Шавкат Мирзияев берген уәделерін қаншалық орындады?

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев мақта алқабында тұр.

24 қазанда Өзбекстанда президент сайлауы өтеді. Онда Шавкат Мирзияевтың қайта сайланатыны алдын ала белгілі. Екінші мерзімге сайланбақ ниеті бар президент сайлауалды уәдесін орындай алды ма?

2016 жылы Шавкат Мирзияев билікке келгенде, оған үміт артқандар көп болды. Ол авторитар басшы Ислам Каримовтың орнын басқан еді.

Мирзияев көп уәде беріп, маңызды реформалар жасайтынын және жемқорлықпен күресетінін айтты. Билікке келген соң кей уәдесін орындағанымен, айтқандарының көбі сөз жүзінде қалды.

Мардымсыз жұмысына қарамастан, Мирзияев 24 қазанда өтетін сайлауда жеңіске үміткер болып отыр. Оған оппозициялық кандидаттар тіркелмеді немесе сайлауға түспеуі үшін қысымға ұшырады.

ЖАҢА ЛИДЕР, ЕСКІ ЖҮЙЕ

Ислам Каримов Өзбекстанды 25 жылдай басқарып, төрт рет қайта сайланды. Халықаралық бақылаушылар бұл сайлауларды демократияға қайшы келеді деп таныды.

Мирзияевтың кезінде сайлау процесі демократиялана түседі деген үміт болды. Алайда бақылаушылар осы жолғы сайлау Каримовтың кезіндегілерден ерекшелене қоймайтынын айтады.

Мәселен, жергілікті баспасөз құралдары сол кездердегідей сайлау науқаны жайлы жаза қоймады.

Биылғы сайлауға бес партия кандидат ұсынған. Олардың бәрі – 2009 жылдан бері президент сайлауына қатысып келе жатқан билік бақылауындағы партиялар.

Мирзияев бірнеше рет оппозициялық партиялардың құрылып, сайлауға қатысуына қарсы емесін мәлімдеген. Соған қарамастан кандидат ұсынғысы келген үш партия сайлауға тіркеле алмады. Олар – "Эрк" ("Ерік") демократиялық партиясы, "Ақиқат және даму" партиясы және "Халк Манфаатлари" (Халық мүддесі") партиясы. Билік бұл үшеуінің де жұмысын тоқтатуға тырысып, қысым көрсеткен.

Осылайша, Өзбекстанда сайлауға бес кандидат тіркелді. Олар – Бахром Абдухалимов ("Адолат" партиясы), Максуда Борисова (Өзбекстан халық-демократиялық партиясы), Назрулло Обломурадов ("Экология партиясы"), Әлішер Қадыров ("Милли Тикланиш"), Шавкат Мирзияев (Либерал-демократиялық партия).

Өзбекстанның либерал-демократиялық партиясы 2003 жылғы қарашада құрылған. Содан бері парламенттегі ең көп орынды иеленіп қана қоймай, сайлауда жеңіске жететін кандидатты ұсынып келеді.

Биылғы сайлау науқанында жуырда ғана сең қозғалғандай болды.

14 қазанда Әлішер Қадыров шетелден келетін ақша аударымын табысқа жатқызып, оған салық салу қажетін айтты. Ал маусымда ол гей, лесбиян, бисексуал және транссексуалдарды елден қуу керек деген.

Әлішер Қадыров.

Миллиондаған өзбек елдегі жұмыссыздық кесірінен көп жыл бойы шетелде еңбек мигранты болып жүргендіктен, бұл ұсыныс жұртты елең еткізді. Сыртта жүрген туысы жолдаған ақшаға миллиондаған адам күн көреді.

Қадыровты көптеген сайлаушыдан айырған бұл мәлімдеме бокста қарсыласқа бетін тосумен пара-пар. Мирзияев осы мүмкіндікті пайдаланып, ертесінде "отбасыға көрсетілген көмекке табыс деп қарап, салық салуға болмайды" деді.

Көзге түсер-түспес науқанның ең тартымды жері осы болды. Бірақ көбін "Бұл электорат арасында шу шығарып, Мирзиявқа дауыс берушілерді көбейту үшін әдейі жасалды ма екен?" деген сұрақ мазалады.

Мирзияев халық арасында расымен танымал көрінеді. Мемлекет елдегі баспасөз құралдарын қатаң бақылайтынын ескерсек, оппозициялық партиялар сайлауға қатысуға рұқсат алса да, Мирзияев жеңетінге ұқсайды.

Шавкат Мирзияев 2003-2016 жылдары премьер-министр болды. Каримовтың қатаң саясатын толық қолдап, оппозицияға төзбеді. Соған қарамастан ол Өзбекстанның бірінші және жалғыз президенті болған Каримовтан ерекшеленеді.

Каримов жүргізген саясат оған "адам құқықтарын бұзушы", "баспасөз еркіндігінің жауы" деген атақ әкелді.

Премьер-министр болған 13 жылда Мирзияев бірде-бір рет жан-дүниесі реформа қалайтын, бірақ бұйрық орындауға мәжбүр адамға ұқсамады.

"ОҢ ӨЗГЕРІС"

Президенттікке келген алғашқы жылдары Шавкат Мирзияев бірнеше өткір қадам жасап, халық пен халықаралық қауымдастықтың назарына ілікті.

Ол бірнеше саяси тұтқынды босатты. Олардың кейбірі түрмеде жиырма жылдай отырған.

Мирзияев Өзбекстанның көршілермен байланысын жақсартуға басымдық берді. Бұл Каримовтың кезіндегі жағдайға куә болғандарды бір серпілтті.

Мирзияев Каримовтың кезінде ұзақ уақыт оқшау өмір сүрген Өзбекстанның бизнес үшін қайта ашылғанын айтып, инвестор тарту үшін Еуропа, Азия, Солтүстік Америка, Таяу Шығысқа шенеуніктерін жіберді.

Мирзияев тәуелсіздік күніне арналған шарада. 31 қыркүйек 2021 жыл.

Мирзиявтың сөзінен соң Батыс елдерінде Өзбекстандағы жағдай жақсарады деген үміт пайда болып, оған Орталық Азиядағы маңызды ел және сауда орталығы ретінде қайта қызығушылық таныта бастады.

Мирзияевтың ел ішінде де жетістіктері болды.

Ол мақта алаңдарындағы мәжбүрлі еңбекке қарсы шықты. Бұл түбегейлі жойылмаса да, ерікті ретінде жұмыс істеуге бұйрық алған адам анағұрлым азайды. "Ақ алтын" жинайтындардың еңбекақысы өсті.

Шавкат Мирзияев Каримов "жалқау тілемсек" деп атаған еңбек мигранттарына да қолдау көрсетті. Олардың Өзбекстанда жұмыс таба алмағанына налып, жұмыс орнының жетіспеушілігіне жауапты лауазымды тұлғаларды жазалағандай болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ескі жүйеден шыққан жаңа басшы

ОРЫНДАЛМАҒАН УӘДЕЛЕР

Алайда Мирзияевтың уәделерінің көбі аяқсыз қалды, тіпті кейбірі мүлдем басталмады да.

Бұған оның сайлауалды кампаниясы мысал бола алады. Қыркүйектің аяғында Самарқандтағы науқан кезінде ол мектеп оқушыларын тегін тамақтандыруға уәде берген.

Ал 19 қазанда Ташкентте Мирзияев әр "махалла" яғни, ауданның дамуына қыруыр қаржы бөлетінін айтты.

Мирзияев жүрген жерінде ақша беретінін айтады. Сондай-ақ жергілікті шенеуніктердің қызметін асыра пайдалануын тоқтатуға, өмір сапасын жақсартуға, басқа да жеңілдіктер жасауға уәде берген.

Алайда ол мұның бәрін орындауға асығар емес. Ал Өзбекстан халқының көбі Мирзияев уәде еткен өзгерістерді күтумен жүр.

Елдің автократ лидері Ислам Каримовке қойылған ескерткіш.

Президент болған алғашқы жылдары Мирзияев көрші елдерге барып, біршама уәде берді. Мысалы, Қырғызстан мен Тәжікстанның су электр станциясына, Түркіменстандағы мұнай және газ орындарына инвестиция салатынын айтты. Тіпті, Өзбекстанның мұндай жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі аз екеніне, шетелдік кәсіпорындарды инвестициялауға қаржысы жетпейтініне де қарамады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дәрігерлері мақта теруге кеткен перзентханада бала шетінеді

Әзірге мұның ешбірі орындалмады.

Мирзияев президент болып сайланғанда, Өзбекстанның сыртқы қарызы аз болған. Қазір бұл қарыз 36 миллиард долларға жеткен.

Бұл ақшаның көбі құрылыс жобаларына жұмсалған. Алайда қаржының көбі Мирзияев тағайындаған шенеуніктердің қалтасына кетті деген күдік бар. Сондай-ақ жаңа аудандардың құрылысы басталған жерлерден көшірілген, бірақ өтемақы ала алмағандардың да мәселесі бар. Олардың кейбірі үйі бұзылса да, мүлдем өтемақы алмаған.

Былтыр қыста электрмен қамтуда жиі ақау шыққан, биыл да солай болатынға ұқсайды. Бұл Өзбекстандағы ескі инфрақұрылымды жаңартуға ақша жеткілікті жұмсалмағанын анық байқатады.

Мирзияев Қарақалпақстанға сапарында. 21 қыркүйек 2021 жыл.

БАЯҒЫ ЖАРТАС – СОЛ ЖАРТАС

Мирзияевтың халық арасында танымал болуының бір себебі жарқын болашаққа уәдесінде жатыр.

Орталық Азияның басқа да лидерлері жарқын болашақты сөз етіп, қоғамның қолдауын алуға ұмтылған.

1991 жылы тәуелсіздік алған соң мұнайдан ақша түсе бастағанда, Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ең индустриалды және дамыған елге айналуға уәде берген еді.

1990-жылдардың соңында 2020, 2030 жылдарға бағытталған бағдарламалар қабылдады. Оның уәделері осы жылдарға дейін орындалуы керек еді. Алайда 2021 жылғы жағдай бойынша, Қазақстанда көбінің жағдайы жақсарғанымен, Назарбаев жиырма шақты жыл бұрын берген уәдесінің көбін орындамады. Ал оның отбасы мен достары әлемдегі ең бай адамдар тізіміне енді.

2016 жылғы маусым. Шавкат Мирзияев (сол жақта) Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевты (оң жақта) Ташкент әуежайында қарсы алды.

Түркіменстанның бірінші президенті Сапармұрат Ниязов та елін екінші Кувейтке айналдыратынын айтқан. Ниязовтан кейін президенттікке келген Гурбангулы Бердімұхамедов те Түркіменстанды бай елге айналдыруға уәде берген.

Бірақ Түркіменстанның экономикалық жағдайы бұрын-соңды қазіргідей нашар болмаған. Ал Бердімұхамедовтың туыстары өте бай деген сыбыс бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Күйеу бала – ММА басшысы. Мирзияев отбасының ықпалы күшейіп келеді

Орталық Азиядағы жағдай лидерлер билікке нық отырған соң, реформа жасап, азаматтардың өмірін жақсарту жайлы уәдесі жайына қалатынын, ал олардың ортасы байи түсетінін көрсетеді.

Мирзияев 24 қазандағы сайлауда жеңіске жетсе, ол екінші мерзімге сайланады. Қазір оның анық жеңіске жететіні айтылып жүр. Конституция бойынша Өзбекстанда президент екі мерзімнен артық сайлана алмайды.

Өзін реформатор дейтін Мирзияев Орталық Азиядағы басқа лидерлердің жолымен кетсе, заңды елеп-ескермей, титулға тағы таласуы мүмкін.

Бірақ одан да маңыздысы, бұл оның билікті нығайтқанын көрсетеді. Олай болса, режимді сақтап қалу ниеті реформалар жайлы ойдан басым түсуі, ал президенттің айналасы байлықты иемденуге ұмтыла беруі ықтимал.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мирзияев һәм Назарбаев-Тоқаев тандемі. Өзбекстан Қазақстан салған сүрлеуге түсті ме?