Қырғызстанда биыл жазда Covid-19 коронавирусы қатты өршіп, Орталық Азиядағы кедей елдің денсаулық сақтау жүйесін тығырыққа тіреген кезде, тарихи отанына індетке қарсы күресте жәрдем беруге Ресейден ұлты қырғыз ондаған дәрігер келген еді.
Жұқпалы індет өршіген жерлерде (қызыл аймақ) ерікті ретінде жұмыс істеген медицина қызметкерлерінің көбі Мәскеу шетелден келетіндерге шектеу қойғандықтан қазір үйіне қайта алмай отыр. Ресей ықтияр хаты бар шетелдіктерге ғана ел аумағына келуге рұқсат беріп, басқалардың кіруіне тыйым салған. Қырғыз медицина мамандарының көбі Ресейге кейінгі жылдары көшіп барғандықтан оларда Ресей паспорты немесе ұзақ мерзімге берілген виза жоқ.
– Ресей азаматтығы барлар қайтар билетті қымбатқа сатып алып, Ресейге оралды. Бірақ бізге [Ресейге] қайта баруымызға рұқсат етпей отыр, – дейді Қырғызстаннан Ресейге бара алмай отырған медицина маманы Гүлбахар Кошоева.
– Ресейдегі өзіммен бірге істейтін әріптесіме уақытша менің орныма жұмыс істей тұршы деп қолқа салдым, – деп түсіндірді Кошоева.
Ресейдегі әріптесіме орныма уақытша істей тұршы деп қолқа салдым.
Ол Қырғызстанға тамыз айында Бішкек маңындағы "Семетей" медицина мекемесінде бірнеше апта жұмыс істеймін деп жоспарлап келген. Бұл орталық Covid-19 жұқтырған науқастарды емдейтін мамандандырылған аурухана ретінде жабдықталған болатын.
Гүлбахар Кошоева Қырғызстанға жүзге тарта еріктілер тобымен аса ауыр шақта – елде медицина маманы жетіспей, ауруханаларда науқас жатқызатын орын болмай, дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық қат болып тұрған кезде келген.
Елге еріктілердің келуін ұйымдастырған Нұргүл Қамбаралиева Қырғызстанға медицина мамандарынан тұратын еріктілер үш топ болып келгенін хабарлады. Оның сөзінше, еріктілердің кейбірі Ресейдегі өз отбасы мен жұмысына қайтып оралса, кейбірі туған ауылындағы ауруханаға көмектесу үшін Қырғызстанда қала тұруды ұйғарған. Қиындықтан арылмай, індетпен әлі күресіп жатқан ол ауруханалар көмекке аса зәру.
Ал енді бір еріктілер Қырғызстандағы жұмысы аяқталғанымен, Ресейге қайта алмай отыр. Олар Ресейдегі тәуір табысы бар жұмысынан айырылып қаламын ба деп алаңдаулы.
Қырғызстанға келерде қырғыз елшілігіне Ресейге жұмысқа қайтуымыз керек екенін айтып, хат жазғанбыз.
Қырғызстанға келер алдында еріктілердің көбі жұмыс орнынан ақысыз демалыс алған. Бірнеше аптадан кейін қайтып келемін деп жоспарлаған олар қазір күрделі жағдайда қалғанын айтады.
– Қырғызстанға келер алдында қырғыз елшілігіне Ресейге жұмысқа қайтып оралуымыз керек екенін айтып, хат жазғанбыз. Біз жолымызға қаржы сұрап отырған жоқпыз, билет сатып алуға шамамыз бар, – дейді Қырғызстанға 12 шілдеде келген дәрігер Мекен Абдалиев.
Ол Қырғызстан билігі қиын-қыстау кезде туған еліне жәрдемге келген медицина қызметкерлерінің Ресейге оралуына көмектессе екен деген өтініш айтады.
– Дәрігерлер Қырғызстанға олардың қызметі аса қажет болған кезде қолғабыс етуге келді. Олар мұнда көп іс тындырды, – дейді Қырғызстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Нұрболат Үсенбаев.
Алайда ол енді оларды Ресейге қайтару Қырғызстан үкіметінің құзыретіне жатпайтынын айтады.
– Сыртқы істер министрлігі медицина қызметкерлерінің [Ресейге] оралу мәселесін шешуге [бәлкім, көмектесер]. Біз өз тарапымыздан көмектесуге тырысып жатырмыз, хат жолдадық, – деді ол.
Қырғызстан билігі Ресей үкіметінен екі ел арасындағы тұрақты жолаушы рейстерін қалпына келтіруді сұраған. Ресей әзірге оған рұқсат берген жоқ.
Алты миллионға жуық тұрғыны бар Қырғызстанда, ресми мәлімет бойынша, 45 мыңға тарта адамға коронавирус жұғып, мыңнан астам адам қайтыс болды. Вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны бұдан көп деп санайтындар да бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бұл ұят емес, адалдық". Қырғызстан Covid пен пневмония дерегін қосты. Қазақстанға не кедергі?Кейінгі кезде Қырғызстаннан Ресейге бірнеше рейс барған, бірақ Ресейдің қырғызстандықтар мен өзге де шетел азаматтарының келуіне қашан рұқсат беретіні әзірге белгісіз.
Коронавирус пандемиясына дейін Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстаннан миллиондаған еңбек мигранты Ресейге жұмыс істеуге баратын.