Психологтар мүгедек баланың өз бетімен әрекет етуге дағдылануы және қоғамға тезірек бейімделуі үшін ата-аналарға дұрыс тәрбие жайлы кеңес береді.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығының ресми дерегі бойынша, Қарағанды облысының Теміртау қаласында мүмкіндігі шектеулі 5 мыңдай адам тұрады. Олардың көбі – кәмелетке толмаған балалар.
Мүгедек балаларды әлеуметтік бейімдеу проблемасы қазір өзекті болып тұр. Бейімдеу процесіне ата-ананың шектен тыс қамқорлығы да кедергі келтіреді. Бұл тақырып бойынша өтетін пікірталастарда көбінесе материалдық мәселелер ғана қозғалады да, психологиялық жайттарға мүлде мән берілмейді. Теміртау қаласындағы мамандар осы олқылықты жойып, ата-аналарға мүгедек баланы шектен тыс өбектемей, дұрыс тәрбиелеу жолдарын үйретіп жатыр.
АРНАЙЫ САБАҚ
Теміртаулық төрт жасар Арлен Маратовтың анасы Ботакөз Сәрсенбаева «мүгедек баланы әлпештеп күту қажет, бірақ тым өбектеуге тағы болмайды» деп есептейді. Баланың өздігінен әрекет етуге деген әр талпынысын демеп, оған мүмкіндік берген жөн дейді анасы.
Балалардың церебралды сал ауруы (ДЦП) дертімен туғанымен, Арленнің диагнозы ауыр емес. Бірақ бала өзі жүріп-тұрғанымен, ұзаққа шыдамайды әрі бір аяғын сылтып басады.
Бала іштей тұйықталып алмас үшін әке-шешесі оны Теміртаудағы «Ангел мой» қоғамдық ұйымы «Бота» қоғамдық қоры бөлген грантқа ашқан Монтессори бөлмесінде ұйымдастырылатын арнайы сабаққа апарады. Монтессори бөлмесі қимыл-қозғалысы қиын әрі психикасында ауытқуы бар мүгедек балаларды жаттықтырады.
– Монтессори бөлмесіне аптасына үш рет барамыз. Балам көңілі қалаған ісімен айналысады, басқа балалармен араласып, ойнайды. Сабақ жақсы әсер етіп, балам көп нәрсені үйренді, қазір өздігінен әрекет етуге талпынып жүр, - дейді Ботагөз Сәрсенбаева Азаттық тілшісіне.
Осы сабақтардың арқасында Арлен қазақша және орысша сөйлеуді үйреніп, екі тілде 1-ден 5-ке дейін санай алады. Жалпы қимыл-қозғалысы да жақсарып қалған. Орындықты жағалап жүрген кезде тепе-теңдікті сақтай алады. Бұрын мүлде қимылдатпайтын оң қолын қазір қозғалта бастаған. Киімінің түймесін өзі салып, ағытады, түйінделген бауды шеше алады, бұранданы бұрап үйренді. Логопедтің көмегімен ызың дауыссыз дыбыстарды анық айтатын болды. Қазір ол қарапайым жалпылау әдісін меңгеріп, заттардың арасынан төртінші артық затты таба алады. Анасы «мұндай дағдылар балама келешекте біреуден көмек күтпей, өздігінен әрекет етуге көмектеседі» дейді.
АРТЫҚ ҚАМҚОРЛЫҚТЫҢ ЗИЯНЫ
Әке-шешенің шектен тыс өбектеуі кемтар баланы әлеуметтік ортаға бейімдеуді қиындатады. Психологтар ата-аналарға мүгедек баламен тең қатарлы, дені сау адам сияқты қарым-қатынас жасауға, басқа мүгедек балалармен араласудан қашқақтамауға, артық өбектеуден бас тартуға кеңес береді. Оқу мекемесін таңдағанда да баланың тұлғалық ерекшелігін ескерген жөн екенін айтады. Мамандар ата-анаға баласының кемтарлығына өзін кінәлі сезінуден арылып, отбасындағы басқа балалар мен өз қамын да ойлауға кеңес береді.
– Шектен тыс өбектеген бала қоршаған ортадан, ересектер мен басқа балалардың өмірінен шеттей береді. Бұл оның танымдық және әлеуметтік тұрғыдан жетілу процесін тежеп, бала бойында кіріптарлық, дәрменсіздік, өз күшіне деген сенімсіздікті күшейтіп, қиындықтан қашатын жасық мінез тудырады, тұлға ретінде қалыптасуына кедергі келтіреді, - дейді психолог Наталья Кнауб.
Жуырда Теміртауда осы өзекті тақырып бойынша мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға арналған семинар-тренинг те өткізілді. Оның мақсаты – отбасында мүгедек баладан тұлға қалыптастыру, дамыту және тәрбиелеу үшін қолайлы жағдай жасауға көмектесу. «Ангел мой» қоғамдық ұйымы бұл шараны «Мүмкіндікті арттырайық!» ұлттық ақпараттық науқаны аясында өткізді.
– Мүгедек балаға тәрбие берудің тиімсіз әдістері мен формаларынан хабардар ету мақсатында ата-аналарға тәрбиенің патологиялық түрінің себептері мен салдарын түсіндірдік. Ата-аналар мүгедек баланың жас ерекшелігіне қарай туындайтын кейбір қиындықтарды ажыратып, оларды шешуді үйренді. Сондай-ақ артық қамқорлықтың да зиянды жақтарын талдадық, - дейді «Ангел мой» ұйымы өкілі Фаина Әшімова Азаттық тілшісіне.
Қазақстанда денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі жандар әдетте мүгедектер апталығы, мүгедектер құқығын қорғау күніне орай өткізілетін «арнайы шараларға» ғана қатыса алады. Психологтардың айтуынша, мүгедек жанның әлеуметтік ортаға бейімделуіне мұндай «бір реттік» шаралардың мүлде пайдасы тимейді.
ШЕТЕЛ ТӘЖІРИБЕСІ
Жұрт арасында "көру, есту немесе өздігінен қимылдау қабілетінен айырылған бала – бақытсыз жан, оның өмірі азапқа толы" деген түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде мүгедектік адамның белсенді өмір сүруіне кедергі келтіре алмайды, кедергі келтірмеуі де тиіс.
АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінде мүгедек жандарға деген мұндай қарым-қатынасты 4-5 жастан бастап қалыптастырады. Бұл елдерде мүгедектерге арналған арбада отырған қуыршақтар, қол-аяғы жоқ қуыршақтар, қара көзілдірік таққан және ақ таяқ ұстаған қуыршақтар шығарады. Мектеп оқушыларына арнап ойын түріндегі тренингтер өткізеді.
Мұндай сабақта балаларды мүгедек арбасын жүргізуге, көздерін қара байлауышпен таңып, ақ таяқтың көмегімен бағдар табуға үйретеді. Жалпы білім беретін мектептерде оқу бағдарламасында мылқау жандар пайдаланатын ишара-ым тілін үйрету де енгізілген.
– Мүгедек балаларды бейімдеудің шетелдік тәжірибесі кемтарлықтың «қалыпты», «табиғи» нәрсе екенін көрсетуге бағытталған. Мұндай психологиялық қолдау мүгедек баласы бар отбасыларға көп көмектеседі, - дейді психолог Татьяна Медведкова.
Ата-аналар денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік бейімдеу үшін мүгедек жандардың мәдениет мекемелеріне еркін барып-тұруына, мәдени-көпшілік шараларға қатысуына, ұжымдық және жеке шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беретін жағдай жасау мемлекеттің ерекше назарында болуы тиіс деп есептейді.