінің бұл сөзіне илана қоймайтын сияқты. Өйткені әкімнің орынбасары 2013 жылдың желтоқсанында жұмысшылар наразылығынан соң оларға хат жазып, «облыс әкімі өз тарапынан серіктестіктің әрі қарай жұмыс жасауына, 2014 жылы жұмыс көлемімен қамтамасыз етілуіне қолданыстағы заңнамалар аясында ықпал етеді» деп те уәде берген.

КАСКо 1997-2009 жылдар арасында молдавиялық «Ascom Group» компаниясына қарасты болған еді. Сол жылдары «Ascom Group» өзінің еншілес кәсіпорындары

Боранқұлдықтар компанияға қайтармай тұрған техникалар. Маңғыстау облысы, 2 сәуір 2014 жыл.

«Қазполмұнай» және «Толқыннефтегаз» арқылы Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы «Боранқұл» мен «Толқын» мұнай кеніштерінде барлау-өндіру жұмыстарын жүргізіп, мыңдаған тонна мұнай өндірген. Ал «Ascom Group-тың» қожайыны молдавиялық бизнесмен Анатол Статидің есімі көп аузына іліне бастаған.

2009 жылдан бастап қазақстандық құқық қорғау органдары «лицензиясыз, заңсыз кәсіпкерлік жасаған» деген айыппен «Толқыннефтегаз» бен «Қазполмұнай» компанияларының топ-менеджерлеріне қатысты қылмыстық із қозғаған еді. Анатол Стати болса мұны «рейдерлік әрекет» деп сипаттап, биылғы қаңтарда Стокгольм соты арқылы 500 миллион АҚШ долларын өндіріп алу туралы шешімге қол жеткізген болатын.

Молдовандарда жұмыс істеген боранқұлдықтар болса «Ascom Group-тағы» бір кездегі еңбек жағдайын қазақстандық компаниялармен салыстырып әлі күнге аңыз қылып айтып жүр.

«2000 жылдардың басында өте жоғары жалақы алдық. Сыйақы, тоқсандық жалақы дегендеріңіз үзіліссіз беріліп тұрды. Жұмыс жағдайы да керемет еді» дейді Әнуар Қоспақов күрсініп.