"Телефоннан музыка мен видео тапса жазалайды". "Талибан" тепкісіндегі өмір

Ауғанстан астанасының сыртындағы бекетте тұрған қарулы тәліптер. 3 қазан 2021 ж.

Тәліптер көшеде өткен-кеткен кісіні тоқтатып, телефонын тексереді. Егер музыка немесе видео тапса, әлгі адамды ұрып-соғып, смартфонын тартып алады немесе көзін жояды дейді Азаттық сөйлескен ауған азаматтары. Талибанның кей мүшелері мұны жоққа шығарса, кейбірі мойындайды.

"ТЕЛЕФОНЫҢДЫ КӨРСЕТ!"

Кабулда тұратын Ясир (лақап есімі - ред.) дүкенін жауып, үйіне қайтып бара жатқанда "Талибан" содырлары тоқтатып, телефонын көрсетуді талап еткен.

– Олар телефонымды тексеріп, спортпен шұғылданғанда, спорт залында немесе достарыммен қыдырғанда түскен фотоларды көрді, – деді Ясир Азаттықтың Ауған қызметіне.

Ол тәліптер қудалауынан қорқып, шын аты-жөнін атамауды өтінді.

– Одан кейін олар мені соққының астына алды. Телефонымда музыка болғаны үшін ұрып-соқты. Қандай қылмыс жасағанымды сұрауға мұрша бермеді, – дейді Кабул тұрғыны.

Кабулдың ескі бөлігіндегі базарда өткен-кеткенді бақылап жүрген қарулы тәліптер. Ауғанстан, 14 қыркүйек 2021 ж.

Мұндай жағдайға тап болған жалғыз Ясир емес. Жер-жерде ауғандар "Талибан" содырлары телефонын тексеріп, ондағы фото-видеоны, байланыс нөмірлері мен әлеуметтік желідегі парақшаларды тексереді деп шағымданған.

"Талибан" телефоннан музыка мен видео тапса, азаптап, жәбір көрсетеді дейді Азаттық сөйлескен ауған азаматтары. Көбіне содырлар телефонды тәркілейді, сындырады немесе ондағы деректерді өшіреді. Тәліптер "музыка мен видео қатаң моральдық кодексті бұзады" деп санайды.

"АДАМДАРДЫҢ АР-НАМЫСЫНА ТИІП, ҚОРЛАУ"

38 миллион адам тұратын, әсіредіншіл және консервативті елдегі жұрт тәліптердің бұл ісіне ашулы. Ауғандардың көбі жеке деректерін бейтаныс біреудің тексеріп, ақтаруын қорлық санайды.

Жасмин есімді әйел көшеге телефон ұстап шықпайтынын айтты. Оның сөзінше, тәліптер оның бөлесін телефонынан музыка тауып алған соң соққыға жыққан.

– Олар оны достары мен өткен-кеткендердің көзінше ұрып-соққан, – дейді Жасмин Азаттықтың Ауған қызметіне.

Ол да қауіпсіздік мақсатында өзінің шынайы аты-жөнін атамағанды жөн көреді.

– Олар мұндай іс-әрекеті жұрттың ар-намысына тиетініне пысқырмайды да. Олар өзгеге тек экстремистік көзқарасын таңғысы келеді, – дейді Жасмин.

АҚШ пен НАТО күштерінің Ауғанстандағы қолбасшысы генерал Остин Скотт Миллер және Ауғанстан қорғаныс министрі міндетін атқарушы Асадулла Халидпен (ортада сол жақта тұр) бірге селфи жасап тұрған адамдар. Кабул, Ауғанстан, 26 ақпан 2020 ж.

"Талибан" – исламшыл радикал топ. 1996-2001 жылдары Ауғанстанда билікте болған кезде тәліптер музыка тыңдауға, тәуелсіз баспасөз құралдары жұмысына және бірқатар спорт түріне тыйым салған. Сондай-ақ әйел адамның жұмыс істеуіне, қыз баланың мектепке баруына рұқсат бермеген. Ерлерді намаз оқып, сақал жіберуге мәжбүрлеген.

Биыл тамызда Ауғанстанда билікке қайта келісімен "Талибан" қозғалысы сол репрессияшыл заңдарының көбін қайта енгізіп, бұрынғы саясатын жүргізе бастады.

Кабулда тұратын заңгер Субхан Мисбах тәліптердің телефонды тексеруі негізінен осы топ ұстанатын ислам заңдарына қайшы келеді дейді.

– Ислам шариғаты кез келген адамның өміріне рұқсатсыз қол сұғуға тыйым салады, – дейді ол. – Ондайға тек біреу қылмыс жасады деген күдікке ілінгенде немесе айып тағылғанда ғана рұқсат беріледі. Мұндай іс-әрекетке барғандарға қатысты тергеу жүргізу керек.

"ЗАҢ БҰЗҒАНДАРДЫ ЖАЗАЛАУ"

"Талибан" қозғалысы содырлардың қарапайым адамдардың телефонын тексергенін жоққа шығарды.

– Ешкімге телефон тінтуге рұқсат берілген жоқ, – деді "Талибан" өкілі Ахмадулла Уасық Азаттыққа. – Ондай оқиға жайлы естімедік.

Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы билікке келмей тұрған кезде кафеде телефон қарап отырған әйел. Кабул, 5 тамыз 2019 ж.

Бірақ қозғалыс құрамындағы "ұнамсыз" адамдарды анықтау үшін құрылған комиссия басшысы мүфти Лутфулла Хакимидің сөзі мұны жоққа шығарды.

– Адамдардың қалтасын ақтарып, телефонын тексеріп, олардың жеке өміріне неге қол сұғасыздар? – деді Хакими 23 қарашада Ауғанстанның оңтүстігіндегі Қандағар қаласында.

Ауғанстан жұрты тәліптердің мұндай әрекеті жаңалық емес дейді. 20 жылға созылған соғыс кезінде содырлар өздері бақылаған бекетте өткен -кеткен адамдарды тоқтатып, олардың телефонын тексеріп келген.

Кейбір ауған азаматтары өздеріне содырлар қорқытып күш көрсеткенін, телефонын тартып алып, кейде ондағы деректерді көшіріп алғанын хабарлаған.

"Талибан" қозғалысы өкілі Забихулла Мужахид. Кабул, 21 қыркүйек 2021 ж.

"Талибан" өкілі Забихулла Мужахид 2020 жылы қазанда Азаттыққа аудио жолдап, содырлар күдікке ілінген адамдардың телефонын тексеретінін мойындады.

– Телефонды фотосын немесе деректерін көру үшін тексермейміз. Күдіктілердің телефонын ақпаратты толықтыру үшін тексереміз. Оларды қамауға алып, [жауап алу үшін] алып кету керек пе, соны шешу үшін байланыс нөмірлеріне, басқа деректеріне қараймыз, – деді Мужахид.

Биыл тамызда Ауғанстанда тәліптер билікке келгеннен кейін олардың жазасына ұшыраудан сескенген кей ауған азаматы өздерінің цифрлық профилін жойып, хабарламаларын, музыка мен фотоларын өшіруге мәжбүр болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тәліптермен кездескен шетелдік делегацияның ешбірі қатарына әйелді қоспаған. Бұл екіжүзділік емес пе?Тәліптер ауған сәләфтарын қыса бастады. Мұның астарында не жатыр? "Талибанның" шариғаты несімен ерекше?