Жаңаөзендегі атыстың шатырдан түсірілген көрінісі

Your browser doesn’t support HTML5

"Ютуб" порталында Жаңаөзендегі шерушілерге оқ атылған кезде түсірілген тағы бір бейне таспа жарияланды.

Жаңаөзендегі қайғылы оқиға туралы тағы бір бейнетаспа Youtube порталында тарады. 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында жаппай тәртіпсіздіктер болып, шерушілерді тарату үшін полиция қару қолданған.

Бұл бейнетаспаны Жаңаөзеннің орталығындағы ғимараттың, әлде тұрғын үйдің шатырынан түсірген жас жігіттер болса керек. Олардың оқиғаны камераға түсіріп тұрып, өзара әңгімесінде арнайы қызмет сарбаздары алаңдағы жұртқа қаратып бос патрондармен атып жатқан болуы керек деп айтқан сөздерін естіледі.

Жаңаөзенде 16 желтоқсан күні алаңдағы қақтығыстан көптеген адам құрбан болды. Ресми деректерге қарағанда, 16 кісі опат болып, ондаған адам жарақат алған. Дегенмен де Жаңазеннің кейбір тұрғындары мен бірқатар журналистер қалада қаза болғандар мен жараланғандар саны ресми хабарланып жатқаннан әлдеқайда көп екендігін айтады. Жаңаөзен оқиғсында хабар-ошарсыз жоғалып кеткен адамдар жөнінде де хабарлар бар.


Жаңаөзен оқиғасынан кейін билік 16 желтоқсан күні алаңдағы адамдарға қарсы полиция тарабынан өздерін қорғау, қорғану мақсатында әскери қару қолданылғанын мойындады. Бірнеше полицияға қарсы қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде де мәлімделді. Алайда күдіктеліп, іс қозғалған полицияның нақты саны мен олардың аты-жөндері хабарланбайды.

Қазақстан шенеуніктері Жаңаөзендегі қайғылы оқиғадан түсірілген бейнетаспалар зерттеліп, тергеу-тексеру амалдары барысында пайдаланылады деп мәлімдеген болатын.