Фашист тұтқынында болған Надежда Фартусова өзінің Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері екенін 15 жыл бойы дәлелдей алмай келеді. Ол тек «концлагерь тұтқыны» ретінде әлеуметтік қорғау органдарының тізіміне ілінген.
Бұрынғы тұтқын Надежда Фартусованың қызы Татьяна Шалагинова: «Заң бойынша ол Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен теңестірілсе де оған ештеңе берілмейді. «Анама сізді 19 жасаңызда тұтқынға әкеткен, ал Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне тек кәмелетке толмаған тұтқындар ғана теңестіріледі деді».
«Бұл парадокс қой. Егер анам 17 жасында Германияға айдалып бара жатқанда қашып кетпегенде, қазір Ұлы Отан соғысының ардагеріне теңестіріліп, әлеуметтік жеңілдіктерін алып отырар еді» деп күйінеді Татьяна.
ЖЫЛАЙ-ЖЫЛАЙ КЕТЕ БЕРДІК
Биыл қазан айында Надежда Фартусова 85 жасқа толады. Қазір қызы Татьянамен бірге Ақтау қаласында тұрады. Ұлы Отан соғысы ардагерінің жесірінің көз жанары нашарлаған, бірінші топтағы мүгедек.
Надежда Фартусова қарапайым орыс қаласында дүниеге келді. Кейін отбасы Пушкин қаласына көшті. Әкелері өлген соң алты балалы шаңырақтың күн көрісі қиындай түсті. Кішкентай үш баласын балалар үйі қабылдап алды. Оның ішінде Надежда да бар еді.
Надежда Фартусова 17 жасында тоқыма фабрикасына жұмысқа тұрды. 1941 жылы соғыс басталғанда халық жасағының қатарына жазылды, мұндай еріктілерді әскерге алмады.
Күндіз фабрикада жұмыс істеп, кешке әскери сабаққа барып жүрді.
– Күндердің күнінде – дейді Надежда Фартусова, – еріктілердің барлығына
Нацистік концлагерь тұтқындары туралы кітаптың мұқабасы. Бұл кітапта Надежда Фартусованың да суреті бар.
қару-жарақ ұстатты да «Отан үшін! Сталин үшін, алға!» деді. Сөйтіп атқыштар отрядының командирінің бастауымен Ленинград түбіне атттандық. Миномет оғының астында жүріп, Александровск саябағына жеттік. Жасақтағы кей еріктілер жауға қарсы оқ шығарып үлгермей-ақ оққа ұшты. Саябақ шетіндегі қазылған орда совет солдаттары болатын. Олар алға кеткенде біз сол жерге барып, біздің әскердің қайыра шегінгендегі қауіпсіздігін қамтамасыз еттік.Надежда Фартусованың сөзіне қарағанда, бірнеше күн өткен соң еріктілердің барлығын да үйлеріне қайтарған, өйткені азық-түлік жетпей жатты. Қайта оралған қыз Пушкин қаласының немістер қолында қалғанын білді.
– 1942 жылы қаңтарда пәтерімізге немістер кіріп келіп, шешемді, Пания деген әпкем мен мені көшеге қуып шықты. Әрі қарай өзге тұтқындарға қосып, Германияға жіберді. Кәрі-құртаңдар мен бала-шағаларды қызылшұнақ аязда тәулік бойы дамылсыз айдады, – дейді Надежда Фартусова.
Ол колоннамен бірге өзінің алдында келе жатқан қарияның мәңгі есінде қалғанын айтады. «Әл-дәрмені құрыған қария қайта-қайта сүрініп құлай берген соң, машинада келе жатқан неміс солдаты шалдың жанына секіріп түсіп, мылтықтың дүмімен бір қойды. Қария сол күйі тұра алмады».
Надежда Фартусова әпкесі Паняның жол бойы ауырып, аяғы үсіп кеткенін, сөйтіп әрі қарай жүре алмай қалғанын айтады.
– Оны колоннаның соңында келе жатқан арбағы отырғызды, содан қайта көре алмадық, – дейді Надежда Фартусова. – Бірақ әлсіреген тұтқындарды сарайға қамап, өртеп жібереді дегенді естідік. Жылай, жылай кете бердік.
Надежды Фартусованың айтуына қарағанда ол анасы екеуі бір деревняның тұсына келгенде колоннадан сытылып шығып кеткен. Деревня шетіндегі кәрі кемпірдің үйіне бас сауғалаған. Өзі шұлық тоқып сатып,, анасы бал ашып, көріпкелдік жасап күн көрген. 65 жасар анасының партизандардың байланысшысы болғанын соғыстан кейін ғана білдім,- дейді Надежда Фартусова
ТҰТҚЫНДА
– Анам үйде жоқ кез еді, – дейді Надежда Фартусова, – неміс старостасы келіп, деревня тұрғындарының барлығын стансаға жинады. Сөйтті де вагонға қамап, тегін жұмыс күші ретінде тағы да Германияға айдап жіберді.»
Оларды Рендзбург қаласына әкеледі. Тұтқындардың барлығының кеудесіне «шығыстан келген жұмысшылар, құл» деген мағынаны білдіретін OST деген белгі іліп қояды. Саусақ таңбаларын алып, фотоға түсірген соң оларды сатуға шығарған.
Надежданы жергілікті фермерлердің бірі сатып алған. Оған үй-жайды жинау, сиыр сауып, бақшада жұмыс істеуді тапсырады. Таңның атысы, күннің батысына дейінгі мұндай жұмыстарды Польшадан келген тағы бір күң екеуі бірге істейді.
Надежда Фартусова бір күні фермердің әйелімен жанжалдасып қалғанын айтады. «Аяқ киіміңді дұрыс тазаламағансың» деп ұрғысы келген әйелге қарсылық танытқаны үшін оны үш күн карцерге қамайды.
Надежда Фартусова бұл үйде үш жарым жылдан артық жұмыс істеген.
«МЕН ДЕ СОҒЫСТА БОЛДЫМ ҒОЙ»
Қарияның қызы Татьяна Шалагинованың айтуынша, Германияның ынтасымен Ресейде құрылған «Өзара түсіністік пен татуластық» ұйымы оның анасын 2000 жылы «концлагерь, гетто және өзге де мәжбүрлеп ұстау орындарында тұтқында болған адам» ретінде мойындады.
Татьяна Шалагинова Германиядан анасының фотосуреті бар кітап пен анықтама әкелгеннен кейін ғана оның тұтқында болғанын Қазақстанда дәлелдеуге мүмкіндік туған.
– Анамның фотосуреті қазір де Германияның Рендзбург қаласындағы музейде тұр, – дейді Татьяна Шалагинова.
Бірақ Надежда Фартусованың халық жасағының құрамында болғанын бәрібір дәлелдей алмапты.
– Куә керек, – дейді Татьяна Шалагинова. –Бірақ оны қайдан табамын? «пәлен күн майданда болса, Ұлы Отан соғысының ардагері болып саналады» дейтін қаулы да бар. Анам халық жасақшысы болған, жарақат алған, арқасындағы жүк салғышына оқ тиген. Мұның барлығы да тиісті орындарға жазылды, жанында болғандардың аты-жөні көрсетілді.
-Әскери комиссариатқа да, қорғаныс министрлігіне де, адам құқығы жөніндегі уәкілетті өкілге де, тіпті Қазақстан президентіне де хат жазып, сұрау салдық. Сотқа да шағым түсірдік, бірақ сот шағым-арызды қараудан бас тартты,-дейді Татьяна Шалагинова.
– Барлық орыннан: «Сұрау салдық, қосымша хабарлаймыз» деген шығарып салма жауаптар ғана алдық,-дейді Татьяна Шалагинова. –Заң қандай әділетсіз: егер анам 17 жасында қашып кетпегенде, соғыс тұтқыны ретінде қазір жеңілдіктер алып отырар еді. Шешемнің шешесі партизан болғанын, анам оны білмесе де жанында жүргенін де жаздым.
Татьяна Шалагинованың сөзіне қарағанда, қазір мемлекеттік орындар оның анасын қаперіне де алмайды. Зейнетақыдан өзге ештеңе де бермейді.
– Өзі тіркелген зағиптар қоғамынан өзге ешкім есіне де алмайды. Әкем, яғни ұлы Отан соғысының ардагері жұмыс істеген мекеме әр кварталда екі мың теңгеден жібереді. Оларды мәжбүрлеп жатқан ешкім жоқ, Ұлы Отан соғысы ардагерінің әйеліне өз еріктерімен жасап отырған титімдей болса да құрметтері ғой, – дейді Татьяна Шалагинова.
Татьяна Шалагинова жәрдем күтіп те, дәлелдеп те шаршағанын, анасының бір көзі мүлде жоқтығын, ал екіншісі аздап қана көретінін айтады.
– Көшеге шыға алмағанымен өз аяғымен үйде жүріп, тұра алады. Теледидар тыңдайды, «мен де соғыста болдым ғой, мен жөніндегі хатыңа жауап жоқ па» деп сұрайды».