"ШАЛҚЫП ӨМІР СҮРЕТІН ШАҒЫН ҒАНА ТОП"
Кемінде 238 адамның өмірін жалмаған Қаңтар көтерілісінен кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы "олигополия", "олигархия" туралы жиі айта бастады.
2022 жылғы 16 наурызда жасаған жолдауында Тоқаев өзі "суперпрезиденттік" деп атаған басқару жүйесін сынап, елде "шалқып өмір сүретін шағын ғана топтың" пайда болғанын мойындады. Сол арқылы ол өзін президенттікке әкелген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын түйреп өтіп, одан іргесін аулақ салғандай болды.
– Мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды, – деген президент мемлекет басшысының туыстарына жоғары лауазымды қызмет атқаруға заң жүзінде тыйым салуды ұсынды.
Тоқаевтың бұл ұсынысы Конституцияға енгізілетін өзгерістердің тізіміне кіріп, 5 маусымдағы референдумға шығарылды. Билік өкілдері және билікшіл блогшылар мен саясаттанушылар мұны саяси жүйені жаңартудағы ерекше қадамға баласа, ол кезде мемлекеттік хатшы лауазымын атқарған Ерлан Қарин мұны "суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға біржола көшуге" жол ашатын мүмкіндік деп атады.
Your browser doesn’t support HTML5
Бұл өзгеріс 5 маусымда өткен референдумда мақұлданып, бекітілді. Енді Конституцияның 43-бабында мынадай 4-тармақ бар: "Қазақстан Республикасы президентінің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ".
ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖАҚЫН ТУЫСТАРЫНА КІМДЕР ЖАТАДЫ?
Биыл сәуірде әділет министрі Қанат Мусин журналистерге берген сұхбатында бұл өзгеріс референдумда мақұлданса, ол қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туыстарына да қолданылатынын айтқан. Ол кезде Тоқаевтың күйеу баласы Теміртай Ізбастин Қазақстанның Болгариядағы елшісі еді. Журналистердің "Тоқаевтың күйеу баласы Ізбастин де қызметінен босатыла ма?" деген сұрағына әділет министрі "мұндай тыйым енгізілгеннен кейін барлығы заңға сай жасалады. Ол қызмет орнын босатады" деп жауап берді.
Алайда Ізбастин мырза қызметінен алынған жоқ. Қыркүйекте журналистер сұрағына жауап берген Қанат Мусин "Ізбастинды танымаймын" деді.
65 жастағы Теміртай Ізбастин – Тоқаевтың туған қарындасы Қарлығаның күйеуі. Ол дипломатиялық қызметті Тоқаев сыртқы істер министрі болып тағайындалған жылы (1994) бастаған. 25 жылы бойы Қазақстанның түрлі елдегі елшіліктерінде қызмет атқарған Ізбастин 2019 жылдың қарашасында туған қайын ағасы, яғни, президент Тоқаевтың жарлығы бойынша Қазақстанның Болгариядағы елшісі болып тағайындалды.
Дегенмен "Президент туралы" Конституциялық заңға өзгеріс енгізілген соң Ізбастинді жұмыстан алуға негіз болмай қалуы да мүмкін. Мәжіліс мақұлдап, сенатқа жолдаған заң жобасында президенттің жақын туыстарының тізімі жасалған, олардың арасында қарындасының күйеуі жоқ. Жоба бойынша президенттің жақын туыстары: ата-анасы, балалары, асырап алушысы, асырап алған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері, сондай-ақ жұбайы, жұбайының жақын туыстары, балаларының жұбайы, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілерінің балалары.
Азаттық 2022 жылғы сәуірде жарияланған зерттеуінде Теміртай мен Қарлыға Ізбастиндердің ұлы Бекеттің квазимемлекеттік секторға жататын PSA компаниясын басқаратынын да жазған. Жаңа заң бойынша ол да Тоқаевтың жақын туысы емес, яғни Бекет Ізбастин де бұл қызметін әрі қарай атқара беруі мүмкін.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаевтардың Женевадағы залды жөндеуі туыстарына қандай пайда әкелген?Дегенмен, сарапшылар авторитар режимде президент туысы байлық пен билікке ие болуы үшін қандай да бір номинал лауазымды атқаруы міндетті емес деп есептейді. Оның үстіне ел экономикасының маңызды салаларына тек жақын туыстар емес, президентке жақын кез келген адам ықпал ете алады. Оған Тоқаевтың өзі айтқан Назарбаев тұсында пісіп-жетілген олигополия дәлел.
Назарбаев билікте болғанда байығандардың барлығы бірдей жоғары лауазымды саяси қызметтер атқарған жоқ, көпшілігі тіпті жұрт көзіне де түспеді. Бұған қоса, Forbes-тың ең бай адамдар тізіміне енген азаматтар арасында Назарбаевтың алыс, жақын туыстары да, оның айналасындағы адамдар да бар.
"ОЛИГАРХИЯ" МЕН "ЖАҚЫН ТУЫСТЫҢ" АРАСЫ
Қазақстанды 30 жылдай билеген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында оның туыстары мен жақын серіктері елдегі ең ықпалды адамдарға айналды. Бауыры, қыздары мен күйеу балалары, неемерелері қызмет көрсету, шикізат өндірісі, құрылыс, сауда, көлік, банк салаларында жария да құпия түрде есепсіз байлыққа кенелді. Мемлекеттік қызметте жоғары лауазымға ие болып, ұлттық компанияларды басқарды. Қазақстан туралы зерттеу жасап, осындай қорытындыға келген сарапшылар елдегі жүйені "клептократия" деп бағалады.
Your browser doesn’t support HTML5
Осыны мысалға алған сарапшылар "жақын туыстарға" шек қоюдан мәселе шешілмейтінін айтады.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің айтуынша, Тоқаевтың өзі "барлық өкілетті қолына шоғырландырған" басшы туралы айтты, демек президент мәселенің лауазымды қызметке тұра алмайтын нақты бір адамда емес екенін жақсы біледі.
– Бұл шектеу билікті узурпациялауға, президенттің жақын туыстарының оған жақындығын теріс мақсатта пайдалануына, заңсыз баюына кедергі бола алмайды. Өйткені мемлекеттік қызметке, квазимемлекеттік секторға араласпай-ақ ол азаматтар президентке жақындығын басқа жолмен пайдалана алады, – дейді сарапшы.
Шалқар Нұрсейітов Тоқаевтың бұл шешімін "пайдасыз өзгеріс" және кезекті "саяси трюк" деп есептейді. Оның айтуынша, қазіргі президент Назарбаевтан артықшылығын "саяси популистік қадамдар арқылы" көрсетуге бейім.
"Мұның қоғам үшін, Қазақстан үшін пайдасы жоқ" дейді Нұрсейітов.
Ал саясаткер Дос Көшімнің айтуынша, Конституцияға мұндай шектеу енгізу – "ақымақтық".
– Мәселе қан жағынан туыстас адамдарда емес. Мәселе заңсыз баюға мүмкіндік беріп отырған саяси жүйеде. Сондықтан жүйе өзгермесе, бұл бап ешуақытта да жемісін бермейді. Тек туысқандары арқылы осы жүйені ұстап тұрады деген – ақымақтық. Жүйе туысқандар арқылы ғана жасалмайды. Ол осы бағыттағы топтар арқылы жасалады, – дейді Дос Көшім.
"Аманат" партиясының атынан сайланған мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров бұл өзгерістің мәні – басқа басшыларға үлгі ретінде көрсету деп санайды.
– Бұл бап жоғарғы лауазымда отырған шенеуніктер туыстарының мемлекет қаржысына қол сұғуына тосқауыл қоятын бірден-бір механизм болары анық, – дейді Сайыров.
Оның айтуынша, ол үшін әр азамат "Конституцияны қорғауды үйренуі керек".
Шалқар Нұрсейітовтың пікірі бойынша, мәселенің шешімі өте қарапайым, ол үшін "биліктің үш тармағы бір-бірнен тәуелсіз болуы керек" ал президент "атқарушы билікке жауапты саяси қызметкер ғана болуы тиіс".
– Президент қалған заң шығарушы және сот билігіне құзырын жүргізбеуі тиіс. Мемлекеттік бақылаушы органдар парламентке ғана есеп беретін болса, президент оларды өз мақсатына пайдалана алмайтын еді, – дейді саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов.
Ал Дос Көшім туыстық қатынастар билікке, байлыққа жетудің құралы болып кетпеуі үшін қолданыстағы барлық заң дұрыс жұмыс істеуі керек дейді.
– Сондықтан жүйе өзгеруі керек. Жүйе өзгеріп, сот билігі тәуелсіз болмай, ешқандай да жаңа баптар да, тармақтар да көмектеспейді, – дейді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қазақстанды Назарбаев мұрасынан толық арылтуға Тоқаевтың дәті жете ме?"Билігін сақтап, "жаңа патриарх" болғысы келеді". Президент Тоқаевтың сөзі мен ісіндегі қайшылықМиллиардтар жымқырды деген Сатыбалды медиациялық келісім жасаса ала ма?"Плюрализмнің саяси дәстүрі қалыптаспаған" Орталық Азиядағы саяси элитаның құбылуы