Анатолий Чепига туралы ауылдастары не дейді?

Руслан Боширов / Анатолий Чепига. Сурет ашық ақпарат көздерінен алынған.

Bellingcat сайты Скрипальды улаушылардың бірі деген күдікті Руслан Бошировтың Амурск тумасы екенін, жергілікті әскери училищеде офицерлік білім алғанын анықтады.

Азаттықтың "Сибирь.Реалий" сайтының тілшісі Ресейдегі Амурск облысының Березовка ауылына барып, Анатолий Чепиганың (Скрипальды улаушы деген күдікті Руслан Бошировтың шын аты-жөні солай деп айтады) туып-өскен жерін көріп, жергілікті тұрғындардың ой-пікірін естіп қайтты.

Березовка ауылы Зея өзенінің жағасында орналасқан. Ауылда үш мыңнан астам адам тұрады. Ауылдың басты көшесі теміржол станциясынан басталады. Сол арқылы Благовещенск облыс орталығына транзиттік пойыздар жүреді.

Үйлердің 90 пайызы 20-ғасырдың басында ағаштан салынған жер үйлер және 1990-жылдарда салынған екі қабатты кірпіш коттедждер. Ауылға кіре берістегі дүкен сатушысының айтуынша, Анатолий Чепиганың отбасы да осындай үйде тұрған. Сатушы өзін суретке түсірмеуді және аты-жөнін атамауды сұрады. Ол осы ауылда тұрған Толяның барлаушы болып шыққанына сене алмайды.

Дүкендер

Дүкен сатушысы: - Березовкада тұрып жатқаныма 30 жыл болды. Жаңалықтар қараймын. Скрипаль туралы естідім. Соңғыларын естімедім. Солсбериге барған екеудің сұхбаты ма? Көрдім.

Азаттық тілшісі: - Олардың біреуі Анатолий Чепига деседі.

Өте жақсы отбасы болатын. Анасы жылжымалы механикаландырылған колоннада бухгалтер болып істеді, әкесі басшы болды.

Дүкен сатушысы: - Білмеймін. Әке-шешесінің көшіп кеткеніне алты жыл болды. Ұлдары оқуға кеткен. Ата-анасы Благовещенскіге көшіп кетті. Жаңа мектептің қасындағы екі қабатты үйде тұрды. Үйдің бір жағына жақында жас отбасы қоныстанды, екінші бөлігінде жас мұғалім тұрады. Неліктен фамилиясы басқа?

Азаттық тілшісі: - Бой тасалау үшін.

Дүкен сатушысы: - Нақты сол екеніне қандай дәлел бар? ДНҚ бар ма? Жоқ! Онда неге ғайбаттайды? Өте жақсы отбасы болатын. Анасы ЖМК-да (Жылжымалы механикаландырылған колонна) бухгалтер болып істеді, әкесі басшы болды. Ол бала қалай барлауға барып жұр? Қисынға салсақ, кемпір болсам да үйлеспейтін нәрселер бар екенін түсініп тұрмын.

Азаттық тілшісі: - Видеодағы ер адам Толяға ұқсай ма?

Дүкен сатушысы: - Қалай ұқсасын? 13 жыл балалар үйінде істедім. 18 жастағы жігіт пен ересек еркекті қатар қойыңыз, танымай қаламын. 25 жыл оқудан соң мүлдем басқаша болып оралады. Одан бері қанша жыл өтті! Суреттен қалай танырсың? Оның үстіне түрін өзгерткен дейді.

ӨЗГЕ ТҰРҒЫНДАР ПІКІРІ

Дүкен қасында советтік кезеңде шыққан автокөлік тұр, онда егде жастағы әйел адам отыр. Ол бұрынғы ауылдастарын еске түсіре бастады.

- Баяғыдан бері тұрамын, Чепигалар туралы естімедім. Теледидар көруге уақыт жоқ, интернетті айтпай-ақ қояйын. Көзім ауырады. Тек бақшаға қараймын, - деді Алевтина Георгиевна.

Шамамен 40 жастағы, қолына лабрадор ұстаған жергілікті тұрғын мектепке баратын жолды көрсетті, бірақ Солсбериге қатысты пікір білдіргісі келмеді:

- Березовкада тұрғаныма көп болмады. Жаңалық көремін, Скрипаль туралы естідім. Сұхбатты көрдім. Саясатқа араласпаймын.

Анатолий Чепига оқыған үш қабатты кірпіш мектеп жұма күні жұмыс қызып тұрған кезде жабық тұрды.

Тұрғындардың бірі Анатолий Владимирович

Көрші үйдегі тұрғын, ақ шашты Анатолий Владимирович Анатолийдің әкесімен таныс болған, бірақ қазір отбасының қайда тұратынын білмейді.

- Чепиганы жақсы танимын. Жаңалық қараймын. Скрипаль туралы естідім, - деді ол.

Анатолий Владимирович: - Көрдім. Ұлы ма? Назар аудармаппын. Сақалы бар ма? Мынау ма? (Суретке қарайды). Суретте мүлдем ұқсамайды.

Азаттық тілшісі: - "Скрипальды улады" деген екі күдіктімен болған сұхбатты көрдіңіз бе? Олардың бірі Анатолий Чепига деседі.

Азаттық тілшісі: - Қалай ойлайсыз, біздің елдің ол іске қатысы бар ма?

Анатолий Владимирович: - Бұл іске араласқым келмейді. Өзіме қатысы жоқ нәрсеге бас қатырып қайтемін.

Президентіміз кезінде барлаушы болған. Қалағанын істеген. Егер ол бірдеңе істегісі келсе, америкалықтар мін таппай қалады

Азаттық тілшісі: - Чепиганың отбасы туралы айтыңызшы. Әскерилерге қатысы бар ма еді?

Анатолий Владимирович: - Ол ЖМК (Жылжымалы механикаландырылған колонна) басшысы болды. Бізге жылу беріп, сумен қамтамасыз ететін. Благовещенскіге кеткенін білемін. Өзі сондай адам еді - достары аз болатын. Кейін ақсаңдай бастады, жарақат алыпты, мүгедектік алды. Сорғы станциясына күзетші болып орналасты. Ұлы сол беті келмеді. Олардың бәрі мектеп бітірген соң қалаға кетеді ғой.

Анатолий Чепиганың әкесі жұмыс істеген "Ивановская" кәсіпорны

Азаттық тілшісі: - Қалай ойлайсыз, Петров пен Боширов әскери ме, әлде қатардағы адам ба?

Анатолий Владимирович: - Оны қайдан білемін. Президентіміз кезінде барлаушы болған. Қалағанын істеген. Егер ол бірдеңе істегісі келсе, америкалықтар мін таппай қалады. Жирен шаштының айласы біздің Путинге жетпейді. Ал мына жағдайдың бәрі – ағылшындардың арам ойы. Президентіміз айтқандай құйрықтарын бұлғаңдатып жүр, жеңіл жүрісті қыз сияқты.

Анатолий Чепиганың отбасы тұрған үй

Бұдан соң Юбилейная 23-үйдегі 2-пәтерге бардық. Анатолий Чепиганың отбасы бір кезде осында тұрған. Бақшасы мен биік дуалы бар жап-жақсы бау-бақшалы үй. Басқа үйлерге қарағанда тиянақты әрі күтім көрген. Қожайындар есік ашпады, тіршілік белгісі байқалмады. Көрші үйлер де тып-тыныш.

Татьяна Мироненко

Жалпы алғанда Березовка – адам аз жүретін ауыл екен. Көшеде бірнеше бала ойнап жүр. Машина көрінбейді. Қасымыздан өткен фельдшер дәрігер Татьяна Мироненкомен сөйлестік. Әр нәрседен хабардар, көзі ашық адам тәрізді. Березовканың "атақ-даңқы" туралы әлеуметтік желіден біліпті. Құрбыларымен талқылап, пікір түйіпті.

Мына ер адам жас Толяға да, Владимир Максимовичке де ұқсамайды

Татьяна Мироненко: - Толядан он жас үлкенмін. Мектепте оқып жүрген кезі есімде. Өзіміз де жас едік. Отбасын жақсы білемін, қызы жақсы есімде қалыпты. Оның ДВОКУ-ге (Қиыр Шығыс жоғарғы жалпы әскери командалық училищесі) түскенін білемін.

Азаттық: - Ең басты сұрақ – ұқсай ма?

Татьяна Мироненко: - Ұқсамайтын сияқты. Жоқ, мүлдем ұқсамайды. Бас формасы ұқсайтын шығар, бірақ 10-15 жылда адамның бұлай өзгеруі мүмкін емес. 30 жылда өзім дым өзгермедім. Сыныптастарым мені бірден таниды. Ал мында мүлдем басқа адам тұр. Кеше интернеттен көргенде, қыздар келіп көрсеткенде "ол емес" дедім. Ол бала кезінде әкесіне көбірек ұқсайтын. Ал мына ер адам жас Толяға да, Владимир Максимовичке (әкесі) де ұқсамайды.

Азаттық тілшісі: - Анатолийдің бұл іске қатысы бар деп ойлайсыз ба?

Татьяна Мироненко: - Жоқ. Отбасы өте жақсы, мейірімді болатын.

Азаттық тілшісі: - Ресейдің адам улауға қатысы бар екеніне сенесіз бе?

Татьяна Мироненко: - Саясатқа көп араласпаймын. Скрипальдар ісі туралы естідім. Олар кім, неге бізге қайта-қайта жаңалықта көрсете береді, ол жағын ұқпадым.

Азаттық тілшісі: - Күдікті саналатын Петров пен Боширов туралы не ойлайсыз?

Татьяна Мироненко: - Босқа күйіп жатыр деп ойлаймын. Біреуді ұстап беру керек болды. Скрипаль деген кім өзі, олар туралы айтқалы қанша ай болды. Мен үшін олар ешкім емес. Бірінші рет бұндай фамилияны естідім. Медведев, Путин десе немесе жергілікті үкіметтен біреуді айтса мейлі. Аудандық басшылар да маңызды. Ал мынаны түсінбедім. Кімнің рас, кімнің өтірік айтып тұрғанын жоғары білімім болса да ажырата алмадым. Маған ол керек те емес. Қарапайым тұрғындар мен халық үшін басқа проблемалар маңызды. Жұмыс болса, балалар мен немерелеріміз оқыса дейміз. Денсаулық, бейбітшілік болсын. Елді дамытатын бағдарламалар керек. Ауылда жақсы дүкен ашылса қуанамыз. Жаңа банкомат ашылса қуанамыз, басқа жаққа барудың керегі жоқ. Бізге сол қызық. Ал біреудің бір жаққа барғаны қызық емес.

Азаттық тілшісі: - Ал бұл оқиғаның соңы мемлекеттер арасындағы шиеленіске айналса ше?

Татьяна Мироненко: - Егер ниет болса, кез-келген нәрсені өршітіп жіберуге болады. Бұны сонша шулатты, басқаны да шулатады. Біреуді біреумен соғыстырып қойғысы келетіндер бар. Ананы мынау өлтірді деп шығара салады. Улады-уламады деседі. Мысалы, Украинада бір адамды өлді деп айтты, кейін ол тірі боп шықты. Бұдан соң кімге сенерсің? Көзбен көрген дүниеге ғана сенесің.

АУЫЛ ӘҢГІМЕСІ

Алексей есімді жас жігіт ауыл мектебін 10 жыл бұрын бітірген, Анатолий Чепиганың өзін көрмеген. Бірақ ауылда Боширов пен Чепига – бір адам деген әңгіме айтылмайды дейді.

- Боширов туралы репортажды көргендер көп, оның Чепига екенін біреу таныса, баяғыда білер едік, - дейді Алексей.

Жергілікті мектептің бір қызметкерін іздеп таптық, ол оқиғаға қатысты пікір білдіруге келісті. Бірақ аты-жөнін атамауды сұрады.

Мектеп қызметкері: - Ұжым өзгеріп кетті, жаңадан келген педагогтар көп, оны білетін, оқытқан адамдар қазір істемейді. Репортажды көрдік. Ол осында оқып, жақсы нәтижеге жеткен күннің өзінде ол туралы ешкім жаман нәрсе айтпайды деп ойлаймын.

Азаттық тілшісі: - Мектептегілер не дейді? Чепиганың Боширов екеніне сене ме?

Мектеп қызметкері: - Жоқ, мүлдем сенбейді. Интернеттен көрген суреттен ұқсастық таппадық. Жалған ақпарат болар. Біреуге сондай сыбыс тарату керек болды... Бұндай жаңалыққа таң қалып, шошып кеттік. Сондай шу тудырды, бәрі аң-таң. Білмеймін... Мұғалімдер оны танымайды. Ешкім сенбейді. Өз басымызда мәселе жетіп артылады, Скрипальда шаруамыз жоқ.

Анатолий Чепига оқыған Қиыр Шығыс жоғары әскери командалық училищеде ішкі тәртіпке сілтеме жасап, суреттегі ұқсастық туралы ештеңе айтпады.

Березовкаға көрші Николаевка ауылында Чепига туралы түк естімеген, олар осы аттас басқа ауылда тұрған шығар деген долбар болғанын айтты. Амурск облысында төрт Березовка бар екен.

Скрипальды улаушылардың бірі саналатын күдіктінің Анатолий Чепига болып шығуы мүмкін екені туралы ақпаратты Амурскінің кейбір БАҚ-тары да жариялапты. Бірақ олардың екеуі - "Амур.инфо" мен "Амурская правда" сәл уақыттан соң мәтінді сайттан алып тастады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Скрипальды уландырған зат қайдан шыққан?

"Сибирь.Реалий" тілшісі оның себебін анықтауға тырысты. "Амур.инфо" ақпаратты растай алмағандарын, шынайылығына күмәнданғандарын айтты. Екінші сайттың редакциясы да бастапқы дереккөз тарабынан деректерді бұрмалау бар деп күмәнданған.

- Журналистеріміз шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап, ақпаратты жариялады. Бірақ біз оны ресми дереккөздер арқылы тексеріп, фейк еместігіне көз жеткізгіміз келді. Нақты дерек алғанша ақпаратты сайттан ала тұруды ұйғардық. Оны растаған ақпарат түспеді, - деп түсіндірді "Амурская правда" бас редакторы Елена Павлова.

(Азаттықтың "Сибирь.Реалий"​ сайтының тілшісі Марьяна Римскаяның мақаласы орыс тілінен аударылды)