Сарытөбе ауылындағы тасқыннан кейінгі тіршілік

Шолақ үш көшесі ғана бар, 600-ден астам адам тұратын Сарытөбе ауылы. Қарағанды облысы, 2016 жылдың қазаны.

Былтырғы су тасқынынан кейін Қарағанды облысындағы Сарытөбе шағын ауылында тіршілік біртіндеп қалпына келе бастаған. Кей тұрғындар жаңа үйге қоныстанған, әлгі үйлерде прогрестің нышаны - әжетхана мен жуынатын бөлме бар. Бірақ әлі шешілмеген проблемалар да көп.

Сарытөбе – шолақ үш көшесі ғана бар шағын ауыл. Ол Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында орналасқан, Көкпекті ауылдық округіне қарайды. Сарытөбе халқының саны - 644 адам.

Сарытөбеге жұрт жолсызбен барады. Тұрғындардың айтуынша, былтырғы тасқыннан кейін жол тіпті нашарлап кеткен. Соның кесірінен таксистер ауылға келгісі келмейді, ал жергілікті тұрғындар «бұл жерде жол талғамайтын көлікпен ғана жүруге болады» деп әзілдейді. Ойдым-ойдым жолмен секіректеп келе жатқан көліктің дыбысы алыстан естіледі.

Сарытөбеге кіретін жол.

Азаттық тілшісі жолдың кей тұстарына құмға ұқсайтын бірдеңе себілгеніне назар аударды. Кейін ауылдың кіре беріс тұсына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қиыршық тас төселгені, жол жиегін бекітіп, жолды түзеткені анықталды. Ресми дерекке сәйкес, «Аймақтарды дамыту» бағдрламасы аясында бұл жұмыстарға 590 мың теңге бөлінген.

Біз ауылға келген жексенбі күні жел тұрып, күн суық болды. Соның кесірі болар, көшеден бірер адамды ғана жолықтырдық. Олардың әңгімесінен сарытөбеліктер өз ауылын ең нашар, ең кедей ауыл деп есептемейтіні аңғарылады. Олардың айтуынша, ең негізгі проблема - дұрыс жолдың, балалардың бос уақытын өткізетін орындардың, жақсы жұмыстың жоқтығы - жұрттың көбі аудан орталығына немесе маңайдағы қалаларға барып жұмыс істеуге мәжбүр

СУ ТАСҚЫНЫ ЗАРДАПТАРЫ

Қарағанды облысындағы өзге де көптеген елдімекендер секілді 2015 жылы Сарытөбе ауылы да су тасқынынан қатты зардап шегіп, көп үй қираған болатын. Сарытөбе тұрғындарын қауіпсіз жерге ауылдан поезбен әкеткен.

- Ол ауылда тасқыннан 44 үй бүлінді. 17 үй апатты деп танылып, оның орнына 12 үй салынды. Үйдің құжаттары дұрыс болмай шыққан бес үйге қордан материалдық көмек бөлінді, - дейді жағдайды түсіндірген Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Руслан Нұрмұханбетов.

Қираған үйінің құжаттары дұрыс болмай шыққан тұрғындардың көбі маңайдағы қалаларға көшкен. Әлгі адамдарға билік жаңа үй салып бермей, бөлінген өтемақыны өзге баспана сатып алуға жұмсауды ұсынған.

Сарытөбедегі су тасқыны кезінде «Әлихан» шаруа қожалығы иесі Борис Евстратовтың отбасы саманнан соғылған ескі үйінен айырылған, бірақ орнына жаңа үй салып берген. Иелерінің айтуынша, үйдің жалғыз кемшілігі - едені суық әрі сылағы түсіп жатыр. Үйдегі жөндеу жұмыстары әлі күнге аяқталмаған - Евстратовтар құрылысшылардан қалған кем-кетікті түзетіп, кей тұстарын өз қалауынша жасап жатыр.

Бүлінген баспананың орнына салынған жаңа үй. Қарағанды облысы Сарытөбе ауылы, 2016 жылдың қазаны.

Олар «енді үйде жылы еден мен әжетханасы бар жуынатын бөлме болады» деп қуанады. Азаттық тілшісімен әңгімелескен отағасы биліктің назарын аударғысы келетін проблемаларды, оның ішінде бөгет жайын қозғады.

- Бөгетті былтырғы су шайып кеткен, ал оны әзірше ешкім қалпына келтірмей отыр. Оның суы бау-бақша, егістікті суару үшін пайдаланылатын. Бұрын жұрттың күнкөріс көзі болған егістік алқаптары көп еді. Картоп және өзге көкөністердің бәрін өсіретін. Бізде бірдеңе өсірер едік. Суын пайдалану үшін бөгетті қалпына келтірсе жақсы болар еді. Оның үстіне, кентте қазір ешкі қора салып жатыр, кейін ешкі сауатын болады, оларға шалғын, нәрлі шөп керек қой, - дейді Борис Евстратов.

Бөгетті былтырғы су шайып кеткен, ал оны әзірше ешкім қалпына келтірмей отыр. Оның суы бау-бақша, егістікті суару үшін пайдаланылатын. Бұрын жұрттың күнкөріс көзі болған егістік алқаптары көп еді.

Былтырғы су тасқынынан Сарытөбедегі әлеуметтік нысандар да зардап шеккен. Биылғы қазанның 1-іне дейін ауылда әлеуметтік шағын орталық жұмыс істеген, бірақ оған барып жүрген бірнеше бала қазір үйде отыруға мәжбүр. Бұқар жырау ауданы әкімдігі дерегінше, «бөлмедегі ылғал санитарлық нормалардан асып кеткенін» анықтаған тексеруден кейін шағын орталықтағы сабақтарды тоқтатуға тура келген. Азаттық тілшісінің шағын орталықтың келешегіне қатысты сұрағына әкімдік өкілдері «орталықты жөндеуге ақша бөлу мәселесі келесі жылдың жоспарында қаралады» деп жауап берді.

92 бала оқитын шағын мектеп. Қарағанды облысы Сарытөбе ауылы, 2016 жылдың қазаны.

Әлгі шағын орталықтың ғимаратында ертеректе болған медпункт те жабық тұр. Енді ауыл тұрғындарына медициналық көмекті үйге келетін медбике көрсетеді. Бірақ билік «бұл - уақытша қолайсыздықтар» дейді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, амбулатория ашуға бөлме бөлу мәселесі қаралып жатыр.

Сарытөбедегі сабақ аралас тілде оқытылатын жалғыз мектептің 92 оқушысы оқуды қазан айында бастаған. Өйткені 1953 жылы салынған мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге тура келген.

Сарытөбедегі дәрігерлік қызмет көрсететін орын.

Әкімдік дерегінше, 2016 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша мектепті күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен 32 миллион теңге бөлінген. Бұл ақшаға ғимараттың іргетасын нығайтып, шатырын, едені мен есіктерін ауыстырған, пластик терезелер орнатып, электр сымдар мен шамдарды жаңалаған, ішкі және сыртқы қабырғаларын сылап, әктеген. Жергілікті биліктің сөзінше, қазір мектепті жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

ЖОЛ МЕН ЖҰМЫС ЖАЙЛЫ АРМАНДАР

Біз ауыл тұрғыны Оксана Идиятуллинаны баласымен серуендеп жүрген кезінде жолықтырдық. Оксана сегіз жылдан бері - тұрмысқа шыққалы Сарытөбе ауылында тұрады. Отбасының өз шаруашылығы бар. Екінші баласы дүниеге келгеннен кейін Оксана әзірше үйде отыр, бұрын Майқұдыққа барып жұмыс істеген. Жас келіншек «тұрмысқа шыққанға дейін жағдайы Сарытөбеден тәуір Ботақара кентінде тұрғанмын» дейді.

- Алғаш келгенімде «қайда келдім» деп ойладым. Мұнда бос уақытыңда баратын орын да, жөні түзу жұмыс та жоқ. Мектеп пен дүкенде еден жуушының жұмысы ғана бар. Күйеуім Ботақара кентіндегі құс фабрикасында жұмыс істейді. Ауылдың кей тұрғындарында өз шаруашылығы бар, мал сатумен айналысады. Сарытөбеге келетін жол мүлде нашар, автобустар мұнда кірмейді, алысқа тоқтайды. Жұрт әлгі жерден әупірімдеп ауылға келеді, - дейді Оксана Азаттыққа.

Ойнап жүрген балалар. Қарағанды облысы Сарытөбе ауылы, 2016 жылдың қазаны. (Көрнекі сурет)

Оксана мен өзге тұрғындардың айтуынша, ауылда электр жарығы үзілмейді. Суды құдықтан алады. Жұрттың көбінің үйіндегі әжетхана сыртта. Ал су тасқынынан кейін салынған үйлердің тұрғындары әжетхананы үйдің ішіне орнатып жатыр.

- Негізі, бізде тыныш, осы ауылға келгелі әлдебір қылмыс жасалғанын естімеппін. Қалаға қарағанда, ауасы таза. Жазда өз бағымызда серуендейміз, онда ағаш көп, - дейді Оксана.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, бұрын Сарытөбеде жер үйлер (жеркепе) де, адамдар да көп болған. Бірақ 1990-жылдары тұрғындардың көбі Германия, Ресейге эмиграцияға кеткен. Қазір ауылда 600-ден аса адам тұрады. Сарытөбеліктер көбінесе қосалқы шаруашылық есебінен күнелтеді. Ауылда үш дүкен және мал шаруашылығы, өсімдік шаруашығы, көкөніс баптаумен айналысатын 12 шаруа қожалығы бар.