Жаңаөзенде ереуілдеткен жұмысшылар талап орындалмаса, аштық жарияламақшы

Жаңаөзендік мұнайшылар наурыздың 4-нен бастап тағы ереуілге шықты. Олар «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалындағы жұмысты толық тоқтатып, жалақыға қосымша төленетін аймақтық коэффициентті бұзбауды талап етуде. Өндіріс әзірше іске қосылған жоқ.
Жұмысшылардың наразылығы наурыздың 5-сі күні кешке дейін ары қарай жалғасып жатты. "Өзенмұнайгаздың" ескі ғимаратының қасындағы көлік алаңына шоғырланған мұнайшылар көтерген мәселелерін шешуді талап етіп, жұмысқа шықпай отыр. Олар бұған дейін 1-2 наурыз күндері де жұмысты 1 сағатқа тоқтатқан.

Жұмысшылардың Азаттық тілшісіне хабарлаған ақпаратына сүйенсек, олардың наразылығына «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының жаңа директоры Бағытқали Бисекеннің ақпанның 23-інде жалақыда өзгеріс болатыны туралы ресми ескерту таратуы себеп болған.

Бұған қоса жұмысшылар 2009 жылғы қаңтардың 1-нен бері төленбей келе жатқан 1,8 «салалық коэфициенттің» берілуін де талап етіп, Жаңаөзен қалалық прокуратурасы мен еңбекті қорғау департаментіне шағым түсіргендерін айтады.

ТАЛАП ОРЫНДАЛМАСА АШТЫҚ ЖАРИЯЛАУҒА ДА ӘЗІР

Бұл туралы Азаттық тілшісіне баяндаған жұмысшылар белсендісі Жак Аминов жалақыдағы өзгеріс туралы ескерту таратыла салысымен бірден қол қоюға мәжбүрледі дейді.

-Жұмысшыларды қорқытып, бір-бірден кабинетке шақыртып алып қол қойдыртты. Олардың адвокатпен ақылдасуына да мүмкіндік бермей, тездетуді талап етті. Жұмыстан айырылып қаламыз ба деп қорыққан кейбірі қол қойып та қойды. Егер бұл ескертуді бәріміз мақұлдайтын болсақ, мұнайшыларға аймақтық зияндылық үшін қосымша төленетін коэффициенттен айырылып қаламыз. Онда жалақымыз 40-50 мыңнан аспайтын болады,- деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар жұмысты уақытша тоқтатқан мұнайшылар жалақыдан бөлек, филиалдың директоры Бағытқали Бисекен мен оның орынбасары Амантай Аншыбаевтың орынынан кетуін, кәсіподақ төрағасы М.Ибағаровтың басқа жұмысқа ауысуын талап етуде.

Жак Аминовтың айтуынша жұмысшылардың былтырғы қарашаның 15-сінде болған ереуілінен де оңды нәтиже шыққан жоқ.Тек 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Бірақ оның соңы да ереуілге ұласып, ақыры жең ұшынан жалғасып кетті. Ал филиалдың бұрынғы директоры Абылхан Дауылбаев орнынан алынғанымен, еңбек жағдайын жақсарта алмағаны үшін жазаланудың орнына "Қазмұнайгаз Барлау Өндіру" акционерлік қоғамы бас директоры К.Ибрашевтің кеңесшісі қызметіне кірісті дейді ол.

Сондықтан жұмысшылар осы талаптары орындалмаған жағдайда науыздың 7-сінен бастап УОС-5 мекемесінің 31мұнайшысы аштык жариялайтындарын алдын ала ескертіп, қала әкімі мен прокуратураға хат жолдағандарын мәлімдеді. Олар бұл мәселені тікелей шешуді "Қазмұнайгаз Барлау Өндіру" акционерлік қоғамының бас директоры К.Ибрашевтен талап етуде.

«ЖАҢА БАСШЫ ЖҮРГІЗУШІГЕ ДЕЙІН ӨЗІМЕН БІРГЕ АЛЫП КЕЛДІ»

Азаттық тілшісіне телефон шалған ереуілге қатысушы көлік жүргізуші «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының жаңа директоры Бағытқали Бисекен өзімен бірге Атыраудан командасын ала келді деп баяндайды. Оның айтуынша, президент Н.Назарбаев қаңтардың 22-сінде теледидардан сөйлеген сөзінде «Қазақстан халқы біртұтас, оны бөлек командаларға бөлмеу керек» деп айтқан. Ал Б.Бисекен өзімен бірге жалпы мәселелер жөніндегі орынбасарын, тіпті жүргізушіге дейін ілестіре келді. Ал Жаңаөзенде жұмыссыз жүргендер қанша ма деп кейіді еруілге шыққандардың бірі.

Жұмысшылардың наразылығының мән-жайы туралы кәсіпорын басшысы Бағытқали Бисекеннің өз аузынан ести алмадық. Оған бірнеше мәрте телефон шалғанымызбен, ешкім тұтқаны көтерген жоқ.

ӘКІМ ҚАЛАНЫ КӨГАЛДАНДЫРЫП ЖАТЫР

Ал Жаңаөзен қаласының әкімі Орақ Сарыбөпеевке хабарласқанымызда «менің қолым бос емес, қаланы көгалдандыру мәселесімен айналысып жатырмын» деп, Азаттық тілшісіне компанияның басшысымен сөйлесу туралы ақыл-кеңес берді. Бірақ ол аштық жариялау туралы ешқандай ақпар естімегенін айтады.

Жаңаөзен қаласы жұмысшылар наразылығының эпицентріне айналғандай. Өткен жылы да «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру АҚ құрамындағы «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы жұмысшылары еңбек құқықтарына байланысты бірнеше рет наразылық акциясын өткізгені туралы Азаттықта жазылған болатын.

Былтырғы қарашада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та Маңғыстау облысының әкімімен бірге Жаңаөзен қаласындағы жұмысшылардың мәселесін талқылаған еді.

Жаңаөзен қаласын дамыту, жұмысшылардың мәселесі мен «Өзенмұнайгаз» компаниясының филиалы жайлы арнайы тапсырмалар берілгенімен өзгерістер жоқ дейді жұмысшылар.