Шетелдік гранттар бойынша есеп беру басталды

7-азаматтық форумға келген үкіметтік емес ұйымдар өкілдері. Астана, 25 қараша 2016 жыл.

Шетелдік гранттарды алу және ол қаражатты жұмсау туралы міндетті түрде есеп беру керек деген талап азаматтық сектор өкілдерін алаңдатады, олар билік ісімізге араласуы мүмкін дейді. Ал билікке жақын ҮЕҰ жаңа ережені қолдайды.

Мемлекеттік кіріс мекемелерін шетелдік қаржы мен мүлікті алу келісімі жасалған күні ескерту туралы Қазақстан қаржы министрлігінің бұйрығы (25 қараша) күшіне енді. Қарашаның 2-сінен бастап бұл қаражатты жұмсау жөнінде есеп беру бұйрығы да іске қосылады.

Your browser doesn’t support HTML5

Шетелдік гранттар. Аудиоподкаст.

Азаматтар мен заңды тұлғалар 10 және 15 күн ішінде қаржыны алғаны туралы ескертіп, кейін есеп беруі керек. Бұл жаңалық ең алдымен істеген жұмыстары үшін шетелден грант алатын үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) өкілдеріне байланысты. Олар заңды қызмет көрсетсе, соның ішінде құқықтық ақпарат берсе, азаматтар мен ұйымдардың мүддесін қорғап, ұсынса және кеңес берсе – салық мекемелеріне ескертуге міндеттеледі.

Сондай-ақ «қоғамдық пікірді зерттеу, сауалнама жүргізу, әлеуметтік сауалнамалар жүргізу (коммерциялық мақсатта жүргізілетінінен басқа), олардың нәтижесін тарату және жариялау; көрсетілген іс-әрекет коммерциялық мақсатта орындалғаннан басқа жағдайларды қамтымағанда ақпарат жинау, талдау және тарату» да қамтылған.

«Сорос-Қазақстан» қоры бейбіт жиналыстар, митингілер мен шерулер тақырыбына жариялаған эсселер байқауының жеңімпаздарын марапаттап жатыр. Алматы, 27 қаңтар 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Ескертулер мен есеп беру талаптары мемлекеттік мекемелер мен жауапты мемлекеттік қызметте отырған тұлғаларға, парламент және мәслихат депутаттарына, әскери қызметкерлерге, полиция қызметкерлеріне, екінші деңгейлі банктерге, мектепке дейінгі және орта білім беру орындарына, т.б. қатысты емес.

Қаржы министрлігінің бұйрығында айтылғандай, салық мекемелеріне «тапсырыс берген шетелдік тұлғалар немесе халықаралық және шетелдік ұйымдар туралы ақпарат беру керек, олардың қаржысы арқасында алынған ақпарат қашан және қалай әзірленіп, таратылғаны» туралы айту керек.

Бұл ескерту мен есеп беру ережесін бұзғандарды жазалау мәселесі салық кодексінде баяндалған. «Егер мерзімінде мемлекеттік кіріс мекемелеріне шетелдік компаниядан ақша алғаныңыз туралы ескертпесеңіз, ақшаны жұмсау туралы есепті ұсынбасаңыз немесе уақытында өткізбесеңіз, 50-ден 350 АЕК (айлық есептік көрсеткіш - ред.) сомасында айыппұл салынады».

«БӨГДЕ ИДЕЯЛАР»

«Қазақстанның азаматтық альянсы» президенті Нұрлан Ерімбетов шетелдік қаржыландырудың ешбір үлгісін құптамайды. Оның пікірінше, шетелден келген ақшамен бірге «бөтен идеялар да кіреді».

- ҮЕҰ-ға мемлекет, біздің үкімет, қоғам көмектесуі керек, шетелден ақша алмауы қажет. Қазір Ресей де ондай ақшаны алмайды, ішкі қаржысын қолданады. Себебі, бөтен ақшамен бірге жақсы идеямен қатар рухымызға, мінез-құлқымызға теріс идеялар да келуі мүмкін, - деді Азаттыққа пікір білдірген Нұрлан Ерімбетов.

"Қазақстанның азаматтық альянсы" президенті Нұрлан Ерімбетов (сол жақта) Қазақстан ҮЕҰ-лары жетістіктері көрмесін көрсетіп жүр. Астана, 25 қараша 2016 жыл.

«Қазақстанның Азаматтық альянсы» құрамына (интернеттегі ақпарат бойынша) мыңдаған ҮЕҰ кіреді екен. Өзін қоғамдық деп атайтын ұйымдар бірлестігі Қазақстан билігі бекіткен бұл ережелерді құптайтынын жасырмайды. Өткен аптада Астанада өткен 7-азаматтық форумда «Қазақстанның азаматтық альянсы» мүшелері түрлі бағдарламаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттің толыққанды әріптесі болғысы келетіндерін айтты.

Оның жетекшісі Нұрлан Ерімбетов Қазақстан үкіметінің USAID сияқты ұйымдармен денсаулық сақтау, экономикалық әлеует және адам құқығы саласында бірлесе әрекет етуіне де басқаша қарайды.

- Сауалнамалар, әлеуметтік зерттеулерді өз ақшамызға жасауымыз керек. Бұрын кедей ел едік, қазір оның бәріне шамамыз жетеді, - дейді Нұрлан Ерімбетов.

«БАУ ТАҒУ»

Алматыдағы «Либерти» қоғамдық қорының құқық қорғаушысы Ғалым Ағелеуов ҮЕҰ-ға қатысты соңғы жаңалықты репрессиялық үкім деп атайды. Оның пікірінше, азаматтық ұйымдарды діни ұйымдармен «бір министрлікке қаратып қойғаны, оны ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері» басқарып отырғаны кездейсоқтық емес. Аталған ұйымды Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметін атқарған Нұрлан Ермекбаев басқарып отыр.

- Меніңше, бұл - қажетсіз шара, үкіметтік емес ұйымдар онсыз да тоқсан сайын салық мекемелеріне есеп береді. Ақпараттың бәрі анық көрсетіледі. Сұрағы болса, кез келген уақытта келіп сұрай алады. Бұл қажетсіз, артық шара, мемлекеттік мекемелерге тәуелділікті күшейтіп, олардың қызметіне араласу үшін жасалды, бізге қысқа бау тағып қойды, - дейді Ғалым Ағелеуов.

Қоғамдық белсенді Ғалым Ағелеуов. Алматы, 6 қазан 2014 жыл.

Оның айтуынша, Астанадағы билік қалаған уақытында шетелдік мемлекетпен жасалған шартты орындауға кедергі келтіре алады, себебі ҮЕҰ туралы жаңа заң күшіне енгелі бірегей оператор пайда болды, ол бәрін бақылайды және гранттың бәрі сол арқылы өтеді.

- Бұл - мемлекеттік мекеме, бәрін бақылап: «Міне, сіздерге береміз, ал сендерге жоқ» дейді. Мемлекет өзі ғана шешім қабылдайды, бұл өте нашар, теріс әрекет, еркіндік болмайды, - дейді Ғалым Ағелеуов.

«Қадыр-Қасиет» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, астаналық Анар Ибраева осы хабарландыру мен есеп беру арқылы ҮЕҰ-ны қаржыландыру көздері туралы толық ақпарат жинап алмақ дейді. Әзірге Астана билігі шетелдік грантты алуға тікелей кедергі жасай алмай отыр, «бірақ оны шектеу жолын тапты».

- Мысалы, бүгін шартқа отырдым делік, 10 күннен соң хабарландыру жіберуім керек, егер қандай да бір сомасы өзгерсе, кез келген өзгеріс болса – қосымша хабарлауым керек. Олар «Мына ұйыммен шартқа отырмайсыңдар» деп айта алмайды. Азаматтық шарт және азаматтық кодексте бұл еркіндік жазылған. Бірақ кейін қандай да бір қосымша міндеттерді есепке алып, салық тапсыртуы мүмкін, қазір бізде салық тексеру қыркүйектің 1-інен басталады, - дейді Анар Ибраева.

Құқық қорғаушы Анар Ибраева (ортада). Алматы 27 қыркүйек 2013 жыл.

Анар Ибраева мен Ғалым Ағелеуовтің ұйымдарын бірнеше айдан бері салық мекемелері тексеріп жатыр. Құқық қорғаушылардың айтуынша, тексеріс бірде тоқтайды, біресе қайта басталады, бірақ нақты нәтижесі әлі шықпады.

Анар Ибраеваның айтуынша, Қазақстанда әзірге Ресей мен Қырғызстандағы сияқты шетелден грант алған ҮЕҰ-ны «шетелдік агенттер» деп атау жоқ. Бірақ азаматтық сектор қызметінің «өрісін тарылту» шаралары басталған .

Мақаланы орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.