Желтоқсанның 19-ы күні Анкарадағы Қазіргі заман өнер орталығында "Түріктер көрген Ресей" атты фотокөрмені ашуға барған Ресейдің Түркиядағы елшісі Андрей Карлов қастандықтан қаза болды. Елшіні тапаншамен атып өлтірген адам полициямен атыс кезінде оққа ұшты деп хабарланды. Түркия билігі шабуыл жасаушының "Анкара полицейі Мевлют Мерт Алтинташ" екенін мәлімдеді. Жергілікті БАҚ таратқан видеоларда қара түсті костюм-шалбар мен ақ көйлек киіп, қара галстук таққан қастандық жасаушы ер адам "Аллаһу әкбар!" деп айғайлап, "Сирия мен Алепподағы жағдай үшін кек алғанын" айтады. Өнер галереясында жасалған шабуыл кезінде бірнеше адам жараланған. Бір күн бұрын Түркияда Ресейдің Сирия президенті Башар Асадты қолдағанын айыптаған қоғамдық наразылық акциясы өткен еді.
Ресей сыртқы істер министрлігі әуелі Андрей Карловтың шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенін растап, кейін дипломаттың мерт болғаны туралы ресми мәлімет жариялады.
Өнер орталығындағы іс-шараға барған Қырғызстанның Түркиядағы елшісі Ибрагим Жунусов қастандық әрекетінің куәсі болған. Азаттыққа берген сұхбатында Жунусов: " Мен, Өзбекстанның елшісі мен [Андрей] Карлов үшеуміз бірге әңгімелесіп тұрғанбыз. Оған (Карловқа - ред.) сөз берілді, біз мінбердің қасында тұрдық. Қасында бір жігіт әрлі-бері жүрді. Күзетші деп ойлағам. Карловқа сөз берілген соң екі минут өтпей жатып, ата бастады. Оқ атқан адам: "Аллаһу Әкбар!" деп айқайлады да, бәрімізге "Жерге жатыңдар!" деп бұйырды. Адамдар қаша бастады. Қайта атыс басталды. Оғы таусылғанын байқап, кетуге ыңғайландым. [Біразымыз] көшеге шығып үлгердік, іште қалғандарды ол жібермей тұрды" деді.
Жунусовтың сөзінше, мәдени іс-шараға жүз шақты адам жиналған.
Қастандықтан соң іле-шала Түркия президентінің әкімшілігі "Тайып Ердоған Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті" деп мәлімдеді.
Дипломаттың денесі жеткізілген аурухана алдында журналистерге сұхбат берген Анкараның мэрі Мелих Гокчек "қастандық жасаушының Түркия мен Ресейдің қарым-қатынасын бұзуды көздегенін" айтты.
Елші Андрей Карловқа жасалған қатыгез қастандықты АҚШ, Ұлыбритания, Германия мен Франция бастаған Батыс елдері жаппай айыптап шықты.
Ресей мен Түркия - Сириядағы азаматтық соғысқа араласқан елдер. Бес жарым жылдан астам уақытқа созылған соғыс кезінде Ресей Сирияның автократ президенті Башар Асадты қолдап, былтыр оппозициялық көтерілісшілерге қарсы әскер кіргізді. Түркітілдес аз санды этностардың қауіпсіздігін сақтау деген желеумен Түркия да Сирияға әскер кіргізіп, шекараның екі бетіндегі күрд жасақтарына қарсы операция жүргізіп жатыр. Елден екі миллион сириялық босып кетті. Олардың бір бөлігі Батыс Еуропаға жетуге тырысқанымен көпшілігі Түркиядағы босқындар лагерін паналап жатыр.
Былтыр Сириядағы ресейлік ұшақты түркиялық әскер "шекара бұзды" деген айыппен атып түсірген соң Мәскеу мен Стамбулдың арасы күрт суыған. Ресей бірқатар Түркия тауарларын импорттауға тыйым салған болатын.
Биылғы маусымда Тайып Ердоған ұшақты атып түсіруге байланысты "өкініш білдіріп", Путинге хат жазған. Шілденің 15-інде Түркияда "болмай қалған әскери төңкерістен" соң 230 адам қаза тауып, билік Ердоғанның қарсыластарын жаппай қудалай бастаған. Бұл әрекетті Батыс елдері сынап шыққан. Соңғы жылдары Түркияның экономикалық дамуы да баяулап қалды. Бұдан соң Анкара "әскери төңкерісті жасаушылар мен ұшақты атып түсірушілер Түркия мен Ресейдің қарым-қатынасын әдейі нашарлатпақ болды" деп мәлімдеген.
Тамыздың 9-ында Санкт-Петербургте кездескен Ресей президенті Владимир Путин мен Түркия президенті Тайып Ердоған "ұшақ дауына" байланысты жеті айға созылған дипломатиялық теке-тірестен соң қайтадан қарым-қатынастарын жақсарту туралы уағдаласқан. Содан бері Анкара мен Мәскеудің арасы салыстырмалы түрде жақсарып, екі тарап тек Сирия президенті Башар Асадқа қатысты келіспей қалып жүрді. Ресей Асадтың билік басында қала беруіне мүдделі болса, Түркия Асад тұрғанда елдегі азамат соғысы мен жікшілдік бітпейді деп санайды.