Оңтүстікте «ұлтаралық мәселені шешетін» мекеме ашылған

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Ынтымақ ауылының тұрғыны Әділжан Хасановтың өртенге үйі мен екі көлігі. 10 ақпан 2015 жыл.

Сарыағашта Артықов есімді азамат кісі қолынан қаза тапқан кезде шыққан жанжалдан бері бір жыл өтті. Қылмысқа айыпты деген адам сотталса да, марқұмның туыстары «шындыққа жете алмағандарын» айтады.

2015 жылы ақпанның 4-іне қараған түні Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Бостандық ауылына жақын маңнан мәйіті табылған Бақытжан Артықовтың анасы Бибіайша Абдунасирова бір жылдан бері «шындыққа жете алмай жүргендерін» айтады.

Мақаланың аудио-подкастын тыңдауыңызға да болады:

Your browser doesn’t support HTML5

Сарыағаш оқиғасына - 1 жыл

- Бір күн ауру, бір күн сау, күйікпен отырмыз. Аяғымыз жеткен жерге дейін барып айттық. Бірақ шындыққа жете алмадық. Соттан да шындық таппадық, – дейді Бибіайша Абдунасирова.

1985 жылы туған Бақытжан Артықовтың өліміне 1976 жылы туған Навмидин Нарметов есімді азамат айыпты деп танылып, ол былтыр маусымда 18 жылға сотталған еді. Марқұмның қарындасы Айнұр Артықова бұл шешімге разы емес.

- Бүгінге дейін не моральдық, не материалдық шығын өтелмеді. Соттан аса ауыр қылмыс жасаған Навмидин Нарметовті өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын сұраған едік, ол да жайында қалды. Соттың өзінде шындықтың түбіне жете алмаған соң қойдық, – дейді Айнұр Артықова.

Сарыағаш оқиғасы жөніндегі Азаттық сюжеті:

Кісі өлімінен кейін Нарметовтің жақын туыстары мен ауылдағы тәжік диаспорасы Артықовтар отбасынан кешірім сұрағаны хабарланған.

Айнұр Артықова былтыр бауырының қазасынан кейін, 2015 жылы ақпанның 5-інде Ынтымақ пен Бостандық ауылдарында қазақ жастары жаппай көшеге шығып, сол ауылдағы жергілікті этникалық тәжіктерге тиесілі ондаған үй мен көліктер өртеген оқиғаны есіне алды. Артықов – қазақ ұлтының, Нарметов тәжік ұлтының өкілі болған.

- Бұл оқиғадан кейін ауылда тыныштық орнатты дегені болмаса, тұрғындардың бір-біріне деген көзқарасы өзгерген, – дейді Айнұр Артықова.

«ТҰРМЫСТЫҚ КИКІЛЖІҢ» ЖӘНЕ «БАСҚА ОЙЛЫ ТҰЛҒАЛАР»

Ал Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Құдірет Қыстаубаевтың сөзінше, қазір Ынтымақ ауылында «бірен-саран келіспеушілікті айтпағанда, толықтай тыныштық орнаған, қауіп-қатер жоқ».

- Ауылда қазақ және тәжік ұлты өкілдерінен құрылған қоғамдық кеңес пен көше комитеттері жұмыс істеп жатыр. Қазір Ынтымақта жағдай өте жақсы. Ауыл халқы диқаншылықпен айналысады. Барлығы мұрнымен жер сүзіп, диқаншылығын жасауда. Ол жарықтықтарда саясатты бүлдіретіндей артық уақыт жоқ, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Бақытжан Артықовтың өліміне айыпты деп танылған Навмидин Нарметов сотта отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы, 18 маусым 2015 жыл.

Құдірет Қыстаубаев былтыр Ынтымақ пен Бостандық ауылдарында болған жанжалды «екі адамның арасындағы тиын-тебеннен туындаған мәселе» деп сипаттайды.

- Қазақ азаматы дүниеден өткен соң біршама қарсылық, келіспеушілік болды. Бастысы – бұл ұлтаралық мәселе емес. Бұл жерде басқа аймақтардан келген азаматтар да көп болды. Өз басым «мұндай күш, мұндай бір қозғалыс – бізге керек болған дүние» деп ойлаймын, – дейді Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Құдірет Қыстаубаев.

Ол Азаттық тілшісінің «Басқа аймақтардан келген адамдар» мен «керек қозғалыс» жайлы сөздерін тарқатып айтсаңыз» деген сауалына жауап бермей қойды.

«Сарыағаштағы оқиға ұлттар арасындағы мәселеден емес, тұрмыстық мәселеден туындағанын» Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының қоғамдық келісім коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ербол Байқонақов та айтты.

- Екі азаматтың арасындағы тұрмыстық кикілжіңге кейбір жекелеген топтар немесе басқа бір ойды көздеген тұлғалар ұлтаралық сипат бергісі келді. Бүгінге дейін біздің мекеме, әкімдік пен өзге ме мемлекеттік органдар жұмыс жүргізді. Қазір ол жерде қандай да бір проблемалық мәселе жоқ деуге болады, – дейді Ербол Байқонақов.

Ол «жекелеген топтар» мен «басқа бір ойды көздеген тұлғалар» жайлы егжей-тегжейлі айтпады.

Сарыағаш оқиғасы кезінде өртенген үйдің бірі. 11 ақпан 2015 жыл.

Облыс әкімдігі аймақта «ұлтаралық мәселе жоқ» екенін мәлімдегенімен, Сарыағаш оқиғасының бір жылдығы қарсаңында – биыл қаңтарда Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен «Қоғамдық келісім» деген коммуналдық мемлекеттік мекеме ашқан. Ол мекеме өңірде ұлтаралық мәселе туса, соны шешуге кіріспек.

- Облыста 3 миллионға жуық адам бар. Бүгінде аймақта ұлтаралық мәселе жоқ деп есептейміз. Тек тұрмыстық кикілжіңдер бар. Бұл кикілжіңдер ушығып, мысалы, Сарыағаш оқиғасы сияқты мәселеге айналмауы үшін жұмыс істейміз, – дейді «Қоғамдық келісімнің» медиаторы Хасан Бачиев.

2015 жылы ақпанның 4-іне қараған түні Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Бостандық ауылына жақын маңда Бақытжан Артықовтың мәйіті табылған. Марқұмның өліміне көршілес Бостандық ауылы тұрғыны Навмидин Нарметов күдікті деп танылған. Осы оқиғадан кейін Ынтымақ пен Бостандық ауылдарында қазақ жастары жаппай көшеге шығып, сол ауылдағы жергілікті этникалық тәжіктерге тиесілі ондаған үй мен көлікті өртеген.

Күдікті Навмидин Нарметов арада бірнеше күн өткенде Өзбекстан аумағында ұсталып, Қазақстанға жеткізілген. Облыстық ішкі істер департаменті «кісі өліміне Нарметовтің Артықовтан жылыжайын жалға алуына байланысты туындаған дау себеп болған» деп хабарлаған. Оңтүстік Қазақстан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2015 жылы маусымның 18-і күні Навмидин Нарметовті 18 жылға соттауға үкім еткен.

Сарыағаш оқиғасы жайлы «Еркін сөз» бағдарламасы:

Сарыағаш жанжалының себептері (1-бөлім):

Сарыағаш жанжалының себептері (2-бөлім)

Сарыағаш жанжалының себептері (3-бөлім)