Ауғанстанның шығысындағы Нангархар уәлаятында тұратын Хакімулла діни сеніміне бола жәбір көріп, дискриминацияға жиі ұшырайтынын айтады.
Ол сәләфизм бағытын ұстанады және оның сөзінше, "Талибан" оған сол үшін қысым көрсетіп отыр. Бұл бағыт исламдағы сүннит ағымының радикалды сектасы саналады. Оларды кейде уахаб деп те атайды.
Тәліптердің көбі сүннит бағытындағы ханафи мәзһабын ұстанады. Сәләфтар да сүннитке жатады, бірақ өзге мәзһабтардың көбін күпір санайды.
Ауғанстанды өз бақылауына алған тәліптер билікке келе сала сәләфтарды қыса бастады. Қамауға алып, өлтірген жағдайлар да болды дейді сәләфтардың өзі. Олар сондай-ақ тәліптерді ондаған сәләфит мешіті мен медресесін, діни семинариясын жапты деп айыптап отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Талибанның" шариғаты несімен ерекше?ТӘЛІПТЕРДІҢ ХОРАСАН ТОБЫМЕН СОҒЫСЫ
Тәліптердің сәләфтарды жаншуы "Ислам мемлекеті" Хорасан тобына қарсы үдей түскен соғысына тұспа-тұс келді. Хорасан тобы мүшелерінің көбі осы сәләфтар екені мәлім. Ауғанстанда жүздеген мың сәләф тұратыны айтылып жүр. Олар негізінен елдің шығысындағы Нангархар, Кунар, Нуристан уәлаяттарында шоғырланған.
Хакімулла секілді сәләфтар осы екі топ арасындағы шиеленістің ортасында қалып қойғанын айтады.
"Билікті басып алғалы тәліптер ДАИШ-пен ("Ислам мемлекеті" экстремистік тобы – Ред.) соғысты күшейтті. Олар тоқылған тақия киіп, ұзын сақал жіберген адамдарды көлігінен шығарып, сәләф болғаны үшін қорлайды" дейді Хакімулла Азаттықтың Ауған қызметіне.
Сәләфтардың көбі расымен тоқылған, ақ түсті тақия (куфис) киіп, ұзын сақал жібереді.
Хакімулла Нангархардағы көптеген сәләф досының "Талибан" тұтқынына түскенін немесе солардың қолынан қаза тапқанын айтады. Бұл уәлаят Хорасан тобы мен тәліптер арасындағы қақтығыс орталығына айналған.
"Тәліптер сәләфтардың бәрін ДАИШ мүшесі көреді. Бұл әділетсіз, себебі ханафит бағытын ұстанатынның бәрі "Талибан" мүшесі емес қой" дейді ол.
Қыркүйекте Ауғанстанда сәләфтардың діни қызметкері шейх Абу Убайдулла Мутавакилдің ұрланғаны хабарланып, бірнеше күннен соң мәйіті табылған. Сәләфтардың көбі бұған тәліптерді кінәлайды. Ал "Талибан" мұны жоққа шығарады.
Сарапшылар тәліптердің сәләфтарға қарсы қатаң репрессиясы кері әсер беріп, Хорасан тобы мұны қатарына адам тарту үшін қолдануы мүмкін дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ислам мемлекеті" ұйымының Хорасан тобы туралы не белгілі?"Түптеп келгенде, мұның ДАИШ-қа пайдасы тиеді, себебі жаңа мүшелерді көптеп тартып, [сәләфтар арасында] көбірек қолдауға ие бола алады" дейді швед ғалымы, аймақтағы исламшыл радикал топтарды зерттейтін Абдул Саид.
15 тамызда "Талибан" Кабулды басып алып, жалпы амнистия жариялады, яғни бұрынғы үкіметке жұмыс істегендер мен өзгелерді қудаламайтынын айтты. Бірақ құқық қорғаушы топтар тәліптердің дарға асу, азаптау әрекеттерін тоқтатпағанын, ауған әскерінің сарбаздары секілді бұрынғы қарсыластарын қамауға алып жатқанын айтады.
"Талибан" сәләфтарды нысанаға алғанын жоққа шығарып келеді. Бірақ кейінгі айларда қозғалыстың сәләфтарға қарсы әрекеті күшейіп кетті. Тіпті оларды хариджит деп атады. Ал хариджит деп ислам тарихындағы ең ежелгі радикал сектаны айтады. Көпшілік оларды діннен адасқан санайды.
"Бұрынғы әскер, полиция, барлау қызметінің мүшелеріне, хариджиттерге амнистия жайлы тағы кепіл берілді" деп жазды 20 қазанда "Талибан" баспасөз қызметі Twitter желісінде.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәліптер ұйғыр жасағын Қытай шекарасынан шеттетті. Мұның астарында не жатыр?СӘЛӘФИЗМ ДЕГЕН НЕ?
Сәләфизм – исламның қатаң ортодоксалды қозғалысы. Дінді өзінің түсінігіне сай етіп қайта түлеткісі келеді. 18 ғасырда Араб түбегінде пайда болған. Бұл қозғалысты "Ислам мемлекетінің" Хорасан тобымен, оның қарсыластары "Әл-Қайдамен" және өзге де содыр топтарымен жиі байланыстырады.
Сәләфизм Ауғанстанға совет-ауған соғысы кезінде келген. Араб сәләфтары совет әскерімен соғысып жүрген моджахедтерге көмекке келген. Содан кейін бақуатты араб елдерінің қолдауымен Ауғанстанда сәләф мектептері мен мешіттері ашыла бастады.
Ханафи мәзһабы Ауғанстан, Оңтүстік және Орталық Азияның көп бөлігінде кең тараған. Әлем мұсылмандарының үштен бірі осы ағымды ұстанады. Ал осы ханафи мәзһабындағы "Талибанның" өте қатаң бағытты ұстануы 19-ғасырдағы Деобанди қозғалысынан бастау алады. Қозғалыс сол кезде Ұлыбритания колониясы саналған Үндістанда пайда болған.
1990-жылдардың басында Пәкістанда пайда болғалы тәліптер сәләфи топ – "Әл-Қайдамен" бірігіп, кішігірім сәләфит топтарды қатарына қосты.
Бірақ "Талибан" 2015 жылы пайда болған Хорасан тобына қарсы шығып келеді. Сол кезде екі топ арасында соғыс тұтанды. Хорасан тобын АҚШ дрондары мен ауған әскері де нысанаға алған. Олар топтың Ауғанстан шығысындағы базаларына шабуылдаған.
Ал екі ай бұрын Ауғанстан тәліптердің қолына өткенде Хорасан тобының шабуылы үдей түсті. Олар әсіресе шииттерге қырғидай тиді. Бұл топ шииттерді діннен безген санайды.
Сарапшылардың айтуынша, АҚШ әскерінің кетуі кезінде және тәліптердің Ауғанстанға өз бақылауын орнатуы барысында Хорасан тобының көптеген мүшесі түрмеден босап шыққан, осыдан кейін бұл топ жігерлене түскен.
8 қазан күні Хорасан тобының жанкештісі Құндыз уәлаятындағы шиит мешітін жарып жіберіп, 70-тен астам адам мерт болды, 140-тан астам адам жарақат алды. Бұл шетел әскері елден толық кеткен 31 тамыздан кейінгі ең үлкен қанды шабуыл еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кабул әуежайы маңындағы "бірнеше жойқын жарылыстан" 170 адам қаза таптыСарапшылар Хорасан тобы жаңа содырлар жинап, тәліптердің билігін әлсіреткісі келеді дейді.
"Хорасан тобы ондаған шабуыл жасады. Тәліптердің кейінгі репрессиясы сәләфтардың жергілікті мүшелеріне бағытталды, – дейді Джордж Вашингтон университетінің ғылыми қызметкері Эндрю Майнс. – Бұл – "Талибан" жанындағы тарихи маргинал жұрт. Хорасан тобы оларды тәліптерге сенуге болмайтынына, өзіне қосылудан басқа жолы жоғына сендіруге тырысады"
Сарапшылар тәліптер мен Хорасан тобының арасындағы шиеленістің күшеюін Ауғанстандағы соғыстың жаңа кезеңіне балайды.
Ал ауғандардың көбі бұл жағдай қантөгіске ұласа ма деп алаңдайды.
Нангархар уәлаятының орталығы Жалалабадта тұратын Алам бірнеше күн бұрын сәләфтардың оқу орталығында сабақ беретін көршісін ұрлап әкеткенін айтады.
"Оның қайда екені белгісіз. Отбасы оның не өлі, не тірі екенін білмейді, – дейді Алам аты-жөнін толық атамауды сұрап. "Сәләфтардың бәрі ДАИШ мүшесі емес. Оларды қудалау тоқтауы керек".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Батыс кетті, тәліп келді. Ауғанстанда 20 жылдың жетістігін сақтап қалу мүмкін бе?