«Тәуелсіз мұғалімдер» құқықтарын бірігіп қорғауға көшті

Алматы облысы Іле ауданындағы №17 мектептің мұғалімі Айнұр Күленбаева. Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.

Қазақстанның әр аймағында тұратын, өздерін «тәуелсіз» атайтын мұғалімдер әлеуметтік желіде ұйымдасып, қысым көрген әріптестерінің құқығын бірігіп қорғай бастады. Кей мұғалім виртуалды ұйымшылдық арқасында «қысымнан құтылғанын» айтса, аудандық білім бөлімі өкілі «құқығын заңмен қораған мұғалімге қысым жасалмайды» дейді. Ал кәсіподақ маманы мұғалімдердің өз құқықтарына мән бере бастауын «сең қозғалды» деп бағалайды.

Қазақстанда мұғалімдер мектеп директорлары мен әкімдіктердегі білім бөлімдері шенеуніктерінен көретін қысымдарын айтып кейінгі жылдары жиі шағымдана бастаған еді. Олар педагогикалық міндеттерінен тыс түрлі қара жұмыстарға, сенбіліктерге, сайлау кезіндегі шараларға мәжбүрлеп жұмсауға, мектеп әкімшіліктері тарапынан болатын түрлі ақша жинау, мәжбүрлеп газет-журналға жаздыру, билет алғызу сияқты жөнсіз әрекеттерге наразы. Кейінгі жылдары мұғалімдер арасынан осындай заңсыз мәжбүрлеу оқиғаларына қарсы белсенді мұғалімдер шығып, олар өз құқықтарын сот арқылы қорғауға мәжбүр болған. Енді белсенді мұғалімдер әлеуметтік желілерде бірігіп, бір-бірінің құқығын қорғауға жәрдемдесе бастады.

Your browser doesn’t support HTML5

Мұғалімдер өз құқығын бірігіп қорғамақ. Аудиоподкаст.

«ҚЫСЫМНАН ҚҰТЫЛҒАН» МҰҒАЛІМНІҢ МЫСАЛЫ

Қазақстанның басқа аймағында тұратын белсенді мұғалімдердің көмегі арқасында «қысымнан құтылғанын» айтқан Алматы облысы Іле ауданындағы №17 мектепте жұмыс істейтін Айнұр Күленбаева қазір өзін «тәуелсіз мұғалім» атайды. Ол Азаттық тілшісіне «тәуелсіз мұғалімге айналғанша, көп қиындық көргенін», бірақ Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі мұғалімдердің интернет арқылы қолдауы арқасында жеңіп шыққанын баяндап берді.

Олар «Қорықпай, шындықты айта беріңдер. Сендердің мектеп әкімшілігімен күрестеріңді әлеуметтік желі арқылы таратып, қоғам назарын аударамыз, бұқаралық ақпарат құралдарын шақырамыз» деді. Сөйтіп уәделерін орындады. Соның арқасында қысымнан құтылдым.
Айнұр Күленбаева

- Мектеп басшылығының заңсыз әрекеттерін сынар алдында аздап сескендім. Бірақ әділдік іздеп, күресіп жүрген мұғалімдердің әлеуметтік желідегі жазбалары әрі қарайғы әрекеттеріме түрткі болды. Олар «Қорықпай, шындықты айта беріңдер. Сендердің мектеп әкімшілігімен күрестеріңді әлеуметтік желі арқылы таратып, қоғам назарын аударамыз, бұқаралық ақпарат құралдарын шақырамыз» деді. Сөйтіп уәделерін орындады. Соның арқасында қысымнан құтылдым, - дейді ол.

Оны «басқа өңірлер мұғалімдерінің қолдағаны қанаттандырған». Айнұр қазір өз құқықтары үшін күрескеніне өкінбейді.

- Бір жыл қысымда жүрдім, сыртымнан түрліше жамандады, бәлеқор да, жалақор да атандым, соның бәрі ауыр тиді. Қазір оған да үйрендім. Есесіне енді концерттерге билет ал демейді, ЕХРО-ға мәжбүрлеп билет алғызып жатыр, оны да маған айтпайды, мектепке жөндеу жұмысына да ақша жинамайды, - дейді ол.

Қазақстан мектептерінің бірінде сабақ беріп тұрған мұғалім. (Көрнекі сурет)

Айнұр Күленбаева өз құқықтары үшін күрескен кезінде ұжымдағы үш түрлі қатынасқа куә болған. Әуелгісі – мектеп басшылығының заңсыз жұмыстарға көндіруге тырысу әрекеттері.

- Менің үстімнен білім басқармасына «мектептегі психологиялық атмосфераны бұзды» деген сипатта түрлі шағым жазылды, - дейді ол.

Ал қатардағы әріптестері екіұдай күйге түскен. Мектеп басшылығының осындай арыздары кесірінен ұжымдағы көп адам оған жақындамауға тырысқан.

«Басшылықтың қырына ілігеміз» деп тартынады. Ал менің тәуелсіздігіме қызыққан кей мұғалімдер кеңес сұрайтын да болды.
Айнұр Күленбаева

- «Басшылықтың қырына ілігеміз» деп тартынады. Ал менің тәуелсіздігіме қызыққан кей мұғалімдер кеңес сұрайтын да болды, - дейді мұғалім.

Оның сөзінен әлеуметтік желі біріктірген мұғалімдер бастарына түскен проблемаларды үнемі талқылап тұратыны аңғарылады.

- Мектепте түрлі шараларға кейде 200-300 теңгеден ғана жинағанда мен де бере саламын. Бірақ «Ағартушы» қоғамдық қозғалысының Айман Сағидуллаева сияқты мұғалімдері мұндай әрекетімді құптамайды, - деп күледі ол.

Айнұр Күленбаева енді «әр мұғалім өз құқығын қорғай білсе, ұстаздар статусы қазіргіден жоғары болар еді» деп армандайды.

«ВИРТУАЛДЫ ТАНЫСТАР»

Алматы облысы Қарасай ауданындағы орта мектептердің бірінде сабақ беретін Айман Сағидуллаева - мұндай күресті әлдеқайда ерте бастап, барлық қиыншылықтарынан өткен белсенді мұғалім. Ол мектеп ұстаздарын педагогикалық міндеттерінен тыс жұмысқа пайдалануға қарсылығын білдіріп, оған қысым жасаған мектеп директорымен соттасып, екі-үш жыл бұрын танымал мұғалімге айналып үлгерді.

ВИДЕО: Сот мұғалім Айман Сағидуллаеваның мектеп директорына қарсы түсірген арызын қанағаттандырды

Мұғалім сот кезінде Facebook әлеуметтік желісі қоғамдық пікір тудыруға құрал болғанын айтады. Айман Сағидуллаева мектеп директорымен соттасқан кезде оның жеке парақшасындағы форумға жүздеген қарапайым оқырманнан өзге, танымал белсенділер де үн қосқан еді. Ол қазір де әлеуметтік желіде белсенді. Азаттық тілшісімен сөйлескен Айман Сағидуллаеваның мұғалім құқығы жайлы пікірлері Айнұр Күленбаевамен ұқсас шықты, ол да өзін «еркін, тәуелсіз мұғалім» ретінде сипаттайды, бастарынан кешкен оқиғалары да ұқсас. Айман Сағидуллаеваның сөзінше, мұғалімді еңбек шартында көрсетілмеген жұмысқа жиі салатын мектеп әкімшілігіне қарсы шыққаннан кейін мектеп ұжымының көбі одан «мектептің жаман атын шығардың» деп теріс айналған.

- Бұл әрине жаныма тиді. Қаншама тартыс болды, соттастық. Ақыры біздің мектепте ақша жинау, сенбілік жасау дегенді тоқтатты. Қазір ұжымның жағдайы жақсы. Мен енді еркін мұғаліммін. Басшылармен де еркін сөйлесе аламын, олар да санасады,- дейді ол.

Мұғалім Айман Сағидуллаеваның соттан жеңіп шыққан сәті. Алматы облысы Қаскелең қаласы, 5 қыркүйек 2016 жыл.

Айман Сағидуллаева өз құқықтары үшін күрескен кезінде өзімен тағдырлас, қысымнан өткен немесе қысым астында жүрген мұғалімдердің көп екенін аңғарған.

- Осындай 10-ға жуық оқытушы әлеуметтік желі арқылы бірігіп, мұғалімдер құқығын қорғайтын «Ағартушы» қоғамдық қозғалысын құрдық. Айнұр Күленбаева сияқты мұғалімдердің проблемасын өз парақшамыз арқылы бөлісеміз, Facebook-тегі белсенді заңгерлерден кеңес сұраймыз. Мұндай даулы мәселені көрген ақпарат құралдары да назар аударады,- дейді ол.

Қозғалыс мүшелерінің кейбірі бірін-бірі көрмеген, тек виртуалды әлемдегі таныстар. Алматы, Астана, Орал, Өскемен, Шымкент қалалары мен түрлі облыстарда тұратын мұғалімдер осылайша бірігіп әрекеттенуге көшкен.

Facebook әлеуметтік желісінде белсенді мұғалімдер парақшасында жүрген суреттердің бірі.

«Ағартушы» қоғамдық қозғалысының бір мүшесі Мейіржан Темірбек Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақмектеп ауылының мектебінде жұмыс істейді. Шалғайда тұратынына қарамастан, ол өзге өңірлердің мұғалімдермен әлеуметтік желі арқылы байланысып, қысымға ұшыраған әріптестеріне кеңес береді. Айман Сағидуллаева мен Мейіржан Темірбектің айтуынша, «Ағартушы» қозғалысы ресми түрде тіркелмеген. Әзірге оннан астам мұғалімнің ынтасымен әлеуметтік желіде ғана әрекет етеді. Белсенділер ақпаратына қарағанда, мұғалімдерге арналған сайттарда ұстаз құқығы айтылмайтынын байқаған олар, былтыр қарашада mektep-news.kz сайтын ашқан.

- Сайтқа мұғалімнің құқықтарын қалай қорғау керек екені жайлы мәліметтерді жарияладық. Қысым көрген мұғалімдердің бастан кешкендерін де осы сайтқа жазамыз, - дейді Мейіржан Темірбек.

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақмектеп ауылының мұғалімі Мейіржан Темірбек. Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.

Тарбағатайда отырып mektep-news.kz сайтын жүргізетін Мейіржан Темірбек «мұғалімдерге қатысы бар заңдарды оқып, заңгер болуға шақ қалғанын» айтады. Оның сөзінше, мектептің қарапайым мұғалімдері өздерінің бастауыш кәсіподақтарына күмәнмен қарайды. Сондықтан «Ағартушы» қозғалысы республикалық кәсіподақпен жұмыс істегенді жөн көреді.

«СЕҢ ҚОЗҒАЛДЫ»

Азаттық тілшісі салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының құқықтық сұрақтар бойынша бас маманы Райхан Қыдырбаевамен сөйлесіп, мұғалімдер құқығын қорғайтын «Ағартушы» қозғалысы жайлы сұрап көрген еді. Ол «Ағартушы» қоғамдық қозғалысынан кеңес сұраған хат жиі келетінін растады.

- Соңғы кездері мұғалімдер өз құқықтарына мән бере бастағаны байқалады. Біздің кәсіподақта мұғалімдерден түсетін шағым өте көп. Соның ішінде «Ағартушы» қозғалысы да бар. Біз олардың сауалына құқықтық тұрғыда көмек береміз. Олар әлеуметтік желіде болса да мұғалімдер құқығын қорғауға септесіп отыр. Мұны «сең қозғалды» деген дұрыс шығар, - дейді Райхан Қыдырбаева.

Оның сөзінше «жұмыс беруші мен мұғалім өзара міндеті мен құқықтары көрсетілген еңбек шартына сәйкес жұмыс істеуі тиіс, сонда ешкімнің де құқығы тапталмайды».

Facebook әлеуметтік желісінде белсенді мұғалімдер парақшасында жүрген суреттердің бірі.

Азаттық тілшісі аттарына мұғалімдер тарапынан жиі шағым түсіп жататын аудандық білім бөлімдеріне де хабарласуға тырысқан еді. Алматы облысы Қарасай ауданы білім бөлімінің бас маманы Әсел Еркінбаева «мұғалімдердің өз құқықтарын белсенді түрде қорғағанын» дұрыс көретінін айтты.

- Өз құқығын заңды түрде қорғаған мұғалімге қысым жасалмайды. Менің ойымша, мұғалімдер өз құқықтарын белсенді қорғағаны дұрыс, Қазақстан - демократиялы, құқықтық мемлекет. Егер олардың аудандық білім бөлімдеріне сауалы болса, мемлекеттік қызметкер ретінде жауап беруге міндеттіміз,- дейді ол.

Маманның сөзіне қарағанда, белсенді мұғалімдерге арнайы қысым жасалмайды.

- Айман Сағидуллаева Жаңатұрмыс орта мектебінде бұрын қалай жұмыс істесе, қазір де солай жұмыс істеп жүр, - дейді Әсел Еркінбаева.

Маманның сөзіне қарағанда, «мұғалімдер үшін қолайсыз ақша жинау мәселесін жоғары басшылық арнайы бұйрық шығарып тоқтатқан. Сонымен қатар, аудан әкімдігі «қоғамдық шараларға мұғалімдер тек өз еріктерімен ғана қатыссын» деген шешімге келген.

Қазақстандағы орта мектеп мұғалімдері кейінгі жылдары өз құқықтарын қорғау жолында белсенділіктерін арттырып, әлеуметтік желілер арқылы проблемаларына қоғам назарын аудартып келеді. Кейінгі ондай оқиғаның бірі Шымкенттегі Нұртас Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясы мұғалімі Гүлжан Сәлімбаеваның мамыр айында жариялаған видео-үндеуі болған еді.

Гүлжан Сәлімбаева, Нұртас Оңдасынов атындағы №38-мектеп мұғалімі. Шымкент, 5 маусым 2017 жыл.

Онда мұғалім өзінің міндетінен тыс жұмысты атқарудан бас тартқаны үшін қандай қысымға ұшырап жатқанын баяндаған. Видео-үндеу жарыққа шығып кеткен соң мектеп директоры Айман Жүсіпова қоғам өкілдері, мұғалімдер қатысқан жиында әрекеттерінің дұрыс болмағанын мойындаған болатын.

Оқи отырыңыз: Арашашылар мұғалім мен директорды татуластыра алмай тарады

Осы жиынға қатысқан «Ағартушы» қозғалысының Шымкенттегі өкілі, өзі де мектеп мұғалім Өмір Шыныбекұлы:

- Мұндай қозғалыс өте керек. Бұл жақсы кезең болды, мұғалімдерді желі арқылы оята алдық. Бізде енді осы белсенділікті жалғастыра береміз. Ынтымақтаса қимылдауға үйрендік. Қазір енді директорлар мұғалімдерден аяғын тартып қалды аздап. Бірақ облыстық білім басқармаларын тікелей білім және ғылым министрлігіне бағындырмай жағдай түзелмейді - біз сол қолбала күйімізде қаламыз, сайлау болса, сенбілік болса, алаңға шығу керек болса, мұғалім дайын тұрады. Енді бізді жергілікті биліктің құзыретінен шығару мәселесін [білім және ғылым министрі] Сағадиевке жеткізу ойымызда бар, - дейді.