Түркіменстанда президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің қайтыс болғаны туралы қауесет таратушыларды ұстай бастады деп жазады "Настоящее время" басылымы "Хроника Туркменистана" сайтына сілтеме жасап. БАҚ дерегі бойынша, ұсталғандар арасында "Туркментелеком" компаниясы Лебап бөлімшесінің бір қызметкері, су шаруашылығы мен жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының екі жұмысшысы бар.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің қайтыс болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған ресми мәлімдеме мен жергілікті басылымдардың хабарларынан кейін әлеуметтік желілерде түркіменстандық эстрада жұлдыздарының "президент денсаулығы" туралы "жалған хабар" таратушыларға сенбеуге шақырған үндеулері жарияланды. Олар әлеуметтік желі қолданушыларынан өз парақшаларына жазбаларын #duryalan (#сыбыстытоқтат) хештегімен жариялауды сұраған деп хабарлайды Азаттықтың Түркімен қызметі - Азатлык радиосы.
"Бүгінде интернетте құрметті президент туралы аса жаман хабарлар тарады. Баршаңыздан ондай әңгімелерге сенбеуді өтінемін, ол - өтірік" деп жазған блогер Ягшы Гошунов. Отанды сүюге шақырып, президентке зор денсаулық тілеген ол жазбасында "жала жабушыларға" лағынет айтқан.
"Қазіргі кезде интернетте жалған хабарлар тарады, сіздер ол хабарларға сенбейді және қолдамайды деп үміттен" деп жазады түркімен әншісі Селби Тувакгылыджова Instagram-парақшасына.
"Алла ең алдымен президентті, сонымен бірге халқымызды отанын сатқандардан қорғасын" дейді әнші.
Шілденің 21-і күні YouTube-те оппозициялық "Свободный Туркменистан" арнасы Ашғабаттағы тілшілеріне сілтеме жасап, мемлекет басшысы "шілденің 20-сы күні бүйрек дерті асқынып қайтыс болды" деп хабарлаған еді. Соңғы рет көпшілік алдына шілденің 5-і күні шыққан президент Бердімұхамедов содан бері көрінбей кеткен.
Түркіменстанның шетелдегі елшіліктері Бердімұхамедовтің қазасы жайлы ақпараттарды "өтірік" деп жоққа шығарды. Д Шілденің 15-і күні президенттің баспасөз қызметі мемлекет басшысының демалысқа шыққанын хабарлап, оның немерелерімен ойнап жүргені түсірілген видео жариялады.
"Хроника Туркменистана" сайтының мәліметінше, президент ұшағын 12 шілдеде Германияда байқағандар бар. Хабарға қарағанда, ұшақ Германияға Бердімұхамедовтің науқас анасын жеткізген. Президенттің көпшілік алдына шықпауын "анасының қатты ауырып қалуымен" түсіндірген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Автократ басшының көзден таса болуы қауесетті өршітедіГурбангулы Бердімұхамедов Орталық Азиядағы табиғи газға бай Түркіменстанды 2006 жылдың желтоқсанынан бері басқарып келеді. Бұрын Түркіменстанның денсаулық сақтау министрі және осы елдің бірінші президенті автократ Сапармұрат Ниязовтың жеке дәрігері болып қызмет атқарған. 2006 жылы Ниязов қайтыс болғаннан кейін өткен президент сайлауында, ресми мәлімет бойынша, сайлаушылардың 80 пайыздан астамы Бердімұхамедовті қолдап дауыс берген. Содан бері ол тағы екі мәрте президент сайлауында жеңіске жеткен.
2016 жылы Түркіменстан конституциясына енгізілген өзгертулерден кейін мемлекет басшысының қызмет өкілетінің мерзімі бес жылдан жеті жылға ұзартылған. Бұған қоса президенттікке кандидаттың жасына қойылатын шектеу жойылған.
Бақылаушылар Түркіменстанда "Арқадағ" (жарылқаушы - ред.) атағын иеленген президент Бердімұхамедовті дәріптеу культі орнағанын айтады.
Биыл маусымның 29-ы күні Бердімұхамедов 62 жасқа толды. Бұрынғымен салыстырғанда биылғы рәсім ерекше өтті. Арнайы шарада имам мен министрлер Бердімұхамедовке денсаулық тілеп, дұға жасады.
Соңғы айларда Бердімұхамедовтің ауыр дертке шалдыққаны туралы алып-қашпа сөздер тарайтын болған. Әсіресе ол едәуір уақыт көпшілік алдына шықпай қалғанда әлгіндей сыбыс көбейеді.
Бердімұхамедов билікте отырған кезде оның ұлы Сердар Бердімұхамедовтің тасы өрге домалап, билікте мансабы жоғарылады. 37 жастағы Сердарды әкесінің жоғары биліктегі мұрагері санайды. Маусым айында әкесі оны Ахал уәлаятының (бұрынғы Ашғабат облысы) әкімі етіп тағайындады.
Түркіменстан - әлемдегі және Орталық Азиядағы ең жабық елдердің бірі. Бұл ел табиғи газ қоры бойынша әлемде төртінші орында тұр. БҰҰ мәліметіне сәйкес, Түркіменстан халқы кедейлік шегінде өмір сүреді. Құқық қорғаушылар Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовті адам құқықтарын аяққа таптап, оппозицияны басып-жаншып отыр деп айыптайды.