Ресей жастарының билікпен «сұхбаты»

Ресей президенті Владимир Путин (экранда) Селигер лагерінде жастармен кездесіп отыр. 29 тамыз 2014 жыл.

Азаттық Ресей президенті Владимир Путин мен сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың «Селигер-2014» форумында жастармен болған «сұхбатынан» үзінділер ұсынады. Мұны жағымпаздықтың ерекше үлгісі десе де болады.

Ресей шенеуніктері билікке ұнау үшін Селигер лагеріндегі жастар сияқты жағымпаз болуы тиіс.

Кремль қаржыландыратын Селигер лагері Мәскеуден солтүстік-батысқа қарай 350 километр жерде орналасқан. Мұнда жыл сайын 11 мен 30 жас аралығындағы жастар жиналады. Олар көбінесе Ресейдің болашағын талқылайды. Бірақ бұл жерде пікірталас болмайды, талқылау көбінесе насихатқа ұласып жатады.

Азаттық Ресей президенті Владимир Путин мен осы елдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың өткен аптадағы Селигер лагеріндегі жастармен кездесуінен үзінділер ұсынады.

ПУТИННІҢ СЕЛИГЕРДЕГІ КЕЗДЕСУІ

Павел Садовников: - Владимир Владимирович, сәлеметсіз бе! Аты-жөнім – Садовников Павел, Ресей халықтар достығы университетінің аспирантымын. Біз - жас тарихшылар, мектепке арнап «Ресей тарихы» оқулығын әзірледік. Владимир Владимирович, бүгінгі кездесу менің туған күніммен дөп келіп тұр. Егер біздің оқулығымыздың тұжырымдамасымен келісіп, біздің орталыққа қолдау білдірсеңіз, мен үшін ең үлкен сыйлық сол болар еді. Көп рахмет сізге.

Владимир Путин: - Туған күніңізбен құттықтаймыз. Нешеге келдіңіз?

Павел Садовников: - 25-ке.

Владимир Путин: - Бұл дегеніңіз мерейтой ғой. Қалай атап өтпексіз?

Павел Садовников: - Атап өткенім сол емес пе - сізге өз оқулығымды тапсырдым. Соған разымын.

Екатерина Митягина: - Владимир Владимирович, сәлеметсіз бе! Киров қаласындағы Вятск мемлекеттік гуманитарлық университетінен келдім. Келгенімізге жеті күн болды. Жиналғандардың көбі - әлеуметтанушылар, сондықтан мұнда кішігірім рейтинг жасадық. Бізге дәріс оқыған спикерлердің сізді қаншалықты мақтайтынын және сынайтынын есептедік. Шағын зерттеуіміздің нәтижесі мынадай: сіздің атыңызды бір спикер алты рет атады, бұл – ең үлкен көрсеткіш. Сөз алғандардың барлығы дерлік сіздің атыңызды атады. Жалпы 40 мәрте есіміңіз айтылды. Олардың барлығы сізді жақсы жағынан сөз еткенін айта кетуіміз керек. Форумда сізге ешқандай сын айтылған жоқ.

Ресей президенті Владимир Путин Селигер лагерінде сөйлеп отыр. 29 тамыз 2014 жыл.

Владимир Путин: - Жаңа ғана мақтау да, сын да болды дедіңіз. Артынан сын пікір болған жоқ дегенге көштіңіз. Нақты айтыңызшы, жұрт мені сынады ма, жоқ па?

Екатерина Митягина: - Владимир Владимирович, бастапқы мақсат та осы болатын. Объективті әлеуметтанушы ретінде біз жақсы, жаман жақтарын байқауымыз керек. Бірақ, өкінішке қарай… сын айтылған жоқ, бағымызға қарай, қазірге дейін оны естімедік.

Владимир Нелюб (Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінің профессоры ): - Владимир Владимирович! Аты-жөнім – Владимир Нелюб. Жас оқытушымын әрі Бауман атындағы университеттің инжиниринг орталығы директорымын. Біз сізді қатты жақсы көреміз әрі Бауман университетіне шақырамыз. Студенттермен бірлесіп жасаған құрама глобусымызды сізге тарту етсек дейміз. Мұнда «Сүйікті президентімізге Бауманкадан» деп жазылған. Осыны тапсыруға рұқсат етіңіз.

Иван Гугнюк: - Сәлеметсіз бе, Владимир Владимирович! Аты-жөнім – Иван Гугнюк, Саратов мемлекеттік заң академиясынан келдім. Біріншіден, біз үшін, халқымыз үшін жасап жатқан барлық қамқорлығыңызға алғыс айтамын. Меніңше біз - Z заманының жастары, өзімізді 90-жылдардың буыны деп санамаймыз. Қазір, бәлкім, сіздің арқаңызда осы Z буыны білім буынына айналып жатыр. Осы үшін сізге үлкен рахмет.

Владимир Путинге глобус сыйлап жатыр. Селигер лагері, 29 тамыз 2014 жыл.

Амира: - Владимир Владимирович, атым – Амира, Дағыстаннан келдім. Ең алдымен сізге әжемнің атынан алғыс айтамын. Әжем – Қырым татары, сіз біздің ежелгі отанымызға қайта қосылуымызға мүмкіндік бердіңіз десе болады.

Гадиз Ибрагимов: - Владимир Владимирович, сіздің президент ретінде қызметіңізге санаулы жылдар қалды.

Владимир Путин: - Сеніміңізге рахмет!

Гадиз Ибрагимов: - Владимир Владимирович, сізге бір ұсынысым бар. Президенттік мерзіміңіз біткен соң, Дағыстан Республикасын басқару туралы ұсынысты қарастырып көрсеңіз қайтеді?

Владимир Путин: - Рахмет.

Гадиз Ибрагимов: - Сізбен бірлесіп донор-республикалардың қатарына қосыламыз деп үміттенемін. Тіпті сайлауалды штабыңызды басқаруға да әзірмін.

Анна Сазонова: - Қайырлы күн, Владимир Владимирович! Аты-жөнім – Сазонова Анна, әріпестеріммен бірге халықтар достығы университетінің атынан келіп тұрмыз. Өз пікірім - келбетіңіз келісіп-ақ тұр, кардиган сізге жақсы жарасады. Көп рахмет.

ЛАВРОВТЫҢ СЕЛИГЕРДЕГІ КЕЗДЕСУІ

Студент: - Алғыс айтуға рұқсат етіңіз. Біз сізді мақтан тұтамыз. Біз деп тұрғаным – осында жиналғандар. Бұл дегеніміз – тұтас Ресей. Мұнда еліміздің барлық түкпірінен өкілдер келіп отыр. Біз сізді мақтан етеміз. Сіз - өз ісіңіздің нағыз кәсіби маманысыз. Сіз - тең… теңдес… теңдесі жоқ дипломатсыз.

Путинге тілек жаздырып жатқан жастар. Селигер лагері, 29 тамыз 2014 жыл.

Сергей Лавров: - Рахмет.

Студент: - Бұл сөзді соңғы оқиғаларға бола айтып тұрған жоқпын. Украинадағы жағдайға байланысты Ресейдің ұстанымы мен мүддесін барынша қорғадыңыз. Сіз - орыс халқының махаббаты мен сеніміне, құрметіне баяғыда-ақ бөленген адамсыз.

Сергей Лавров: - Рахмет, рахмет.

Студент: - Себебі, қазіргі министрлердің арасында биліктің ұшар басында тұрғандары аз…

Сергей Лавров: - Көп рахмет.

Студент: - Сұраққа көшсем… Жоқ, сізге тағы да бір-екі ауыз алғыс білдіргім келіп тұр, егер рұқсат етсеңіз, әлі уақыт бар. Сіз биліктің жоғарғы эшелонына кіресіз, әлі күнге министрлік креслода отырсыз.

Студент: - Сәлеметсіз бе, Сергей Викторович. Менің алдымда сөз алған адам сізге марапатты жаудырды. Мен де біреуін қосайын. Сізді осы жоғары лауазымды қызметті 10 жылдан астам уақыт атқарып келе жатқаныңызбен құттықтаймын! Бұл өте маңызды!

Сергей Лавров: - Мақтауды жігіттерден естіп жатырмын. Мені әлі бірде-бір бойжеткен мақтаған жоқ.

Студент: - Мұндай мақтау алда да бола береді деп сенемін. Ресейдің жоғары лауазымды мемлекеттік тұлғаларымен кездесуге мүмкіндік бергені үшін «Селигер» форумының ұйымдастырушыларына алғыс айтамын.

Студент қыз: - Қайырлы күн, Сергей Викторович. Мен Красноярскідегі Сібір аэроғарыш университетінен келдім. Алдымен мақтауға қатысты бір олқылықтың орнын толтырсам деймін. Түр-келбетіңіз керемет. Сізді іскерлік костюммен емес, жай киіммен көрудің өзі қандай ғанибет.

Сергей Лавров: - Мақтаудың олқы жерін осылай толтырдыңыз ба? Сынай ма деп ойласам…

Студент қыз: - Сынаудың керегі не?!

(Үзінділерді орыс тілінен аударған – Мұхтар Екей)