Жаңаөзендік Майра Тұрсынәлиева «күйеуіме жала жабылды» деп шағымданады. Оның зайыбы Жалғас Шалғынбаевқа тағылған ең басты айып – Жаңаөзенде көз жұмған 17 адамның бірі Атабай Құлқайыровтың өліміне байланысты.
Жаңаөзендегі УОС-2 мекемесінде машинист болып жұмыс істейтін 30 жастағы Жалғас Шалғынбаевтың абақтыда жатқанына бір жарым айдай болған. Ол әйелінің айтуынша «кісі өлтірді», «біреудің көлігін ұрлады», «бұзақылық шабуыл жасады, заңсыз қару ұстады» деп айыпталған.
ТҰТҚЫНДАУ
Жалғас Шалғынбаевтың жұбайы Майра Тұрсынәлиева күйеуін желтоқсанның 24-і күні түнде алып кеткенін айтады.
- Алдымен күндіз күйеуімді іздеп, өздерін «жедел іздеу тобы қызметкерлеріміз» деп таныстырған Адай Үмбетов, Руслан Дәулетбайұлы келді. Олар Жалғасты бір қылмысқа байланысты іздеп жүргендерін айтқанмен, басқа ештеме ашып мәлімдемей кетіп қалды. Сол күні кешке Жалғас келгенде өзін полицейлер іздеп жүргенін естіп таң қалып, «ертең барып білермін неге іздегенін» деген еді, – дейді Майра.
Арнайы полиция жасағы Жалғас Шалғынбаевты сол күні, желтоқсанның 24-інде кешкі сағат тоғыздар шамасында тұтқындаған.
- Біз бала-шағамызбен ұйқыға дайындалып жатыр едік. Жалғас мәйкішең сыртқа
Оның айтуынша, өзін «тергеуші Нұрлан Таңатаров» деп таныстырған қара папкалы кісі «мынау сенің үйіңді тінтуге әкелінген қағаз» деп Майраның қолына бір жапырақ қағаз ұстатқан. Ол қағазда «17. 12.2011 жылы күндізгі сағат 11.30-да «Арай-1», 1-көшедегі 43-үйдің маңында «Мазда-626» көлігінде болған кісі өліміне байланысты қылмыстық іске қатысы бар деп сезікті деп табылған Жалғас Шыңғысбаевтың үйін тінтуге рұқсат қағаз» деп жазылған.
Майраның сөзіне сүйенсек, үйді тінткен адамдар ешнәрсе таба алмаған.
- «Жалғастың киімін, жеке бас куәлігін әкел» деді. Тонының қалтасынан әмиянын шығара бергенім сол еді, бір спецназ әлгі әмиянға жармасты. Оның ішінде сол күні банкоматтан чегімен қоса алынған 150 мың теңге ақша бар еді. «Мынау ұрланған ақша ма?» деді. Көршілерім жабылып, чегін көрсетіп, әзер алып қалдық, - дейді Майра Тұрсынәлиева.
«Күйеуім ереуіл күні үйде болған»
- «Киімін кигізіңдерші» дей беріп едім, оны шоқпармен пергілеген, бұған дейін үйіме келіп кеткен Адай Үмбетов деген полиция қызметкері «киім кигізіп отыратын уақытымыз жоқ» деп алып жөнелді. Тек пакетті лақтырып үлгердім, - дейді Майра Тұрсынәлиева.
Ол тінтушілер есік алдында тұрған «Волга» автокөлігінің аккумуляторын да суретке түсіріп алғанын айтады.
- Әлгі тергеуші маған «ертең Жаңаөзен ішкі істер бөліміне, 314-кабинетке кел» деп шақырып кетті. Күйеуімнің ереуіл күні үйде болғанын дәлелдемек болған әрекетімнен түк шықпады, - дейді жаңаөзендік әйел.
ОН ЖЕТІ КУӘ
Майра Тұрсынәлиева күйеуі Жалғас Шалғынбаевтың 16-17 желтоқсан күндері демалыс болған соң Жаңаөзеннен 40 шақырым жердегі Сенек ауылындағы үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтады.
- 16 желтоқсанда біз ештемеден хабарымыз жоқ, үйімізде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанбыз. Сол күні үйге келген көршім Асылай қалада ереуілдің соңы атысқа ұласып, көк түтін болып, банкоматтар шағылып, тоналып жатқанын естігенін айтып кетті. Ертесінде жездемді кездестіргенімде, ол адамдардың азық-түлікті
Алайда Майра Тұрсынәлиева Сенектің дүкенінде кезекте бірге тұрған 17 адамды куәлікке тартса да, оның себі тимегенін айтады. Тергеуші Жалғас Шалғынбаевтың екі айға қамалғанын, енді онымен кездесуге рұқсат берілмейтінін хабарлапты. Майра Тұрсынәлиева содан кейін адвокат жалдаған екен.
«БӘРІБІР ТҮРМЕГЕ КЕТЕСІҢ!»
- Күйеуімді сол беті алып кетісімен апарып Жаңаөзеннің ішкі істер басқармасының ішінде еденге жатқызып, әбден тепкілеген. Оны содан соң бір айдан аса, қаңтардың 31-і күні Ақтауда бір көрдім. Бар болғаны 15 минут сөйлестім. Үстінен сау-тамтық жоқ. «Мені неге қинап жатқанын түсінбеймін. «Өлтірген адамыңды мойныңа ал» деп жатыр. Мен кімді мойныма аламын? Целлофанды басыма орап, ауа жеткізбей қылқындырғаннан есім ауып құладым» деді. «Мұның бәрін істеген кім?» десем, Қуаныш Байзақов деген полиция қызметкері екен, «мойында» деп зорлап отырған ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Бақытқалиұлы екен, - дейді Майра Тұрсынәлиева.
«Мойныңа ал» дейді. Кімнің өлімін мойныма аламын? Басыма целлофан орап, қылқындырғанда есім ауып құладым»
Бас прокурор Асхат Дауылбаев 25 қаңтарда ресми мәлімдеме жасап, бір топ полиция қызметкерлерінің жауапқа тартылғанын хабарлаған еді. Олардың арасында Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ерлан Бақытқалиұлы да бар.
- Кейбір әйелдер күйеулерін бүйрегінен соғып, жүре алмай жатқандарын естігендерін айтып жылап тұрды. Олардың арасында азаптауға шыдамай жаланы мойынына алғандар да бар. Бірақ менің күйеуім «жасамаған затымды мойындап жер басып жүре алмаймын. Сірә, мені қорлап жатырсың ғой, өлтіре ғой, істейтініңді істей ғой» деп мойындамаған, - дейді Майра Тұрсынәлиева.
«Бүйрегінен ұрғанда жүре алмай қалғандар, азаптауға шыдамай жаланы мойынына алғандар да бар»
ҚЫЗЫЛ «МАЗДА»
Майра Тұрсынәлиева күйеуінің «кісі өлтіргенін көрген» куәлер бар екенін естігенде таң қалғанын айтады.
- 17 желтоқсан күні қызыл «Мазда» мінген, қоңыр курткалы, джинс шалбарлы жас жігіттің бір адамды көшеге лақтырып кеткенін дүкенге бара жатқан ерлі-зайыпты адамдар кездейсоқ көрген екен. Кейін қылмысқа куә адамдар бар екенін естіген полицейлер оларды үйлерінен ұстап әкетіп, азаптап, ұрып-соғып, «өлтірген осы жігіт» деп жаздырған. Сол ер адам кейін босап шыққан соң жездеме хабарлап айтып, кешірім сұрайды. Сөйтсек, олар біз бұрын үй жалдап жүрген жылдардағы көршілеріміз болып шықты. Беттесу кезінде Жалғасты танитынын айтқан, - дейді Майра Тұрсынәлиева.
Ол күйеуінде де түсі қызыл «Мазда» көлігі бар екенін айтады.
Майраның айтуынша, жаңағы куәлік берген ерлі-зайыптылар қазір Жаңаөзендегі үйлерін тастап, қорқыныштан Қызылтөбе ауылындағы туыстарына кетіп қалған.
- Мен марқұмның әйелінің арызын оқыдым. Желтоқсанның 17-сі күні қонаққа келген қызын бала-шағасымен үйіне апарып тастауға шыққан күйеуінің сол беті оралмағанын жазыпты. Кейін желтоқсанның 19-ы күні оған хабарласқан тергеушілер марқұмның көлігінің даладан табылғанын, аккумуляторы жоқ екенін айтқан. «Өлтірген қылмыскерді тауып беріңіздер» деп жазыпты, - дейді Майра Тұрсынәлиева.
Майра Тұрсынәлиева ақпанның 13-і күні Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті бастығы Аманжол Қабыловтың атына арыз жазып, күйеуін полицейлердің азаптағанын айтып шағымданды.
«ӘРИНЕ, ӘЙЕЛІ КҮЙЕУІН АҚТАЙДЫ»
Жалғас Шалғынбаевтың адвокаты Ережеп Төлеуқұлов істің ақпанның 13-інде Жаңаөзен ішкі істер басқармасына қосымша тергеуге қайтарылғанын айтады.
- Менің бұған дейін істі қосымша тергеу жөніндегі талап арызымды Жаңаөзен қалалық прокуратурасы қанағаттандырған жоқ. Содан Маңғыстау облыстық прокуратурасына шағымдандым. Себебі «Жалғастың кісі өлтіргенін көрдім» деп куәлік берген ерлі-зайыпты Қалыш Нұрбекова мен Түгелбай Шалкеловтар кейін өздерін Адай Үмбетов, Қуаныш Байзақов, Руслан Дәулетбайұлы деген Жаңаөзен ішкі істер басқармасы полицейлерінің ұрып-соғу арқылы мәжбүрлегеніне шағым түсірген еді. Олардың арызы іске тіркелгенмен, тергелген жоқ. Іс қазір Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы тергеу бастығының үстелінде жатыр, - деді адвокат.
«Куәлік бергендер полицейлердің ұрып-соғу арқылы мәжбүрлегеніне шағым түсірген еді»
- Жалғас Шалғынбаевқа Қазақстан қылмыстық кодексінің 251-бабы (заңсыз қару-жарақ, оқ-дәрі, жарылғыш заттар мен құрылғыларды сақтау, сату, тарату, алып жүру) бойынша айып тағылды. Оның ісін сот қарап, қайта тергеуге жіберген. Енді бұл іс бойынша ақпараттарды Жаңаөзен қаласының ішкі істер басқармасының бастығы Амангелді Досахановтан ала аласыздар, - деді Шардарбек Спанов.
251-бап бойынша екі жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру шарасы қарастырылған.
Ал Жаңаөзен қаласының ішкі істер басқармасының бастығы Амангелді Досаханов Жалғас Шалғынбаевтың ісіне байланысты:
Жалғас Шалғынбаев 2011 жылы желтоқсанның 24-і тұтқындалды, ал одан бір ай өткенде, 2012 жылы қаңтардың 25-інде бас прокурор Дауылбаев Жаңаөзен оқиғасына қатысты мәлімдеме жасады.
Онда Сақтағанов, Жарылғасынов, Ермуханов, Досмағамбетов, Өткелов және Төлетаева тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушы ретінде аталып, 23 белсенді қатысушы мен бүліншілік пен тонаушылық жасаған 11 адамның анықталғаны айтылды. Дауылбаев олардың аты-жөнін хабарлаған жоқ.
«Күйеуім «жасамаған затымды мойындап жер басып жүре алмаймын. Мені қорлап жатырсың ғой, өлтіре ғой, істейтініңді істей ғой» деп мойындамаған»
Дауылбаев «Жаппай тәртіпсіздіктердің басқа да ұйымдастырушылары мен қатысушыларын анықтау және іздеу шаралары жалғаса беретінін» айтқан еді.
(Мақала Азаттықтың Жаңаөзенде жүрген тілшісі Қазис Тоғызбаевтың қатысуымен дайындалды)