Шаңырақ оқиғасына 14 шілдеде бес жыл толды. Алайда қарапайым тұрғындар мен полицияны қақтығыстырған жер дауы әлі толастаған жоқ.
2006 жылы үйінен айырылған Шаңырақ тұрғындарының бірі Назгүл Базарбаева қазір қызының қолында тұрып жатыр екен.
«ТӨРТ МЫҢ ҮЙДІ ЗАҢДАСТЫРДЫҚ»
– 2006 жылы үйді келіп күреп тастады. Ол кезде күйеу баламның көзі тірі еді, – дейді алпысты алқымдаған Назгүл Базарбаева. – Сонан соң қайтадан жанталасып, үйді саман кірпіштен жарым-жартылай тұрғызды. Аяқтай
алмады, күйеу балам жол апатынан қаза болды.
Ол үйдің техникалық құжаттарын әлі жасата алмай отырғанын айтты.
Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоровтың айтуынша, мыңға жуық үй расында да техникалық құжат алмаған. Олар тек жер теліміне иелік ету үшін берілген мемлекеттік актімен отыр. Мұның себебі «үйлердің басым бөлігі саман кірпіштен салынған, құрылыстық нормаға сай емес» деп түсіндірді аудан әкімі.
– Біз алғаш аудан болып құрылған кезде 4523 үй заңдаспаған болатын. Қазір соның 4 мыңға жуығы заңдасты. Қалған үйлер әлі күнге дейін «қызыл сызықта» тұрып жатыр. Сол үшін қазіргі күні Қарасу ықшам ауданынан үйлер салып жатырмыз. Сонан кейін бұл мәселеге нүкте қоямыз, – дейді Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров.
«САЙЛАУ ҮШІН ТІРКЕУГЕ ТҰРҒЫЗДЫ»
Үйінің құжаты жоқ Назгүл Базарбаева жиендеріне тиесілі жәрдемақыны Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданынан алып отырғанын айтты. Қызы мектепте бастауыш сыныптың мұғалім екен. Тіркеудің жоқтығынан балаларын балабақшаға да орналастыра алмаған.
– Президент сайлауының алдында осындағы тұрғындарды жанталасып мектепке, әкімшілікке тіркеуге тұрғызды. Мына жетімектер ол тіркеуге де іліне алмады, – деген Назгүл Базарбаева Алматы қаласы бойынша президентке ең көп дауыс берген Алатау ауданы екенін айтты.
– Бірақ тіркеуде болмасақ та, Шаңырақтың тұрғыны ретінде президентке дауыс бердік. «Кімсің, қайда тіркеудесің?» деп ешкім сұраған жоқ болатын. Енді жиендерімді балабақшаға тұрғызайын десем тіркеу сұрайды. Бірақ баласын түу Алматыдан осындағы балабақшаға «Хаммермен» алып
келетіндер бар. Олардың тіркеуі сонда Шаңырақта ма? – деп таңырқайды қарт ана.
Шаңырақ тұрғындарын уақытша мектепке, әкімшілікке тіркеуге тұрғызғандарын аудан әкімі де жоққа шығармады. Бірақ сайлауға қатысы жоғын айтады.
– Мұның сайлауға еш қатысы жоқ. Былтырғы жылдан бастап әкімшілікке 2000-ға жуық адамды уақытша тіркеуге тұрғыздық. Үйлерін заңдастырып алғанша деп. Сосын мектепке отырғыздық. Бұл жерде алдымен көп балалы аналар, мүгедек баласы бар аналар және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар назарға алынды, – дейді Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров.
ЖОЛ МЕН СУ
Шаңырақ тұрғындарының бірі өзін Дайрабай деп таныстырды.
– Үйлердің техникалық құжатын ала алмасақ та әйтеуір көк қағазды (жер теліміне иелік ету үшін берілетін мемлекеттік акт – Азаттық) қолымызға тигіздік қой. Бірақ істелінбей жатқан жұмыс әлі көп. Мәселен, мына жолдар мүлдем жөнделмеді. Жаңбырлы күні лайдан аяқ алып жүре алмайсың. Ауыз су мәселесі де толық шешілген жоқ, – дейді Дайрабай.
Шаңырақ тұрғындары қазір өз күштерімен үйлеріне ауыз су құбырын тартып жатыр екен.
– Үй басы 60 мың теңгеден ақша жинап, шамамызша су тартып жатырмыз. Әкім «өздерің тартып алсаңдар – қарсылығымыз жоқ, сіздер үшін ауыз суға ақша бөлінген жоқ» деген болатын, – дейді ауыл тұрғындары.
Тұрғындардың айтуынша, 2006 жылғы оқиға болған сайды «Шаңырақ-1» ауылында орналасқан дарынды баларға арналған спорт мектебінің ашылу салтанатына президент келеді» деп, әкім өзі бас болып тегістеткен екен.
– Жол бойында өзін күтіп тұрған халыққа Назарбаев қолын бір көтерді де өте шықты. Бар кездесуіміз сол болды. Ал жол мәселесі одан кейін сөз де болған емес, – дейді ауыл тұрғындары.
Ал аудан әкімі:
– Үш жылда 48 миллиард теңге жұмсалды. Оның негізі жол жөндеуге кетті. Аудан бойынша 560-қа жуық көше бар. Оның 257-і жөнделді. Ал, су мәселесіне келсек, шетінен тартып жатырмыз. Ретімен бәрін жасаймыз.
Әрине, 20 жылда жасалынбаған дүниені үш жылда жасау мүмкін емес, – дегенді айтады.
«ӨЛГЕН ӘКЕСІНІҢ ЖЕРІ ЖОҚ» ДЕГЕН АНЫҚТАМА КЕРЕК
Халық 2005-2006 жылдары Шаңыраққа іргелес жатқан «Красный трудовик» деп аталатын жерден де үйдің іргетасын құйып, сегіз сотықтан жер телімдерін заңсыз иемденіп алған екен. Алатау ауданы әкімшілігінің жанынан арнайы комиссия құрылып, сол жерлерді заңдастыруды ақпан айынан бастап қолға алған. Алайда жұрт комиссияның ісіне наразы. Істі әділ жүргізбегенін, «бармақ басты, көз қысты» болып жатқанын айтады.
– Бес балам бар. Көпшілікпен бірге «Красный трудовиктен» біз де екі жер телімін алып, фундамент құйған болатынбыз. Өткен жылы сол жерді заңдастырады екен деген сөз шыққаннан кейін құжаттарымызды өткізіп едік. Бірақ комиссияның қарауынан өтпей қалды, – дейді Тұрғанғали есімді ақсақал.
Жоғарыда сөз еткен Назгүл Базарбаеваның Болат деген ұлы да «Красный трудовиктен» жер телімін иемденгендердің бірі екен.
– 2007 жылы легализациядан өткізіп алайық деп әкімшілікке өтініш те жазған болатынбыз, – деп Назгүл Базарбаев сол кезде жазған өтініштерін көрсетті. Бірақ биылғы құрылған комиссия Болат Базарбаевтың жерін заңдастырудан бас тартыпты. – Болат әкесінен бір жасында жетім қалған.
Биыл отызға толды. Комиссия «осыдан жиырма тоғыз жыл бұрын өлген әкесінің жері жоқ деген қағаз әкел» деді, – дейді Болаттың анасы.
Тұрғындар өздері иелік етіп отырған жерге күндердің күнінде бәрібір үй салатындықтарын айтады.
– Күресе күреп тастасын. Бәрібір үй саламыз. Өлмей бермейміз, – дейді олар.
«СОЮЗБЕН БІРГЕ ӨЛГЕН» ШЫНДЫҚ
Жерді заңдастыратын комиссияның төрағасы, «Нұр Отан» партиясының Алатау ауданы әкімшілігінің жанынан құрылған бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары Сағымбек Кәрібозов тұрғындардың сөзін жоққа шығарды.
– Алатау ауданы бойынша 16 елдімекеннен іргетасы құйылған жерін заңдастырып беру туралы 680 өтініш түскен болатын. Ақпан айынан бастап 19 көшпелі отырыс жасап, 217 өтінішті заңды деп тауып, құжаттарын қала әкімінің қарауына жібердік, – дейді Сағымбек Кәрібозов.
Ол басқа өтініштердің қаралмау себебі «бұлардың көбі жерді мұнда ғана басып алған немесе бір жерге бірнеше адам ие болып отыр» деп түсіндірді.
Ал Назгүл Базарбаева:
– Баламның берген өтініштері мүлдем қараусыз қалды. Жерімізді бір емес, бірнеше өлшеттік. Әрбір өлшегеніне 18 мың теңгеден төлеген едік. Коррупцияның көкесі «Нұр Отанда» екен. Шындық жоқ дегенге сенбеуші едім. Сөйтсем Союзбен (Совет одағымен – Азаттық) бірге өліпті, - деп налиды.