Желтоқсанның 17-сінде Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов үкіметпен соңғы уақытта жиілеткен әдетіне сәйкес "видео-селектор" арқылы кеңес өткізген.
Қызмет үстелінің алдына қойылған мониторлардан президентке тіке қарай алмай бастары салбыраған күйі нұсқауларын жанталаса жазып жатқан министрлер мен орынбасарларының сұлбалары көзге түскен.
Сол күні үкімет басшысының орынбасары Есенмұрат Оразгелдиев Түркіменстанның мақта терімін жоспарланған 1 миллион 50 мың тоннадан асырып, 1 миллион 99 мың тонна өнім жинап алғанын айтқан.
"Хроника Туркменистана" оппозициялық сайтының жазуынша, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Вебсайт елдің ауылшаруашылық және су ресурстары министрлігінен қандай да бір жолмен анық статистика алдырғанын, оған сәйкес 2018 жылы жиналған мақта 450 мың тонна болып шыққанын хабарлады.
Вебсайттың мәліметіне сәйкес елдің бидайы да бітік шықпаған. Үкімет жоспарлаған 1 миллион 600 мың тоннаның орнына 538 мың тонна астық жиналған. Оның 30 пайызы жарамсыз өнім болып танылған.
Оппозициялық сайттың ақпараты рас болып шықса, бұл ақпарат Түркіменстан билігі бұған дейін таратқан жалған хабарлардың санын көбейте түседі.
Бұл жолғы егіннің аздығына бірнеше фактор себеп болғанға ұқсайды.
Түркіменстанның кейбір аймағында мамырдың басы жауын-шашынды болды. Бірақ іле-шала қатты желден Арал теңізінің соры көтеріліп, тұзды дауыл соқты. Елдің солтүстігі мен шығысындағы егіс далалары қатты зардап шекті. Шілде айында екпіні сәл бәсеңдеу екінші бір дауыл және айналып соқты.
2018 жылғы егіннің жоспарға сай шықпасы сол кезде-ақ белгілі болған.
Астық тапшылығын Түркіменстан халқы қазірден-ақ сезе бастаған сияқты. Азаттықтың Түркімен қызметі ұн мен нанның бағасы өсіп, шектеулі мөлшермен сатыла бастағанын хабарлаған.
Табиғи апат кесірінен егіні шықпай қалып, зиян шеккен халықтың тауқыметін азайту жолдары жетерлік. Мақта мен бидай алқаптарын тұзды дауылдың талқандап кеткені үкіметтің кінәсі емес. Ашғабаттың бұл жағдайды пайдаланып, халықаралық жәрдем сұрайтын жөні бар еді.
Бірақ қандай да бір мәселенің туғанын мойындау мемлекеттік телеарнасы "жердегі жұмақ" деп әспеттейтін елдегі биліктің беделіне нұқсан келтірмек. Ал Түркіменстан үкіметі үшін беделден артық ештеңе жоқ.
Түркіменстанның мемлекеттік телеарнасын көретін, я ауылшаруашылық министрлігінің вебсайтын оқитын адамның көзіне бітік шыққан егінді жинап жүрген жап-жаңа тракторлар тізбегі шалынады. Шынына келсек, мыңдаған адам еркінен тыс алқаптардағы жұмысқа салынған, белсенділер түсіріп жіберген фотоларда трактордың ізі де жоқ.
Мемлекеттік телеарналар сөрелері арзан тауардан майысып тұрған дүкендерді көрсетеді. Бірақ ұн мен нанның ұзынсонар кезегінде тұрған адамдардың суреттері жағдайдың басқаша екенінен хабар береді.
Әзірше Түркіменстанның мемлекеттік телеарнасы президент Бердімұхамедовтің данышпан, спортшы һәм музыкант екенін дәріптеп жатыр.
Ел үкіметінің 2018 жылғы егін туралы шынайы ақпаратты жарияламайтыны анық. Бұл мәліметті тәуелсіз ақпарат көзі арқылы анықтау да мүмкін емес. Сонымен "1 миллион 99 мың тонна мақта, 1 миллион 600 мың бидай жинаған" үкіметтің есебіне "сенбеске" амалымыз жоқ.
Ескерту: Блог авторының көзқарасы Азаттық редакциясының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.