Халықаралық Open Dialog қоры Жаңаөзен соты жөніндегі есебін жариялады

Your browser doesn’t support HTML5

"Жаңаөзен ісі" бойынша сот шешімі

Польшада орналасқан халықаралық Open Dialog қоры Жаңаөзен оқиғасына байланысты тергеу жайлы есебін жариялады. Есеп "Ақтаудағы сот процестері: тергеу барысындағы азаптаулар туралы куәліктер" деп аталады.

Азаттық тілшісі Польшадағы Open Dialog қорына хабарласқан еді. Ұйым төрағасының орынбасары Людмила Козловска Еуропада маусымның 19-ы күні жарияланған есепке "Қазақстан билігі тарапынан ешқандай реакция болмағанын" айтты. Есеп "Еуропарламентке жолданып, сол күні талқыланған".

Халықаралық қордың есебінде Жаңаөзен және Шетпе оқиғалары бойынша "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды және оған қатысты" деп айыпталған сотталушылардың тергеу кезінде "жантүршігерлік азап көргені" айтылған.

АЗАП КӨРГЕНДЕР СӨЗІ

"Сотталушы мұнайшылар өздерін тергеу кезінде ұрып-соғып, қорқытып-үркітіп, қорлап мойындатқанын мәлімдеді" деп жазады есеп авторлары. Open Dialog сотталушылардың әрқайсысының азаптау туралы сотта айтқан сөздерін келтірген.

Есеп Мақсат Досмағамбетовтың (6 жылға сотталған азамат - ред.) «…Бізді изоляторға алып келгенде ұрып-соқты, қорлады, бірақ құқық қорғаушы орган өкілдеріне айтқан шағымдарымыз ескерусіз қалды» деген сөзінен басталады.

Жаңаөзен оқиғасы бойынша өткен сот. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл. Фото "Лада.кз" сайтынан алынды.


"Бізді Жаңаөзен полициясының жертөлесіне кіргізді. Жалаңаш шешіндірді, суық су құйып, бес минут сайын ұрып-соғып тұрды. Содан кейін қайтадан суық су құйып, суық еденде жалаңаш жаттық. Семіз адам үстімізге шығып алып, секірді. Осылайша бірнеше сағат жалғасты. Мен қатты ауырып, жедел жәрдем шақыртуға тура келді" деп куәлік береді Есенгелді Әбдрахманов есімді азамат.

Ал Таңатар Қалиев (4 жылға сотталған - ред.) "Қан-жоса болдым. Еден де қанға боялды. Ұйықтатпай тергеді. Адвокат болмады. "Егер айтып берсең, сені жібереміз. Отбасың, үйің аман болады" деді. Мен оларға жалынып жыладым..." дейді.

Есепте абақтыдағы азаптау оқиғаларына қатысты 21 адамның айтқандары берілген. Ол куәліктерде "тапанша тіреу", "суық су құю", "целлофан дорба кигізіп тұншықтыру", "степлермен құлақ тесу", "қабырғаға басын ұру", "батарейкаға байлап ұру", "үш-төрт адамнан жабылып ұру", "суық еденге жалаңаш жатқызу", "жатқан жерінен үстіне шығып секіру", "іш пен бүйректен ұру", "темірмен ішін езу", "қызыңды зорлап кетеміз" деген сияқты отбасы мүшелеріне қауіп төндіретіндерін айтып бопсалау" секілді азаптау түрлері айтылған.

ЕСЕП ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Open Dialog қоры тергеудегі осы тәрізді азаптауларды баяндай келе: "Біріншіден, ең ауыр жаза жария белсенділік көрсеткен адамдарға берілді. Мысалы, Роза Төлетаева (7 жылға сотталған - ред.) мұнайшылар ереуілі туралы жария түрде комментарийлер берген. Ол ереуіл кезінде сөз сөйлеген және негізгі белсенділердің бірі болған. Ал Талғат Сақтағанов (4 жылға сотталған - ред.) Open Dialog қорының шақыртуымен Еуропарламент пен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) мәжілістеріне келіп, мұнайшылар жағдайын баяндады. Таңатар Қалиев сотта тергеудегі азаптауларды ашық айтты" деп мәлімдеген.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа полицейлер ереуілшілерге қалай оқ атқандарын айтып тұр. Жаңаөзен, 22 желтоқсан 2011 жыл.


Есепте сотқа халықаралық бақылаушылардың қатысуына кедергі жасалғаны айтылады.

Бұл құжатта полицейлер соты, Шетпе оқиғасы бойынша өткен сот, Жаңаөзен изоляторының бастығы Теміровтің соты туралы жеке-жеке баяндалған.

Open Dialog қоры есепті қорытындылай келе, "тергеу кезінде айыпталушыларға физикалық және психикалық қысым жасалғанын, мұның өзі қазақ сот-құқықтық жүйесінің әділетсіздігін көрсететінін, қазақ билігінің "халықаралық стандарттар мен міндеттемелерді орындап отырмыз" деген мәлімдемелеріне күмән тудыратынын" жазады.

"Қазақстан көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша бірқатар міндеткерліктер алған. Сот процесі кезінде мәлім болған заң бұзушылықтарды ескере отырып, Қазақстан республикасы бұл міндеттемелерін орындамай отыр деп айтуға болады" дейді Open Dialog қоры.

Қордың төраға орынбасары Людмила Козловска әзірге "Қазақстан билігі тарапынан ешқандай реакция болмағанын" айтты.

ҮКІМДЕР

2012 жылы мамырдың 17-сінде Жаңаөзен абақтысының бұрынғы басшысы Жеңісбек Теміров бес жылға сотталды.

Мамырдың 21-інде Шетпе оқиғасы бойынша, Қажымұрат Әбезов – 7 жылға, Ержан Мәмбетов – 5 жылға, Ғабиден Бақытжан – 5 жылға, Нұрболат Сабырбаев – 4 жылға сотталды. Қасым Ермұқанұлына екі жыл шартты жаза берілді. Рақымшылық заңмен босатылғандар - Бекберген Жылқышиев, Қуаныш Төлеуов, Дүйсенбек Сәдіғұлов, Асылбек Төлеев, Есенқос Дұрысбаев, Асан Әдиев. Сот бір айыпталушы – Жұмабек Мырзатаевты толық ақтады.

Мамырдың 28-інде, полицейлер сотында шыққан үкімі бойынша, полиция полковнигі Қабдығали Өтеғалиев - 7 жыл, полиция подполковнигі Бекжан Бағдабаев – 6 жыл, полиция майоры Ерлан Бақытқалиұлы - 6 жыл, полицияның аға лейтенанты Ринат Жолдыбаев – 6 жыл, полиция капитаны Нұрлан Есбергенов – 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Баласы Нарын Жарылғасынов 6 жылға сотталған Сандор Ақтаева сот ғимаратында жылап отыр. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл.


2012 жылы маусымның 4-інде Жаңаөзен оқиғасы бойынша 37 адамның үстінен сот үкімі шықты.

Сот Ертай Ермұқанов, Жеңіс Бапилов пен Мэльс Сарыбаевты ақтады.

Данат Мұрынбаев рақымшылықпен босатылды.

Карл Бекжанов - 2 жыл, Айбек Мұңайтпашев - 2 жыл, Әділбек Шамов - 3 жыл, Есенгелді Әбдірахманов 3 жылға сотталып, рақымшылық заңымен сотталып, босатылды.

16 адам 2 жыл мен 3 жыл аралығындағы мерзімге шартты түрде сотталды. Екі айыпталушыға 2 жылдан қосымша сынақ мерзімі кесілді.

13 адам 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Олар: Роза Төлетаева - 7 жыл (еңбекпен түзеу колониясына), Мақсат Досмағамбетов - 6 жыл, Нарын Жарылғасынов - 6 жыл, Қанат Жүсіпбаев - 6 жыл, Шабдал Өткелов - 5 жыл, Таңатар Қалиев - 4 жыл, Талғат Сақтағанов - 4 жыл (еңбекпен түзеу колониясына), Нұрлан Асқарұлы - 3 жыл, Марат Аминов - 3 жыл , Қайрат Әділов - 3 жыл, Жарас Бесмағамбетов - 3 жыл, Бауыржан Непес - 3 жыл, Мұрат Қосбармақов 3 жылға бас бостандығынан айырылды.