Сот кезінде сөз алған Навальный Ресей президенті Владимир Путинді айыптай сөйледі.
"Ол үшін күресудің жалғыз жолы – кісі өлтіру. Ол тарихқа улаушы ретінде енеді" деді Навальный. "Александр азат етушіні білеміз, парасатты Ярославты білеміз. Енді Владимир ішкиім улаушыны білетін боламыз" деді ол.
Мәскеудегі Симоновский соты Навальныйға 3,5 жыл тағайындап, 2014 жылы тергеу изоляторында, 2021 жылдың 17 қаңтарынан бері абақтыда отырғанын ескеріп, мерзімді 2 жыл 8 айға дейін қысқартты. Жаза өтеу орны – жалпы режимдегі колония. Бірақ саясаткердің заңгерлері апелляциялық шағым түсіре алады.
Your browser doesn’t support HTML5
НАВАЛЬНЫЙ БҰЛ СОТҚА ҚАЛАЙ КЕЛДІ?
Жемқорлықпен күрес қоры арқылы Путин мен оның айналасындағы серіктерінің байлығын әшкерелеп жүрген Навальный Ресей президентінің бас сыншысына айналды. Билік те қарап отырмады. Түрлі айып тағып, қылмыстық жазаға кесті, әкімшілік айыппен түрмеге жапты, президент сайлауына қатыстырмады, ал билік бақылауындағы пропагандалық аппарат оны бастан-аяқ қаралаумен айналысты. Белгісіз біреу Навальныйдың бетіне "зеленка" шашып, оппозиционердің көзі күйіп қалған кездер де болған. Полиция оппозиционердің жақтастарына да қысымды жиілетті.
Бірақ Кремль қысымы күшейген сайын, Навальныйдың танымалдығы мен беделі арта берді.
Навальныйдың Путиннің қытығына тигені сондай, ол оның атын атаудан түбегейлі бас тартты. Былтыр тамызда Алексей Навальный Томск-Мәскеу әуе рейсінде есінен танып, екі күн Омбы ауруханасында жатқаннан кейін, ес-түссіз күйі санавиация ұшағымен Берлинге жеткізілген. Санаулы аптадан кейін Германия Навальныйдың "Новичок" дейтін әскери қару саналатын умен уланғанын мәлімдеген. Навальныйдың улануы осылайша үлкен дауға айналып, оның мәселесін айналып өту мүмкін болмағанда Путин ол туралы пікір білдіруге мәжбүр болды. Бірақ бұрынғыша сыншысының атын атамады. "Берлиндегі науқас" деді, "Ол кімге керек еді?" деп бір айтты. Бірақ тәуелсіз сарапшылар бірауыздан Кремльдің Навальныйдан сескенетінін айтады.
"ИВ РОШЕ" ІСІ
Желтоқсанның соңында Ресей қылмыстық жазаны атқару федералдық қызметі (ФСИН) сотқа жүгініп, Навальныйдың "Ив Роше" ісі бойынша шартты жазасын түрме жазасына ауыстыруды сұрады. 2012 жылы басталған іс аясында саясаткер "Ив Роше" компаниясынан алаяқтықпен ақша ұрлады деп айыпталып, 2014 жылы 3,5 жылға шартты жазаға кесілген. 2017 жылы Еуропаның адам құқығы жөніндегі соты "Ив Роше" ісі Навальныйдың әділ сотқа деген құқығын бұзды деп ақтап шықты, Ресей жоғарғы сот бұл шешіммен келісіп, Навальныйға өтемақы төленді.
Навальный есін жия сала Ресейге қайтатынын, қайтпай қалса оның Путинге "үлкен сыйлық" болатынын, оған жол бермейтінін айтқан. Ал ФСИН қадамы Навальныйдың оралуын тездетті. 17 қаңтар күні Навальный Мәскеуге оралды, бірақ полиция оны әуежайдан ұстап әкетіп, келесі күні көшпелі сот оны "Ив Роше" ісі бойынша шартты жазаны түрме жазасына алмастыру туралы сот отырысы өткенше деп 30 күнге қамау туралы үкім кесті.
Your browser doesn’t support HTML5
ФСИН Навальный шартты жаза аясында "полицияға келіп белгілену шартын бұзды" дейді.
"МЕНІҢ КОМАДА БОЛҒАНЫМ ШЕ?"
Сот кезінде Навальныйға Ресей федералдық түрмесінің өкіліне сұрақ қоюға мүмкіндік берді. Саясаткер Берлинде ауруханада комада жатқанда полицияға келіп белгілене алмағанын жеткізді.
"Қайда болғанымды сіздерге қалай хабарлауым керек еді?" деп сұрады Навальный түрме өкілінен.
"Құжаттар тапсырып, келмеуіңіздің қисынды себебін түсіндіруіңіз керек еді" деп жауап қатты ресми өкіл.
"Менің комада болғаным ше? Одан кейін емделдім. Медициналық құжаттарды өткіздім. Менің мекенжайым мен байланыс дерегім сіздерде бар" деді Навальный.
Прокурорлардың Навальныйға сұрақ қою кезінде саясаткер бірқатар мәлімдеме жасап үлгерді.
"Сіздер менің қайда болғанымды білмедік дейсіздер. Бірақ президенттің өзі тікелей эфирде менің [Германияда] емделіп жатқанымды айтты емес пе?!" деді Навальный.
"Мен комаға түстім. Олар сіздерге менің денсаулығы мен қайда екенім туралы құжаттарды жіберді. Одан кейін ұшаққа мініп, ұшып келдім. Одан басқа не істей алар едім? Сіздер менің үйіме келгеніңізді айтасыздар. Әрине мен онда болмадым. Бірақ мен не істей алар едім?" деді сұрақ қойды Алексей Навальный.
Путин расымен де Навальныйдың Германияда екенін растайтын мәлімдеме жасаған. 17 желтоқсан күнгі кеңейтілген баспасөз мәслихатында ол "Берлиндегі науқасқа келер болсақ... мұның бәрі оның міндетті түрде уланғанын білдірмейді... Бірақ ол кімге керек? Оның әйелі маған жүгінді, ал мен оның Германияда емделуіне рұқсат бердім" деді.
Осыдан кейін судья Наталья Репникова Навальныйдан қазір қайда тұрып жатқанын сұрады. Саясаткер бұған мысқылмен жауап берді.
"Қазір ме? №1 тергеу изоляторында" деді Навальный Мәскеудегі атышулы "Матросская Тишина" абақтысын меңзей отырып.
Навальный айналасындағы шу – оның жемқорлық жөніндегі зерттеулері, сот отырыстары, улануы, драмаға толы оралуы, әуежайда қамауға алынуы, "Путин сарайы" дейтін сенсация фильмі, наразылықтар, ол наразылықтардың аяусыз жаншылуы – тек ресейліктердің ғана емес, бүкіл әлемнің назарын аударды.
Ұлыбритания, Еуропалық Одақ, АҚШ және бірқатар ел Ресейдегі наразылықтың жаншылуын айыптады. 23 және 31 қаңтар күндері бүкіл Ресей бойынша Навальныйды босатуды талап еткен наразылық акциясы өтті.
Your browser doesn’t support HTML5
Мәскеудегі сот отырысына 20 шақты елдің дипломаты қатысты. Халықаралық конвенцияға сәйкес, дипломаттар өзге елдегі сот отырыстарына іс қарауындағы адам өз елінің азаматы болу-болмауына қарамастан қатыса алады. шетел дипломаттары әдетте күн тәртібінде адам құқығы мәселесі тұрған сот отырыстарына барады.
Мұның қалыпты тәжірибе болғанымен, Батыс дипломаттарының Навальный сотына қатысуы Ресей сыртқы істер министрлігінің тітіркендірмей қоймады. Министрліктің баспасөз хатшысы мұны Ресей судьясына қысым көрсету деп бағалады.
"Бұл енді жай ғана егемен елдің ішкі ісіне араласу емес. Бұл – ұжымдасқан Батыстың Ресейге тұсау салуындағы жағымсыз әрі заңсыз рөлін ашық көрсету. Әлде бұл судьяға қысым көрсету әрекеті ме?" деп жазды ол Facebook желісінде.
НАРАЗЫЛАР ТАҒЫ КӨШЕГЕ ШЫҚТЫ, ОЛАРДЫ ТАҒЫ ҰСТАП ӘКЕТТІ
31 қаңтар күні ондаған мың ресейлік екінші Навальный елге оралғалы екінші рет көшеге шықты. Олар елдегі жемқорлыққа ашу-ыза білдіріп, саясаткердің босатылуын талап етті. Полиция жасағы оларды сойылдарымен аяусыз ұрып-соғып, оларға электрокер қолданды, 5,7 мың адамды ұстап әкетті.
Полицияның ұстап оқиғаға бейжай қарамаған адамдарды ұстап әкетуі қайта жалғасты. "ОВД-Инфо" басылымының мәліметінше, 2 ақпан күні Навальный үкіміне байланысты қарсылық акцияларында 1,4 мыңнан астам адам ұсталған.
Мәскеуде оқиға орнынан хабар таратқан тілшілер полиция жасағының көп болғанын, кей полицейлердің жетондарын бүркемелеп алғанын айтты.
Журналистер мен белсенділер көше бойында жай ғана кетіп бара жатқан адамдардың да себепсіз ұсталғанын хабарлады.
"БРЯНСК-СЕВЕР" ҚҰПИЯ СӨЗІ
"Дождь" телеарнасы полицияның ұсталған жас азаматты "Брянск-север" құпия сөзін айтқаннан кейін босата салғаны түсіп қалған видеоны жариялады.
БАТЫС ЕЛДЕРІ НАВАЛЬНЫЙ ҮКІМІН АЙЫПТАДЫ
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен АҚШ-тың Навальныйға кесілген үкімге алаңдаушылық білдіретінін айтты. "Алексей Навальный Ресейдің кез келген азаматы секілді Ресей конституциясында белгіленген құқықтарды қолдана алуы тиіс. Ал Ресейдің халықаралық міндеттері бар. Заң алдындағы теңдік қағидаты мен адамдардың сөз еркіндігі мен бейбіт жиынға деген құқығын сақтауы тиіс" деді ол.
Ал Ұлыбритания сыртқы істер министрі Доминик Рааб "Бүгінгі бұрмаланған сот шешімі, улауды ұйымдастырғандардың орнына улауға ұшыраған адамды құдалау Ресейдің халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесінен талап етілетін ең қарапайым міндеттерді орындай алмай отырғанын көрсетеді" деді.
Германия сыртқы істер министрі Хейко Маас өз мәлімдемесінде Алексей Навальныйға кесілген үкімді Ресейдегі адам құқықтары мен заң үстемдігіне ауыр соққы деп бағалады.
Франция президенті Эммануэль Макрон Алексей Навальныйды дереу босатуды талап етті. Саяси сұрақтар бойынша қарсылық білдіру қылмысқа жатпайды деді ол.
НАВАЛЬНЫЙДЫҢ "НОВИЧОКПЕН" УЛАНУЫ ЖӘНЕ ФСБ
Навальныйдың "Новичок" уымен уланғанын Германия үкіметінің өтінішімен жүргізілген үш тәуелсіз сараптама жасады. Ал Берлинге жеткенде комада болған Навальный қыркүйектің басында есін жиып, өз-өзіне келе бастады. Хәлі жақсарып, сұхбат беруге шамасы келгенде, ол улаудың артында Путин тұр, әскери химиялық қаруды оның рұқсатынсыз ешкім қолдана алмайды деді.
Навальныйдың бұл мәлімдемесін Bellingcat зерттеу тобы растап шықты. Зерттеу тобының желтоқсанның ортасында жария болған зерттеуі Кремль сыншысын улаған Федералды қауіпсіздік қызметі (ФСБ) екенін көрсетті. Осы күндерге Путиннің кеңейтілген баспасөз мәслихаты белгіленген. Мәслихат кезінде Путин бұл зерттеудің бас қорытындысын жоққа шығарды, бірақ ФСБ агенттерінің оны аңдып жүргенін мойындады.
Санаулы күннен соң Навальныйдың ФСБ агенті Константин Кудрявцев деген кісімен телефон әңгімесі жарияланып, "агент" улау операциясын растаған.