Ресей президенті Владимир Путин Украинаның Донецк облысында апатқа ұшыраған малайзиялық Boeing 777 жолаушылар ұшағына қатысты видео үндеу жасады.
Ресей президентінің сайтында шілденің 21-і, дүйсенбі күні Мәскеу уақыты бойынша түнгі сағат 1.40-та жарияланған бұл видеода Владимир Путин шілденің 17-сі күнгі ұшақ апатына Киевті жауапкер деп мәлімдеді.
"Маусымның 28-інде Украинаның шығысында әскери қимыл (Киевтің ресейшіл сепаратистерге қарсы антитеррорлық операциясын айтады - ред.) жаңғырмағанда бұл апат та болмауы ықтимал еді дегенді сенімді түрде айтуға болады" дейді Ресей президенті.
Ол малайзиялық Boeing 777 жолаушылар ұшағы апатын "қазір Украинада болып жатқан оқиғаға Ресейдегі біздің қалай қарайтынымызды тағы айтуға" керек сылтау деп сипаттаған.
Владимир Путин Украинаның Донецк облысындағы сепаратистерді "Донбасс өкілдері" деп атап, олардың апат орнында "жұмыс істеп жатқандарын" мәлімдеді. Мәлімдемеде халықаралық сарапшылардың апат орнында жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін "бәрін жасау керегі" де айтылған. "Апат орнында Халықаралық азаматтық авиация ұйымы аясындағы тұтас сарапшылар тобы, тиесілі халықаралық комиссия жұмыс істеуі керек" дейді Ресей президенті.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мүшелеріне Украинаның шығысында жолаушылар ұшағын атып түсіру оқиғасын айыптайтын қарар жобасы таратылды. Құжат нұсқасын әзірлеген Австралия дипломаттары жоба 21 шілде күні дауысқа салынуы мүмкін деп мәлімдеді. Жолаушылар ұшағына шабуыл жасап, ондағы 295 адамды өлтіргендердің ісін айыптаған қарар жобасында «кінәлілерді жазалау» туралы талап айтылған, сонымен бірге барлық елдерді «сот әділеттілігіне қол жеткізуге барынша ынтымақтастық танытуға» шақырған.
Ресейдің қарар жобасы мәтінінен қарулы топтар мен айғақ заттарды жасыру туралы айтылғандарды алып тастауды ұсынып отырғаны жайлы хабарланды.
Мalaysia Airlines әуе компаниясының Boeing 777 жолаушылар ұшағы 17 шілде күні Украинаның шығысында Донецк облысындағы Торез елдімекені маңына құлаған еді. Ұшақта болған 295 адамның барлығы қаза тапты. Ұшақта Австралия, Бельгия, Германия, Индонезия, Канада, Малайзия, Нидерланд пен Ұлыбритания азаматтары болған. Апат орнынан қазірге дейін 270 адамның сүйегі табылғаны хабарланды.
Украинаның шығысындағы қарулы сепаратистер Малайзия ұшағының апатына Украина әскерін айыптайды, Киев бұған сепаратистер кінәлі деп мәлімдейді.