«Азшылық топтар мәселесі Қазақстанда сыңаржақ сипатталады»

Қазақстандық журналистер. Астана, 17 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Арнайы зерттеу барысында халықтың бестен бірі ғана «Қазақстандағы ақпарат құралдары азшылық топтарға байланысты жанжалдарды объективті сипаттайды» деген пікір айтты. Елдегі кейбір азшылық топтарға байланысты көзқарастары теріс екенін БАҚ өкілдері де жасырмайды.

Қазақстанда азшылық топтарға жұрт назары ауа бастады. Жуықта қарағандылық «Взгляд на событие» газеті мен «Камо Грядеши» шіркеуі арасында туған дау да - осындай оқиғаның бірі. Газет пен діндарлардың арасындағы дау-дамайға өткен жылдың қазан айында жарық көрген «Про «папу», веру и головную боль» атты мақалаға қоса берілген сурет себепкер болды. Шіркеу «газетте жарияланған сурет діни сенімімізді қорлады» деп, ақпарат құралынан жария түрде кешірім сұрауды талап еткен.

– Жалпы, біз сұрау салған халықтың тең жартысы «ақпарат құралдары азшылық топтар мәселесін атүсті сөз қылады» дегенді айтады, - дейді «Медианет» халықаралық журналистика қорының өкілдері.

Бұл ұйым «Сорос-Қазақстан» қорының қолдауымен Қазақстанның жеті аймағында азшылық (діни, этникалық, жыныстық) топтар мәселесін ақпарат құралдары қалай қамтиды дегенге байланысты зерттеу жүргізген еді. Ақпанның 2-сі күні сол зерттеу қорытындысын жариялады. Зерттеуге мемлекеттік орындар, журналистер, құқыққорғаушылар және азшылық топ өкілдерінің өздері қатысқан көрінеді.

СЫҢАРЖАҚ ПІКІР

«Медианет» қорының директоры Игорь Братцевтің зерттеу нәтижесіне сүйене отырып айтуынша, Қазақстандағы ақпарат құралдарының ілуде бірі ғана азшылық топ мәселені объективті бағалап, кәсіби деңгейде талдап бере алады.

– Сауалнамаға қатысқандардың 55 пайызы «ақпарат құралдары азшылық топтардың мәселесін үстірт бағалайды» деп жауап берді. Олардың қайсыбірі
«Медианет» халықаралық журналистика қорының директоры Игорь Братцев. Алматы, 2 ақпан 2011 жыл.
бұған көбіне мемлекеттік тапсырыстың ықпал ететінін де жасырмайды. Өйткені бұл – мемлекеттік тапсырыс берудің бір шарты. Жауап берген тұрғындардың 25 пайызы ақпарат құралдарының белгілі бір тарапты жақтап, сыңаржақтыққа ұрынатынын айтады. Тек 20 пайызынан ғана «БАҚ өкілдері аз топтарға байланысты жанжалдарды объективті түрде сипаттайды» деген жауап алдық, – деді Игорь Братцев ақпанның 2-сі күні өткен баспасөз мәслихатында.

Мамандардың ойынша, қоғамдық пікір қалыптастыруда шешуші рөл атқаратын БАҚ-тың азшылық топтар мәселесін қалай қамтитыны – өте маңызды. Ал халықтың пікірінше, субъективті жазылған біржақты материал кей кезде түрлі жанжалдарға итермелейді.

– Сауалнамаға қатысқан адамдардың бәріне: «Қазір ақпарат құралдары азшылық топтар туралы қоғамда қандай көзқарастың қалыптасуына әсер етіп отыр?» деген сұрақ қойылды. 46 пайызы «Бірқалыпты көзқарас қалыптастырып отыр» деді. Ал 53 пайызы, керісінше азшылық топтар туралы журналистердің жақсы пікір тудырмай отырғанын, тіпті кейде қақтығыстық тұрғыда баға беретінін айтқан, – деді Игорь Братцев.

«ТЕОРИЯ МЕН ПРАКТИКА»

Игорь Братцевтің айтуынша, сауалнамаға қатысқан журналист, редакторлардың жартысынан астамы кейбір азшылық топтарға деген теріс көзқарасын жасыра алмаған.

Зерттеуде айтылған бұл жайттың дәлелі сол сәтте-ақ «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің залынан табыла кетті. Жиынға келген ақпарат құралдарының бірінің өкілі жыныстық аз топтарды «неге қолдау керектігін түсінбейтінін» жайып салды.

– Мысалы, мен оларды қолдамаймын. Жалпы қоғамда да оларға көзқарас соншалықты жақсы деп те айта алмаймын. Олай болса, неге оларға бейтарап қарап, қолдап, бастарынан сипауымыз қажет? Соны түсінбеймін. Жалпы,
Қазақ тіліндегі ақпарат құралдарының азшылық топ мәселелерін қамтуын сипаттайтын сурет. Алматы, 2 ақпан 2011 жыл.
бұл қазақы менталитетке, исламға, шариғатқа жат нәрсе ғой, – деп спикерлерге қарсы сұрақ қойды журналист.

– Егер журналист «мәселені теріс немесе оң бағалауым керек» деп, өз-өзіне міндет қойса, онда мұның журналистикаға еш қатысы жоқ. Журналистің міндеті – тек ақпаратты жеткізу ғана. Ал әлдекімді ұнатпаса, бұл жеккөрініш сезімін қоғамға жеткізсін дегенді білдірмесе керек. Сіз менталитетті айттыңыз. Сөз жоқ – оның әсерін осы зерттеу дәлелдеп берді. Бірақ сіз журналист болған соң, бұл проблеманы қозғау міндетін мойныңызға алғаннан кейін оны кәсіби этика және азаматтық-әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысынан талдап беріңіз. Яғни, бұл мәселеге журналист ретінде қарауыңызды сұраймын, – деді Игорь Братцев.

Зерттеушілер азшылық топтардың мәселелері ақпарат құралдарында сирек талданатынын да атап көрсетеді. Журналистер бұл тақырыптарды көбінесе діни мерекелерде, қоғамдық-мемлекеттік шараларға орай немесе әлдебір жанжалға байланысты қоғам назары ауған шақта ғана қозғайтын көрінеді.

Зерттеуді қорытындылаған мамандар бұл мәселелерді шешу үшін мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдарға, сонымен қатар бұқараларық ақпарат құралдарына ұсыныстар айтты. Олардың арасында азшылық топтардың құқығы мен оларды кемсітуге қатысты фактілерді сараптап бақылайтын қоғамдық комиссия құру, журналистердің сауаттылығын арттыру, арнайы сарапшылардан құралған дәрістер ұйымдастыру сияқты ұсыныстар бар.

Қосымша мәлімет:

Этникалық азшылық топ деп мемлекет құраушы ұлттан өзге диаспора өкілдерін атайды. Мамандардың дерегінше, 2009 жылы өткен ұлттық санақ қорытындысына сәйкес, қазақтар – Қазақстан халқының жалпы санының 63,5 пайызы. Ал орыстар – 23,7, өзбектер – 2,8, украиндар – 2,1, ұйғырлар – 1,4, татарлар – 1,3, немістер – 1,1, өзге этностар 4,5 пайызын құрайды.

Ресми дерек бойынша, Қазақстан халқының 35 пайызын діни азшылық топ өкілдері құрайды. Олардың 30 пайызы – православие, 1 пайызы – католик, 1 пайызға жуығы – еврей қауымы өкілдері. Республикада 40 конфессияға тиесілі 4173 діни бірлестік бар. Ресми деректе Евангелие христиан-баптист ұйымдарының саны – 362, «Жетінші Күн Адвентистері» - 66, «Иегова куәгерлері» - 78, жаңа бағыттағы протестанттық бірлестіктердің саны – 540 деп көрсетілген.

Қазақстандағы жыныстық азшылық топ туралы арнайы статистика жоқ.