Назарбаевтың билікке ықпалы мен белсенділерге қысым. АҚШ есебіндегі Қазақстан

Оппозициялық белсенді Дулат Ағаділ тергеу абақтысында қаза болғаннан кейін наразылық шеруіне шыққандарды полиция жасағы ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 1 наурыз 2020 жыл.

АҚШ мемлекеттік департаменті наурыздың 11-і күні жариялаған Адам құқықтары туралы 2019 жылға арналған есебінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билікке әлі ықпал етіп отырғаны, қазіргі үкімет адам құқығын шектеп жатқаны айтылған.

АҚШ мемлекеттік департаментінің әлемдегі адам құқықтарының ахуалы туралы биылғы есебінде Қазақстанда саяси тұтқындар, цензура, сайттарды бұғаттау, діни-наным сенімге шектеу қою, түрмелерде азаптау, "Жала жабу" бабымен қылмыстық қудалау, бейбіт митингіге шығуға кедергі жасау, саяси өмірге араласуға шектеу бары жазылған. Мемлекеттік департаменттің есебін наурыздың 11-ы күні Вашингтонда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео таныстырды.

ЖЕКЕ ӨМІРГЕ ҚОЛ СҰҒУ ҺӘМ ЖЕМҚОРЛЫҚ

АҚШ Қазақстан билігі елдегі қауіпсіздік күштерін "бақылауда ұстап отырғанын", елде жемқорлық айыбына ілінгендерді таңдап жазаланатынын атап өткен.

"Парақорлық елде әлі кең тараған. Үкіметте я құқық қорғау органдарында басшы қызметте отырғандар жазадан құтылып кетеді" деп жазылған есепте.

Мемлекеттік департамент Қазақстан түрмелерінде азаптауға тыйым салатын заң болса да, елде түрме қызметкерлері қамауда отырғандарды азаптап, қорлайтынын айтады.

Алматы облысы Заречный кентіндегі түзеу мекемесінің сыртқы көрінісі.

Есепте Қазақстан Конституциясында жеке өмірге қол сұқпау туралы бап болса да, билік азаматтардың бұл құқығын бұзатыны жазылған.

"Заң прокуратураға азаматтардың конституциялық құқығын шектеуге мүмкіндік береді. Бас прокуратураның келісімімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі және басқа ведомстволар адамдардың жеке деректерін, қаржы құжаттарын рұқсатсыз көріп, телефон әңгімелерін тыңдай алады. Билікті сынаушылар, құқық қорғаушылар және олардың отбасы мүшелері өздерін жиі аңдитынын айтады" деп жазылған есепте.

Мемлекеттік департамент өз есебінде 2019 жылы мамырдағы билікке қарсы наразылық кезінде және былтыр маусымның 9-ы күні өткен кезектен тыс президент сайлауы кезіндегі наразылықта полицияның мыңдаған адамды күштеп ұстап, қамағанын; елде интернет, әлеуметтік желілер мен VPN сервистері бұғатталғанын да жазған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жүздеген адам ұсталып, интернет жұмысы баяулаған күн

Вашингтон Қазақстанның "кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында билікке қарсы және сайлау күні дауыс беру нәтижесіне наразылық кезінде жаппай ұсталған мыңдаған адамды түнде, адвокатсыз соттағанын" сынаған.

АҚШ Қазақстан Конституциясы халыққа өз басшысын еркін әлі әділ сайлауға мүмкіндік бергенімен, азаматтардың бұл құқығын биліктің шектеп отырғанын атап көрсеткен.

Кезектен тыс президент сайлауы өткен күні наразылық акциясына шыққандарды полиция көшеден әкетіп барады. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.

Департамент есебінде қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкімет пен мемлекеттік органдардың лауазымды қызметкерлерін тағайындауды былтыр президенттіктен кеткен, бірақ Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығына ие әрі "Нұр Отан" партиясының лидері ретінде билікке ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасатыны да айтылған.

"Назарбаевта Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы ретінде "Қазақстан халқына кез келген уақытта қайырылу құқығы" бар. Бұған қоса, "елдің дамуына қатысты бастаманың көбі Назарбаевпен кеңесіп шешіледі" деп жазылған АҚШ үкіметінің есебінде.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаевтың даулы жарлығын Ақорданың түсіндіруіне тура келді

"ЖУРНАЛИСТЕР БИЛІК ҚЫСЫМЫНАН ЖАСҚАНАДЫ"

Мемлекеттік департамент Қазақстан билігінің сөз бостандығын, баспасөз еркіндігін шектеу, журналистерді ұстап, соттау, қудалау арқылы ақпарат құралдарына ықпал етуге тырысатынын да ашық жазған.

"Қазақстандағы медиалардың көбі биліктен қаржы алады. Басылымдар мен журналистер биліктің қысымынан жасқанып, президент пен оның отбасы жайлы жазудан қашып, ішкі цензура енгізіп алған. Үкімет онлайн контентті толық бақылауда ұстау үшін қолынан келгенін жасайды. Елде оппозициялық сайттар бұғатталады я жұмысы баяулайды. Билік елдегі интернет провайдерлерді, соның ішінде мемлекеттік Қазақтелеком компаниясының жұмысын бақылауда ұстайды. Үкіметті сынайтын вебсайттар жұмысына да кедергі келтіреді" деп жазылған есепте.

Қолшатыр ұстаған "белгісіз адамдардың" журналистерге кедергісі

Your browser doesn’t support HTML5

Қолшатырлы «белгісіз адамдардың» журналистерге кедергісі

Вашингтон "Қазақстан билікті сынайтын адамдарға шектеу қоятынын, жергілікті билік аймақтағы басылымдарға сыни пікірлерді шығартпайтынын" да айтады. Есепте "елдегі медиакомпаниялардың біразы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына тиесілі болуы мүмкін екені, ол компанияларға үкіметтің тікелей әсер ете алмайтыны" жазылған.

"Тәуелсіз журналистер оппозициялық басылымдарда жұмыс істесе я жемқорлық, митинг, наразылық шараларынан хабар таратса, шенеуніктер мен белгісіз адамдар қорқытып, үркітетінін айтады" делінген есепте.

Мемлекеттік департаменттің есебінде Азаттық радиосы тілшілерінің жұмысына кедергі жасалғаны туралы да айтылған.

Тілшілерге шабуыл қалай жасалды? Алматы, 22 шілде 2019 жыл.

Your browser doesn’t support HTML5

Хроника. Тілшілерге шабуыл қалай жасалды?

АҚШ Қазақстан соты экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының бағдарламасын бөліскендер, чатқа жазғандар жазаланғанын да атап өткен. Шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, билікті сынаушы Мұхтар Әблязовтың ҚДТ қозғалысын Еуропарламент былтырғы резолюциясында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Есепте президент сайлауы алдында қарсылық баннерін іліп қамалған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековтің ісі, Шыңжаң қазақтарының мәселесін көтеріп жүрген белсенді Серікжан Біләштің жазаланғаны, әкімдік өкілімен соттасқан шымкенттік журналист Амангелді Батырбековтің ісі де айтылған. АҚШ мемлекеттік департаменті 2016 жылы Жер митингілерінде көзге түскен белсенді Макс Боқаевтың әлі де қамауда отырғанына алаңдаушылық білдірген.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев үкіметтің жер реформасына қарсы шеруде сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

АҚШ мемлекеттік департаменті жыл сайын әлем елдеріндегі адам құқықтарының ахуалы туралы есебін жариялайды. Осыған дейінгі есептерде де Вашингтон Қазақстанда адам құқықтарының бұзылатынын айтып, билікті сынаған. Ресми Нұр-Сұлтан АҚШ мемлекеттік департаментінің бұл есептеріне қандай да бір реакция білдірмеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақстанда адам құқығының жайы өзгерген жоқ. Оппозицияны қудалау күшейді"