“ЖАҢА БЕЛАРУСЬ ШЕРУІ”
Беларусьте халық наразылығы жалғасып жатқанына екі аптадан асты. 23 тамыз, жексенбі күні ел астанасы Минск мен өзге де оннан астам қалада, кейбір есептер бойынша, жиыны 200 мыңнан адам қарсылық шеруіне шықты. Олар ширек ғасырдан астам уақыт билікте отырған Александр Лукашенконы “президент сайлауында 80 пайыз дауыс алды” деп жариялаған Орталық сайлау комиссиясының қорытындысымен келіспей, оны “дауысты дұрыс санамай, өрескел бұрмалады” деп айыптап, Лукашенконың биліктен кетуін талап етіп отыр.
Ресми мәлімет бойынша, оппозиция атынан түскен кандидат Светлана Тихановская 10 пайыз дауыс алған. Бірақ оның жақтастары ресми ақпарға сенбейді.
Елдегі ондаған өндіріс орындарының жұмысшылары сайлау кезіндегі заңсыздықтар мен бейбіт шеруге шыққандарға билік күштерінің қатыгездік танытуына наразылық білдіріп, ереуіл жариялаған. Құқық қорғау және атқарушы билік органдары, БАҚ, мәдениет ұжымдарынан көп адам өз еркімен жұмыстан кетті.
Жексенбіде Минскіде “Жаңа Беларусь шеруіне” қатысқан ондаған мың азамат “Кет!” (“Уходи!”) деп айқайлады. Қала көшесімен жүріп өтіп, Тәуелсіздік алаңына жиналған демонстранттар ортасында көлденең қызыл жолағы бар ақ түсті ту ұстап шықты. Наразылық символына айналған бұл жалау 1918-1919 жылдары Беларусь халық республикасының, 1991 жылдан 1995 жылға дейін тәуелсіз Беларусь мемлекетінің туы болған. Өткен аптада елдің қорғаныс министрлігі осы туды “фашистік” деп атап, армия тарихи “қасиетті орындарды” қорғайтын болады деп мәлімдеген.
23 тамызда полиция жасағы мен әскерилер Минскідегі Жеңіс алаңын тікенек сым, арнайы техникамен айнала қоршап, ешкімді өткізбей тұрды. Тәуелсіздік алаңынан шерумен келген демонстранттар тосқауылға кезіккен соң, қарсы әрекет жасамай, кейін қайтты. Бұдан тура бір апта бұрын, 16 тамызда дәл осы жерде өткен наразылық шеруіне, кейбір есеп бойынша, 100 мыңнан 220 мыңға дейін адам қатысқан болатын.
Сайлаудан кейін жеке қауіпсіздігін қорғау мақсатында Литваға кетіп қалған Тихановская Беларусь халқын өздері жасаған таңдауды бейбіт жолмен қорғауға, ал Еуропа кеңесін Беларусьтегі президент сайлауының қорытындысын мойындамауға үндеген.
Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишель Еуропа одағына мүше 27 елдің Беларусь сайлауының ресми қорытындысын мойындамайтынын мәлімдеген. АҚШ, Канада, Ұлыбритания да Беларусьте сайлау заңды, әділ өткен жоқ деп санайды.
Ресей, Қытай, Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, сонымен бірге, Венесуэла, Вьетнам мен Никарагуа басшылары Александр Лукашенконы "президент сайлауындағы жеңісімен" құттықтаған.
АВТОМАТ АСЫНҒАН ӘКЕЛІ-БАЛАЛЫ ЛУКАШЕНКОЛАР
Өзін Беларусьтің заңды президентімін деп санайтын Александр Лукашенконың жексенбі күні оқтан қорғайтын беренді кеудеше киіп, Калашников автоматын асынып, тікұшақпен Минскіні әуеден бақылағаны туралы видеоны билікшіл телеграм-каналдар жариялады. Видеода Минскідегі Жеңіс алаңына жақын жердегі Тәуелсіздік сарайының алдына келіп қонған тікұшақтан түскен Лукашенконың жанында оққағарларымен бірге әскери беренді киім киіп, автомат асынған 15 жасар ұлы Николайдың да еріп жүргені байқалады.
Келесі бір видеода қолына автомат ұстап, беренді кеудеше киген Лукашенконың Тәуелсіздік алаңы алдындағы жолды жауып, иық тіресе тұрған қарулы жасаққа жақын келіп, оң қолын көтере, бас бармағын шошайтып: “Жігіттер, рақмет, жарайсыңдар! Біз оларды жөнге саламыз!” деп айтады. Әскерилер оның сөзін қолпаштап, қол шапалақтайды.
Лукашенконың баспасөз хатшысы Наталья Эймонт басшысы “наразылар сарайды алмақшы болып келген кезде сонда отырған” деп мәлімдеді.
Александр Лукашенко өткен аптада биліктің ұйымдастыруымен өткен жиындарда наразылыққа қатысушыларды “шетелдің айдап салуымен елдегі тұрақтылықты шайқалтқысы келетіндер” деп атап, оларды “жөнге келтіруге” уәде еткен.
Биылғы сайлауалды науқан кезінде Беларусьтегі “жағдайды ушықтырып, іріткі салғысы келеді” деп Ресейді айыптап мәлімдемелер жасаған Лукашенко сайлау өткеннен кейін “наразылардың қолтығына су бүркіп отыр” деп АҚШ пен өзге батыс елдерін айыптауға көшкен. Ол 16 тамызда Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Кремль сайты екі тарап Минскіге "сырттан жасалып жатқан қысым" жайлы айтқанын хабарлаған.
Лукашенко өткен аптада билікке наразы халықтың талабына мойынсұнған Гродно облысының губернаторын алмастырып, сол аймақтағы әскери бөлімді жоғары дайындық қалпына келтірді. Ал қаладағы ереуіл жариялаған кәсіпорындарға “дүйсенбіден бастап құлып салуға” уәде етті.
БЕЙБІТ ШЕРУШІЛЕРГЕ ҚАТЫГЕЗДІК ТАНЫТҚАНДАРДЫ ЖАЗАЛАУ ТАЛАБЫ
Александр Лукашенко сайлаудан кейін елде наразыларды жаппай ұстап, қатыгездікпен ұрып-соғып, азаптаған полиция жасағынан зардап шеккендер туралы фотосуреттердің “60 пайызы қолдан жасалған” деп мәлімдеп, құқық органдарының “қателігін кешіруге” үндеді.
“Олар да сендердің адамдарың. Егер қандай да бір қателік жіберсе, кешіре салыңдар”, - деді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Беларусьтегі наразылық фотограф көзіменЛукашенко полиция жасағынан зардап шеккендер суреттерінің көбі жалған деп мәлімдеді.
“Бұл фейктер эфирімізді үнемі толтырып отырады. Интернетте отырғандардың 60 пайызы көгерген жерін көрсетті, 60 пайыз өтірік сурет. 60 пайыз! Уақыт өтеді, біз сендерге бәрін сабырмен айтамыз, көрсетеміз. Қазір бұл туралы айтатын уақыт емес. Бұл адамдарды дүрліктіріп жібереді”, - деді ол.
9 тамыздағы сайлаудан кейінгі күндері Беларусьтің түкпір-түкпірінде болған наразылықтар кезінде 7 мыңға жуық адам қамалған. Полиция резеңке оқ пен құлақ тұндыратын граната қолданған. Қазірге дейінгі мәлімет бойынша, кемінде төрт адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алған. Кемінде бір жағдайда әскери қару қолданылған.
Қамауда отырып шыққандар өздерін қатты ұрып-соғып, азаптағанын мәлімдеген, куәгерлердің сөзі жазылып, жарақат іздері түсірілген көптеген фото, видеолар әлеуметтік желіде тарады. Қамауда әлі де ондаған адам отыр, бұған халықаралық қауымдастық алаңдаушылық білдіріп жатыр.
Жексенбі күні әлемнің бірқатар елінде Беларусь халқымен ынтымақтастық акциялары өтті. Литвада елу мыңға жуық адам ел астанасы Вильнюс қаласының орталығынан бастап Беларусьпен шекараға дейін 32 шақырымға созылған шеп түзіп, қол ұстасып тұрды. Латвия астанасы Ригада 400-ге жуық адам Беларусь туын көтеріп акция өткізді. Грузия астанасы Тбилисиде белсенділер Беларусь елшілігінің алдына жиналып, әділ сайлау мен азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуді талап еткен Беларусь халқына қолдау білдірді. Ресей астанасында да Беларусь елшілігінің алдына қолдау акциясы өтті, оған қатысқан бірнеше адамды Мәскеу полициясы күштеп әкетті.
Беларусьтегі қарсылық шеруінде қамауға алынғандардың әңгімесі
Your browser doesn’t support HTML5
ИНТЕРНЕТТІ ШЕКТЕУ МЕН БҰҒАТТАУ
Жексенбі күні таңертеңнен бастап Беларусьте интернет пен мобильдік байланыс сапасы күрт нашарлап, әлеуметтік желілер, Telegram және басқа да мессенджерлер ашылмай қалды "Жаңа Беларусь маршы" өтеді деп жоспарланған аудандарда интернет пен мобильдік байланыс мүлде істемей тұрды. Елдегі мобильдік байланыс операрторларының бірі – А1 компаниясының баспасөз қызметі "мемлекеттік органдардың талабы бойынша, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты компания Минскінің кейбір аудандарында 3G-желісінің өткізу қабілеті едәуір азайтылғанын, соның салдарынан дерек алмасу сапасын нашарлайтынын" хабарлады.
Беларусь сайлаушылары президент сайлауына дауыс берген күні, 9 тамызда да интернет байланысы нашарлап, әлеуметтік желі, мессенджерлер ашылмай, Лукашенконың оппоненттерінің ресурстары жұмыс істемей қалған еді.
Өткен аптада Беларусь ақпарат министрінің бұйрығымен 70-тен астам сайт пен VPN сервистері бұғатталған. Олардың арасында Азаттықтың Беларусь қызметінің сайты (Svaboda.org), Belsat, Euroradio және Mediazona Belarus бар. 9 тамыздағы президент сайлауының нәтижесін бақылау үшін іске қосылған zubr.in сайты мен Voice платформалары да бұғатталған. Беларусьтегі президент сайлауынан кейінгі қарсылық шерулерін күшпен жаншуды бақылап отырған "Вясна" адам құқығын қорғау ұйымының сайты да ашылмай тұр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жаппай наразылықты жаншыған соң билік Лукашенконың жеңісін жариялады