Шымкентте көпбалалы жалғызілікті науқас ана Ділбәр Құттыбайдың отбасы мемлекеттен алатын жәрдемақыны күнкөрісіне жеткізе алмай, «целлофан жинап сатуға мәжбүр» болып отырғаны туралы Азаттық сайтында жарияланған мақаладан соң оларға көптеген адамдар хабарласып, көмек қолын созған.
АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАҒАН МӘСЕЛЕ
Алты баласымен тозған үйді жалдап тұрып жатқан Ділбәр Құттыбайдың үй-ішінің хал-жағдайын білмекке Азаттық тілшісі екі аптадан соң көпбалалы отбасыға тағы барды. Есік алдында 5-6 жастағы екі бала ойнап жүр. «Екі балам мектепте» деді Ділбәр Құттыбай.
Әйел өз отбасы жайлы Азаттық мақаласынан кейін оларға Шымкент пен Қазақстанның өзге де аймақтарынан хабарласып, жәрдем көрсетіп жатқан жандар көп екенін айтты.
- Үйге келіп, жағдайымды көрген соң кейбіреулері балаларыма киім-кешек сатып әперді. Қап-қап азық-түлік әкелгендер көп, әлі де беріп жатыр, - дейді Ділбәр.
Ол Азаттық тілшісіне тозығы жеткен тамның кіре берісіндегі картоп, пияз, ұн салынған бірнеше қапты, өзге де азық-түлік заттарын көрсетті.
- Мына қаптағы ұн, картоп, пияз және көкөніс жабылған банкілер - Азаттықтан жағдайымызды білген тұрғындар мен 45-жалпы орта мектептің ұжымы әкелген азық-түліктің бір бөлігі. Бұған қоса бізге күріш, жарма, макарон, сұйық май, көрпе-жастық, киім-кешек әкеп берді, - дейді ол ризашылықпен.
Ділбәр Құттыбай балаларына қайырымды жандар әкелген жаңа киімдерді көрсетті. Ескі үйдің аядай жалғыз бөлмесінің бір бұрышында балаларға арналған жылы курткалар, қыстық аяқ киімдер көзге шалынады. Анасы жаңа сырт киімнің бірін кенже ұлына кигізіп көріп еді, құйып қойғандай екен, сәбидің жүзі бал-бұл жайнап кетті.
- Ержан (отбасына көмек берген азаматты айтады – ред.) балаларыма қыстық киімдер әкелгенде олардың, әсіресе кенже ұлымның қуанғанын көрсеңіз ғой, - дейді көзіне жас алған Ділбәр Құттыбай.
Оның сөзінше, кейбір азаматтар көпбалалы отбасына ақшалай жәрдем берген.
- Оған да киім-кешек сатып алдық. Балаларымның киімі біраз болсын бүтінделіп қалды. Екі айдан бері төлей алмай жүрген пәтерақыны да төледім, - дейді жалғызілікті әйел.
Ділбәр Құттыбай қазір ай сайын 20 мың теңге төлеп тұрып жатқан суық баспанада балалармен қысты қалай өткіземін деп уайымдайды.
- Өткенде кенже балам суық тиіп ауырып қалды. Көмек беруге келген азаматтар көріп, дәрі-дәрмек сатып алып берген, сосын беті бері қарады. Алдымыз қыс, мына үй болса суық. Басқа пәтерге көшуге шамамыз жетпейді, - дейді көпбалалы ана.
Көпбалалы Ділбар Құттыбайдың отбасына жәрдем әкелді:
Your browser doesn’t support HTML5
Үш жыл бұрын Арыс ауданынан Шымкентке көшіп барған Ділбәр Құттыбайдың отбасының асыраушысынан айырылғанына байланысты балаларға төленетін 46 мың теңге мен «күміс алқа» үшін аналарына берілетін 12 мың теңгеден өзге кірісі жоқ. Онкологиялық дертке шалдығып, биыл көктемде ота жасатқаннан кейін Ділбәр Құттыбай жұмысқа да жарамай қалған. Ол Шымкент қаласында тіркеуі жоқ болғандықтан мүгедектігіне байланысты жәрдемақыға қол жеткізе алмағанын айтады.
БІЛІМ БӨЛІМІ ӨКІЛІНІҢ УӘДЕСІ
Ділбәр Құттыбайдың алты ұлының 21 жастағы тұңғышынан өзгесі мектеп жасында. Бұған дейін анасы 10-сыныпта оқитын екінші ұлының киімнен таршылық көріп мектепке бара алмай отырғанын, сондықтан еңбек етіп отбасына көмектесуді ұйғарған әлгі баласы кешкі мектепке ауысқысы келетінін айтқан еді.
Азаттық тілшісі Ділбәр Құттыбайдың үйіне азық-түлік әкелген кешкі білім беретін 4-жалпы орта мектеп мұғалімімен тілдесті. Өз аты-жөнін айтқысы келмеген ұстаздың сөзінше, кешкі мектеп Ділбәр Құттыбайдың 10-сыныпта оқитын екінші баласын оқуға қабылдауды және отбасына жәрдем беруді ұйғарған. «Баланың сабаққа келуін қадағалап отырамыз», - дейді ол.
Ділбәр Құттыбай жергілікті билік биыл жаңа оқу жылында мектепке бара алмай қалған тағы бір ұлын оқуға қабылдауға уәде бергенін жеткізді.
- Алты жасқа толса да мектепке бере алмай жүрген бесінші ұлымды қалалық білім бөлімі осы маңдағы мектепке орналастырамыз деп уәде етті. Қазір құжаттарын жинап жатырмын, - дейді ол.
Шымкент қалалық білім бөлімінің өкілі Исақ Асановтың Азаттыққа айтуынша, мектеп жасына толған баланы білім мекемесіне оқуға қабылдауға үй-ішінің тіркеуінің жоқтығы негіз болмауы тиіс.
- Тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркеуде болмаса да мектеп жасындағы баланы ата-анасының өтініші негізінде оқумен қамтамасыз етуге міндеттіміз, - дейді ол.
Исақ Асанов көпбалалы, жалғызілікті жұмыссыз ана Ділбәр Құттыбайдың отбасының жағдайы туралы қалалық білім бөліміндегілер Азаттық мақаласынан білгенін айтады.
- Қалалық білім бөлімі жанындағы қамқоршылық кеңесі демеушілерді тарта отырып бұл отбасыға 200 мың теңгенің азық-түлігі мен күнделікті тұрмысқа қажетті заттарын табыс етті. Әлі де көмек көрсетілетін болады, - дейді ол.
Исақ Асановтың сөзінше, жаңа оқу жылы басталғалы бері Шымкентте Ділбәр Құттыбайдың отбасы сынды әлеуметтік жағдайы нашар тағы үш отбасына демеушілер есебінен жәрдем берілген.
- Қалада әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасынан шыққан 15 мыңнан аса оқушы күнделікті тегін ыстық тамақпен қамтылған. Оларға жылына екі рет оқуға қажетті заттар мен мектеп формасы тегін беріледі, - дейді білім бөлімі өкілі.
Бұған дейін Ділбәр Құттыбай балаларымен 2014 жылы қарашада Шымкентке қоныс аударғаннан кейін әлеуметтік жағдайы нашар отбасы ретінде тоқсанына бір рет берілетін әлеуметтік жәрдемақы (33 мың 420 теңге) да тоқтап қалғанын айтқан еді. Тек Азаттық тілшісі Арыс ауданы Дермене ауылдық округіне хабарласып, оның себебін сұрағаннан кейін жергілікті әкімдік Ділбәр Құттыбайға биылғы жылдың үшінші тоқсанына тиесілі ақша аударылғанын хабарлаған.