Аханованың активтері жайлы Ерғалиеваның дерегі сотқа ұласты

Guljan.org сайтының редакторы Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 1 қараша 2011 жыл.

Қарашаның 1-і күні Медеу аудандық сотында сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Салтанат Аханованың Guljan.org сайты мен оның бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваның үстінен жазған шағымына орай екінші сот отырысы өтті.
Бұл азаматтық іске байланысты алғашқы процесс қазан айының соңында ақпарат құралдарының қатысуынсыз өтіп, жауапкер жағы дайындалуға уақыт сұраған еді.

Бүгінгі сот процесіне шағым беруші жақтан адвокат Елена Кубашева, жауапкер жақтан Guljan.org сайтының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева мен оның адвокаты Елена Ребенчук қатысты.

АХАНОВАНЫҢ АКТИВТЕРІ

Осыған дейін Guljan.org сайты сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Салтанат Аханованың «Дубай банкінде 18 миллион доллары, жылжымайтын мүлігі бар» деген мақалалар топтамасын жариялаған еді.

Ал Салтанат Аханова мұны жоққа шығарып, ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіргені жөнінде сотқа шағым түсірген болатын. Ол сайт иесінен

Салтанат Аханованың адвокаты Елена Кубашева. Алматы, 1 қараша 2011 жыл

мәліметті терістеуді, моральдық шығын ретінде 2 миллиард 640 миллион 400 мың теңге талап етіп отыр.

Сейсенбі күні болған сот отырысында шағым берушінің – Қазақстан Республикасы экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасы Қайрат Қожамжаровтың әйелі Салтанат Аханованың – өкілі Елена Кубашева «клиентінің Дубайда есепшоты мен жылжымалы мүлігі жоқ екендігі туралы» құжатты көрсетті.

Адвокаттың айтуынша, бұл құжаттарды мақалада айтылған Дубай банкі (Dubai bank) мен Дубай үкіметінің жер департаменті электронды почта арқылы жіберген. Ол сонымен бірге дәл осындай мазмұндағы құжатты – «швейцариялық Баслер Кантоналбанктен (Basler Kantonalbank) алынды» деген құжатты да көрсетті.

Алайда жауапкер жақтың айтуынша: біріншіден, бұл құжаттардың сапасы өте нашар (ондағы әріптерді ажырату қиын); екіншіден, Аханованың активтері туралы сайтқа 17 тамызда жарияланған құжаттар мен шағым беруші жақ әкелген құжаттардың мерзімдері (24 және 28 тамыз) қабыспайды.

Гүлжан Ерғалиеваның ойынша, «шағым иесі сайтта мақала жарық көрген

Медеу ауданының судьясы Венера Тоқтарбаева. Алматы, 1 қараша 2011 жыл.

мезгіл мен бүгінгі құжаттар берілген уақыт аралығында банктегі ақшаны басқа есепшотқа аудара салуы да ғажап емес». Guljan.org Салтанат Аханованың швейцариялық Basler Kantonalbank-тегі есепшотына тамыздың 19-ы күні 17 миллион 961 мың 200 АҚШ доллары көлемінде қаражат түсті деп бұған дейін де жариялаған еді. Сондықтан жауапкер жақ шағымданушыдан тамыздың 19-ы күнгі құжаттарды көрсетуін сұрады.

Ал судья Венера Тоқтарбаева шағым беруші жақтың Дубай мен Швейцарияға қайта сауал жолдауға мүмкіндігі бар-жоғын сұрап, Салтанат Ахановаға ескертуін талап етті.

«МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР МЕ?»

Сейсенбілік сот отырысында шағым беруші Салтанат Аханованың адвокаты «Қазақстан бас прокуратурасы жүргізген қызметтік тексеру нәтижесінің бүгін белгілі болғанын» айтып, ол құжатты сотқа оқып берді.

Онда «Қазақстан бас прокуратурасы сыртқы істер министрлігі арқылы мақалада көрсетілген жайттарға байланысты Дубай мен Швейцарияға

Гүлжан Ерғалиеваның адвокаты Елена Ребенчук. Алматы, 1 қараша 2011 жыл

арнайы сауал жібергені, Аханова туралы мәліметтердің расталмағаны туралы жазылған» екен.

– Осылайша жаңағы мақалалаларда жарияланған мәліметтер шындыққа сәйкес болмай шықты. Дәл осыны Аханованың өзі де айтқан болатын, – дейді адвокат Елена Кубашева.

Адвокаттың айтуынша, бас прокуратура мұны өзінің (яғни Елена Кубашеваның) өтінішіне байланысты орындаған.

Ал жауапкер жақ «Аханова мемлекеттік қызметкер ме, емес пе?» деген сауал қойды.

– Мұны «бас прокуратура жүргізген қызметтік тексеріс» дегенді қалай түсінуге болады? Аханова ханым мемлекеттік қызметте ме? – деп сұрады адвокат Елена Ребенчук.

Жауапкер жақ сауда-өнеркәсіп палатасы қызметкерлерінің мемлекеттік қызметкерлер санатына қосылар-қосылмасы туралы анықтап беруді өтінді.

Салтанат Аханованың адвокаты келесі отырыста өзі көрсеткен құжаттардың түпнұсқасын әкелуге уәде берді.

Жауапкер жақ сотқа үш өтініш түсірді: жауапкер ретінде тек Гүлжан Ерғалиеваны қалдыру, іске Дубай мен Швейцариядағы банк өкілдерін тарту, осы банктерден және бас прокуратурадан арнайы құжаттар сұрату.

4 600 ЖЫЛ

Жауапкер жақ Аханова талап етіп отырған қаражат көлемінің – 2 миллиард 640 миллион 400 мың теңгенің неге сүйеніп айтылғанын сұрады.

Салтанат Аханованың адвокаты Елена Кубашева мүддесін қорғап отырған азаматтың ар-намысына нұқсан келіп, психологиялық соққы алғанын айтады.

– Мақаланың соңында қалдырылған пікірлерді қарасақ та, оған қалай әсер еткенін білуге болады, – дейді шағымданушының адвокаты.

Ал жауапкер жақ бұл ақшаны төлеуге мүмкіндігі жоғын айтты.

– Аханова ханым менен моральдық шығын ретінде 2 миллиард 640 миллион 400 мың теңге талап етіп отыр. Мен жылына 500 мыңнан астам теңге зейнетақы аламын. Міне, адвокатым есептеп шығарды. Бұл қаражатты төлеу үшін 4600 жыл керек. Әрине, бұл күлкілі жағдай. Бұл мүмкін емес, – деді Гүлжан Ерғалиева соттан кейін журналистерге.

Бұл іске байланысты келесі сот отырысы 9 қарашада өтеді.