Украинадағы сайлауда Кличко күш алып барады

Виталий Кличко "Удар" партиясының форумында. Киев, 15 қазан 2012 жыл

Қазанның 28-і күні өтетін парламент сайлауы жақындаған сайын танымал боксшы Виталий Кличконың "Удар" партиясының рейтингі өсіп барады.

Сарапшылар партияға көптің назарын аударған я даңқты спортшы екенін, я сайлаушыны қызықтырған партияның саяси бағдарламасы екенін анық біле алмай дал.

Азаттық тілшісі Виталий Кличконың үгіт-насихат тобымен Киев облысын аралап қайтты.

Алып денелі боксшы мыңдаған фанаттар мен қолдаушылардың алдына шыққанда жұрт «Кличко! Кличко!» деп айғайлап қоя береді.

Украинада парламент сайлауының алдындағы үгіт-насихат науқанының соңғы кезеңі өтіп жатыр. Ауыр салмақта бокстан бірнеше дүркін әлем чемпионы Кличко Киев маңайындағы аудандарға «Удар» оппозициялық партиясын насихаттау үшін келді.

"Удар" партиясын таныстыру кезінде. Киев, 12 қаңтар 2012 жыл


Кличко халыққа елдегі жемқорлықты жою, тұрмысты жақсарту және Украинаны «үшінші әлем» елдері қатарынан дамыған мемлекеттер қатарына қосу жайында сөйледі.

Бұл елдегі жастардың 70 пайызы Украинаның нағыз еуропалық державаға айналғанын қалайды. Бүкіл әлем танитын боксшы жұрт алдында:

- Мен бүгін сіздердің алдарыңызда спортшы ретінде емес, саяси күштің жетекшісі ретінде келіп тұрмын. Біз Украина үшін күресеміз. Осы сайлауда жеңіске жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Біз жеңеміз. Себебі біз ақиқат үшін күресеміз, - деді.

Кличконың саясатқа араласуы бірінші рет емес. Осыған дейін екі рет Киев қаласы әкімінің сайлауына түсіп, жеңілген. Бірақ сарапшылар бұл жолы оның сайлау тобының күшейіп бара жатқанын, жеңетін сыңайы бар екенін айтады.

Таяуда жүргізілген сауалнамалар бойынша «Удар» партиясы сотталып кеткен бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенкоға арқа сүйеген «Біріккен оппозициялық коалицияны» артқа тастап, екінші орынға көтерілді.

Сауалнама бойынша сайлаушылардың 16 пайызының қолдауын иемденген «Удар» партиясы Украина президенті Виктор Януковичтің биліктегі «Аймақтар» партиясын қуып жететін түрі бар. Президенттің партиясы қазір 23 пайыз қолдауға ие болғанымен, алдағы айда қолдайтындар саны азаятын сияқты.

"Удар" партиясының сайлауалды үгіт-насихат жарнамалары. Киев, 18 шілде 2012 жыл


Кличко партиясының қолдаушыны көп жинауы әлбетте оның әлемге тараған даңқымен байланысты. Бірақ одан басқа тағы бір себеп - бұқара халық билік басында жаңа тұлғаларды көргісі келеді.

Вишневте (Украинаның батысындағы қалашық) тұратын 61 жастағы зейнеткер Богдан Тершовский:

- Халық сенімінен айырылған саяси жетекшілердің арасында Кличко ең сенімді тұлға ретінде көрінді. Енді Құдай оның осы айтып жатқан сөздерін іс жүзінде орындауына жәрдем берсін. Елді жемқорлық жайлап алғаны сонша, ол туралы айтудың өзі артық. Мемлекет шіріп бітті. Сұмдық. Поляктар бізге күледі, - дейді.

Кличконың саяси тәжірбиесі аз. Киев қаласы әкімінің сайлауына түскенінен бөлек, Киев қалалық мәслихатында екі рет депутат болған. Тершовский Кличконың ұтып тұрған тұсы – оның биліктегі «Аймақтар» партиясымен де, 2004 жылғы революция жасаған (Тимошенко-Ющенко блогы) батысшыл топтармен де байланысының жоқтығы. Себебі бұл екі топтың екеуі де елге берген уәделерін орындай алмады деп топшылайды.

Кличконың «Аймақтар» партиясымен одақтасқысы жоқ. Ол «Біріккен оппозициямен» де сайлау аяқталғанша бір команда болып жұмыс жасауға құлықты емес.

Бородянка деп аталатын 13 мың тұрғыны бар қалашықтың 55 жасар жұмыссыз тұрғыны Сергей Свиридиенко:

- Кличко ерте ме, кеш пе елдің ең танымал оппозициялық фракциясымен бірігеді деп үміттенемін. Құдай бізді ауызбіршілікке келтіріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымызға жәрдем етсін. Біз біріксек мықты боламыз. Сонда ғана біз «Аймақтар» партиясына тегеурінді соққы береміз, - дейді.

Екі партияның жарнамасының тұсынан өтіп бара жатқан украиналық. Киев, 17 қазан 2012 жыл


Сарапшылар Кличконың саяси тәжірибесінің аздығы келешекте оның саяси қызметіне кедергі болуы мүмкін деп санайды. Көп адам «Сайлауда жеңсе, өз партиясын Украина парламентіндегі тісқақты саясаткерлердің партия ауыстыратын қитұрқы әрекетінен аман сақтап тұруға Кличконың ақылы жетер ме екен?» деп күмәнданады.

Кличко сайлау кампаниясы кезінде «Заңның орындалуын қадалағаймыз, жемқор басшыларды түрмеге жабамыз және Украинаны Еуропаға қосамыз» деген ұрандар көтерді. Ол билік басына жас саяси жетекшілерді әкелу үшін күресетінін айтады. Бірақ сыншылар «Удар» партиясының сайлау тізімінде сайлаудан өткен соң партиясын ауыстыра салуға бейім «Аймақтар» партиясының бұрынғы мүшелері бар екенін ескертеді.

Ольга есімді бойжеткен:

- Оның билікке баруға мүмкіндігі бар. Бірақ даңқты спортшы болу мен мықты саясаткер болу - екі бөлек дүние, - дейді.

Әлемдегі бейбітшілік үшін күресетін «Карнеги» орталығының Украина бойынша маманы Шумило Тапиола:

- Мен оның саясатта жемісті еңбек ететініне жүз пайыз сенбеймін, - дейді.

СССР кезінде Қырғызстанда туған Кличко ата-анасымен және Владимир атты інісімен Украинаға көшіп келген. Екі Кличко да бокске ауысқанға дейін кикбоксингпен айналысқан.

Виталий Кличко Порльша президентімен кездесіп тұр. 1 қазан 2012 жыл


Қазір 41 жастағы спортшының даңқты кезеңі артта қалып барады. Кличко кәсіпқой бокста 46 жекпе-жек өткізіп, 44 мәрте жеңіске жеткен. 40 кездесуін нокаутпен аяқтаған.

Қазір ол ауыр салмақтағы боксшылар арасында WBC кубогының иегері.

2004 жылы оған «Украинаның батыры» атағы берілді. 2005 жылы Киев қаласының әкімдігіне таласқанда өзіне қолдау көрсететін «Еуропалық капитал» партиясын құрды. Көп уақыт өтпей партияның атын «Удар» деп өзгертті.

Кличконың үгіт-насихат тобын таситын миниавтобус Киев облысын аралап жүр. Барған жерінде халық қуана қарсы алады.

«Жұрт оның жер жарған атағына қызығып жинала ма, әлде саяси бағдарламасын есту үшін келе ме?» деген сауалдың жауабы сол күйі айқын болмай тұр.

Ирпень қаласының тұрғыны 17 жасар Богдан Николаев есімді студент ескі тұрғын үйлерді көрсетіп тұрып:

- Саясаткерлер уәдені үйіп-төгіп береді, бірақ ештеңе істемейді, - дейді.

Бірақ ол өзінің Кличкомен кездесетіні жайлы ойласа, қуанып кетеді.

- Мен оның қолын алып, суретке түскім келеді. Сәті бәлкім түсер-түспес, бірақ оны кездестірем деп үміттенемін. Бірге суретке түссем, керемет болар еді, - дейді студент.

(Мақаланы қазақ тіліне аударған - Сағынай Кәрім)