Украина ұлтшылдары Абырой мен бостандық күні Киевте «Петр Порошенкоға сұрақ» атты акция өткізді. Осы күні халыққа жасаған үндеуінде президент Порошенко «алаңға шыққандарды сатқынға баламау» мен Ресей жоспарын айтып өтті.
Украинаның «Азов» азаматтық корпусы мен «Ұлттық корпус» партиясы қарашаның 21-і күні Киев майданында «Петр Порошенкоға сұрақ» атты акция өткізді. 2004 жылғы «қызғылт сары революция» мен 2013 жылғы «абырой революциясын» орай белгіленген Абырой мен бостандық күні өткен бұл шарада наразы топ президент Петр Порошенконың жұмысына көңілдері толмайтындарын білдірді.
Дәл осы Абырой мен бостандық күнінің құрметіне халыққа үндеу жасаған Петр Порошенко билікті сынап «наразылыққа шыққандардың барлығын сатқынға баламауға» шақырып, солтүстіктегі көршінің Украинаның ішкі жағдайын шайқалту жоспары бар екенін айтып өтті. «Кремльдің мақсаты ішкі тұрақтылықты бұзу, анархия мен атамандық орнату. Жоғарғы Раданың кезектен тыс сайлауын өткізіп, парламентке ресейшіл жаңа күштерді енгізу. Одан кейін Еуропамен интеграцияға тосқауыл қою» деді Петр Порошенко.
Майданнан кейін не өзгерді?
Үш жыл бұрын премьер-министр Николай Азаров Еуропа Одағымен серіктестік келісімін тоқтатып тастаған соң Украинада наразылық шаралары басталған еді. Ол құжатқа 2013 жылы қарашаның 28-і мен 29-ы аралығында Вильнюсте өтетін «Шығыстағы әріптестік» саммитінде қол қойылмақ болатын. Келісімге қол қойылмайтын болған соң үкімет шешіміне наразы жүздеген белсенді қарашаның 21-і күні кешкісін Киевтегі Тәуелсіздік алаңына жиналған еді.
Майданда болған УНИАН ақпарат агенттігі шеф-редакторының орынбасары Татьяна Урбанская тұрғындарды сол кездегі премьер-министр Николай Азаровтың баяндамасы ашуландырғанын айтады.
... өтірікке шыдамаған халық Майданға (алаңға) шықты. Бастапқыда Майдандағы ахуал бейбіт еді.
- Бұл биліктің ащы өтірігіне жауап ретінде алаңға шыққан наразылық еді. Әрине, бізге [билік] оның алдында да өтірік айтып келген-ді, бірақ, сол жолғысы өзгеше болды. Екі жыл бойы президент, премьер-министр, үкімет Еуропамен ынтымақтастықтың қажеттігі мен пайдасын айтып келді. Сосын бір сәтте елден сұрамастан, келіспестен, «бұл керек емес» деп бас тарта салды. Николай Азаровтың «Еуропа Одағы Украина көретін қатерлер үшін қаржы беруге дайын емес» деген уәжі күлкілі шықты. Бұл өтірікке шыдамаған халық Майданға (алаңға) шықты. Бастапқыда Майдандағы ахуал бейбіт еді. Үкімет райынан қайтып, дұрыс шешімге келеді деген үміт болды. Бірақ, олай болмады, – дейді Татьяна Урбанская.
Келесі күні – қарашаның 22-сінде Майданға мыңдаған наразы адам шықты. Олардың көпшілігі студенттер еді. Еуромайдан белсендісі, бұрынғы студент Лидия Домбровская үш жыл бұрын Майданда «дұрыс шешім қабылданды» деп біледі.
Өткен үш жылда не өзгерді? Бұрын соғыс жоқ еді, қазір бар. Жағдай бұрынғыдан нашар. Қуанарлық ештеңе жоқ сияқты. Бірақ біз сол кезде дұрыс шешім қабылдадық. Бізде Еуропадан өзге таңдау да жоқ еді.
- «Еуромайданды» қолдадым. Ал қазір шынымды айтсам, өзімде, көпшілікте бір немқұрайлылық бар. Өткен үш жылда не өзгерді? Бұрын соғыс жоқ еді, қазір бар. Жағдай бұрынғыдан нашар. Қуанарлық ештеңе жоқ сияқты. Бірақ біз сол кезде дұрыс шешім қабылдадық. Бізде Еуропадан өзге таңдау да жоқ еді. Автократияға бет бұрған мемлекетте даму жоқ. Оның шырқау шегі – Солтүстік Корея. Екінші жолға түссек, барар жеріміз сол еді,–дейді Лидия Домбровская.
2013 жылы Майданға болған «Шын» (Честно) азаматтық қозғалысының үйлестірушісі, қазіргі парламент депутаты Светлана Залищук билік студенттерді соққыға жығып, халықты өзіне қарсы қойып алғанын айтады.
- Майдандағы тоғызыншы күннен кейін, қарашаның 30-ы күні студенттерді қудалау басталды. Тәуелсіздік стелласы қасында жастар соққыға жығылғаннан кейін Еуропа ынтымақтастық келісімін жақтайтындар шеруі билікке қарсы жалпыхалықтық наразылыққа ұласты, - дейді Светлана Залищук.
Депутаттың пікірінше, Украинаның Еуропаға жақындауы жолында екі жылда «революциялық қадамдар» жасалып, «жаңа заңдар қабылданып, жаңа институттар ашылған. Ал реформалардың жүруі мен олардың сапасына халық көңілі толмағанымен, бастысы Еуропа бағытына жол басталған.
2013 жылғы қарашаның 30-ында «Беркут» арнайы жасағының жауынгерлері Майданда бейбіт шеруде тұрған жастарды дубинкамен ұрып-соға бастады. Соққыға жығылып, миы шайқалып, қолы сынған сол кездегі студент Виталий Кузьменко шерудің соңғы күніне дейін Майданда тұрып, кейіннен Донбастағы соғысқа ерікті ретінде қатысқан. Виталий Кузьменко Майданнан кейінгі үш жылда халық Украинаны ұстап тұра алғанын айтады.
- (Үш жыл бұрын) қарашаның 30-ы күні Янукович билігі күш көрсетіп, адамдарды үркітіп, алаңға шығармауға тырысты. Алайда біздің елде бұл амал керісінше әсер берді. Шыдамның шегі еді. Тұрғындар үркіп, қорықпады. Алаңға шығып, мемлекеттің даму жолын таңдады. Сол кездегі басты мақсат Янукович режимін құлату, Еуропаға бет бұру, құқықтық мемлекет құру еді. Күткен өзгерістерді жылдам жүргізе алмадық. Енді эволюциялық даму керек. Соғыстан мемлекет, экономика зардап шеккен үш жылда Украинаны ұстап тұра алдық. Амал не саяси элита айтарлықтай өзгере қоймады. Олар осы күйде қалғанды қалайды. Ал қоғамның басым бөлігі үлкен өзгерістерді күтіп, қиындықтарға төзуге дайын тұр,–дейді Виталий Кузьменко.
Бұрын «Просветительская сотня Майдана» үйлестірушісі, құқық қорғаушы болған, қазір Жастар және спорт министрлінің қызметкері Николай Ляхович Майданға Ресей оккупациясына қарсы шыққанын айтады.
- Әлеуметтік желіде «Еуромайданға» шақырушыларға бастапқыда сенгенім жоқ. Олардың мақсаты Украина мүддесін қорғау емес, Еуропа елдерінен грант алу, ұжымдық табыс табу екенін білдім. Алайда мен мемлекетке қарсы Виктор Януковичтің бандиттік режиміне, Ресей Федерациясының саяси, экономикалық оккупациясына қарсы шыққан қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың наразылығына қосылдым. Күрескен мұрат-мақсатымыз орындала бермесіне көндіккенмін. Мемлекеттік қызметте жүрген соң биліктің Украинаны күшті, еуропашыл, демократиялық мықты мемлекет жасауға тырысып жатқанын айта аламын. Осыдан үш жыл бұрын ашық қоғамды жақтадым. Қазір өзгеріс бар ма? Егер қоғам қайбір жерде кейбір мәселені қадағалай алмай жатса, онда қажетті механизмнің жоқтығы немесе оған мүмкіндік бермей жатқаннан емес. Қоғамның өзі сол мәселені бақылауға алуға ерінеді,– дейді Николай Ляхович.
Ал саясаттанушы Тарас Возняктің пікірінше, Украина қоғамы трансформациядан толық өтпейінше революция жалғаса береді. Оның пікірінше, 2004 жылғы «қызғылт сары революцияны» 2013 жылғы «абырой революциясы» жалғаған.
Тарас Возняктың ойынша, ежелгі дәуір философы Гераклиттің «от жанады, өшеді, сосын қайта қозып жанады, бірақ, процесс тоқтамайды» деген сөзі қазіргі Украинаның жағдайы мен Майданын суреттейді.
(Владимир Ивахненконың мақаласы орыс тілінен ықшамдалып аударылды)