Accessibility links

"Бұл - ұят емес, шынайылық". Қырғызстан Covid пен пневмония дерегін қосты. Қазақстанға не кедергі?


Covid ауруынан қайтыс болған кісінің денесін мәйітханаға тасу. Бішкек, Қырғызстан, 22 шілде 2020 жыл.
Covid ауруынан қайтыс болған кісінің денесін мәйітханаға тасу. Бішкек, Қырғызстан, 22 шілде 2020 жыл.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі өзі берген уәдеге сәйкес, 1 тамыздан бастап "коронавирус белгілері байқалған" пневмония фактілерін ПТР тесттің теріс нәтижесіне қарамастан Covid статистикасына қосуды бастауы керек. Қазақстандық ведомство бұл шараға 17 шілдеден бері дайындалып жатыр. Министрлік тамызға дейінгі деректі статистикаға қоспайтынын хабарлап, мұны техникалық және өзге де қиындықтармен түсіндірді. Қырғызстан 16 шілде күні есептің осындай әдісіне көшетінін мәлімдеп, келесі күні-ақ Covid пен пневмония статистикасын біріктірген. Азаттық Қырғызстанның дәлелдеу медицинасы және клиникалық стандарттарды әзірлеу әдістемесі бойынша маманы Бермет Барықтабасовамен сөйлесіп, көрші мемлекеттің қолынан келген шараны Қазақстан не себепті әлі күнге дейін жүзеге асыра алмай отырғанын сұрады.

Азаттық: Қырғызстан 17 шілдеде коронавирус пен пневмония статистикасын бір мезетте біріктірді. Қазақстан осындай есепке өтуге әлі дайындалып жүр. Есеп жүргізудің қалай жүзеге асатынына қатысты сұрақ та көп.

Бермет Барықтабасова: Әуелі бұл "екіұшты" статистиканың қайдан шыққаны туралы сөйлесейік. Эпидемия басталған кезде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аурулардың халықаралық классификациясына U07.1 кодын қосты. Бұл – ПТР диагностикасымен расталған нәтижесінде расталған коронавирус жағдайы. Тест оң нәтиже берсе, ауру белгілерінің болмауы маңызды емес. Онымен бірге U07.2 коды тіркелді. Бұл – ПТР тестімен расталмаған коронавирус жағдайы. Яғни клиникалық белгілер байқалып, бірақ ПТР теріс нәтиже көрсетсе, бұл расталмаған Covid саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауруханадан тыс жерде пайда болған пневмония белгілері байқалса, оның да кодын қосуға болатынын түсіндірді. Ол код – J18.

Қырғызстанның дәлелдеу медицинасы және клиникалық стандарттарды әзірлеу әдістемесі бойынша маманы Бермет Барықтабасова.
Қырғызстанның дәлелдеу медицинасы және клиникалық стандарттарды әзірлеу әдістемесі бойынша маманы Бермет Барықтабасова.

Статистиканы ПТР-диагностикасы негізінде жүргізу туралы шешім қабылданды. Бірақ бұл технологияның қателік деңгейі қандай екенін, сынаманың дұрыс алыну-алынбауын ешкім сұрамады. Барлық елде сапалы тест болады деген пікір болды. Мінсіз жағдай ғана қарастырылды. Ал мінсіз жағдай тек Оңтүстік-Шығыс Азияда байқалды. Оларда шыңдалған әдістеме, білікті зертхана мамандары, жоғары технологиялық зертханалар, жаппай тестілеу болды. Қырғызстан сияқты елдерде мұның бәрі есепке алынбады.

Тек ПТР-ге сүйену асығыстау шешім болды. ДДСҰ осы арқылы басқа диагностикалық мүмкіндіктерді шектеп тастады.

Тек ПТР-ге сүйену асығыстау шешім болды. ДДСҰ осы арқылы басқа диагностикалық мүмкіндіктерді шектеп тастады. Нәтижесінде бүкіл әлем тек тестке ғана қарайтын болды. Бұл медицинаның классикасына қайшы келеді: шағымдар, анамнез, рентген белгілері есепке алынбады. Осыдан расталмаған коронавирустың кодын ауруханадан тыс жерде пайда болған пневмония деп көрсете бастады.

Күндізгі стационардағы қорғаныс киімін киген медицина қызметкері. Бішкек, Қырғызстан, 16 шілде 2020 жыл.
Күндізгі стационардағы қорғаныс киімін киген медицина қызметкері. Бішкек, Қырғызстан, 16 шілде 2020 жыл.

Сонымен қатар ДДСҰ ПТР-тест оң нәтиже көрсетсе, науқасты қандай хәлде екеніне қарамастан ауруханаға жатқызу керек деді. Бірақ ауруханаға өте аз адам түсті. Шынымен сырқаттанып, бірақ тест нәтижесінде ауруы анықталмағандар назардан тыс қалды, оларға ауруханадан тыс жерде пайда болған пневмония деген диагноз қойылды. Бізде ауруханада жатқандардың 80 пайызы ауру белгісі жоқ адамдар болды. Ал ауыр халдегі адамдар үйінде өліп жатты.

Мен инсульт, қант диабеті және жүрек талмасы ауруларының астарында қанша жағдайдың жасырын қалғанын айтпай­-ақ қояйын. Covid септикалық шок пен полиорганды жетіспеушілікке тез жеткізетінін білген жоқпыз. Қазір аурудан тек өкпеге ғана зиян келмейтінін білеміз. Адамда ауру белгісі байқамайтын, ал оның ағзасы денеде өлім қаупі бар инфекция жоқтай сыңай танытатын жағдайлар өте көп. Бірақ вирус көбейіп кетіп әртүрлі тіндер мен органдарға үлкен күшпен шабуылдай бастағанда, ағза дабыл қағып, бар қаруын қолға алып, вирусты да, өз жасушаларын да аямайды. Бұл цитокин дауылы деп аталады. Қарсыластың қаншалықтың мықты екенін дұрыс бағалай алмадық, сондықтан көп диагноз басқа ауру ретінде тіркелді.

Азаттық: Ауруханадан тыс жерде пайда болған пневмония деген не?

Бермет Барықтабасова: Бұл классикалық жағдайдың нақты анықтамасы бар және ол дәрігерлерге жақсы таныс. "Ауруханадан тыс жерде пайда болған" дегеніміз науқасқа вирус ауруханада емес, басқа жерде жұққанын білдіреді. Аурудың қоздырғышы әртүрлі инфекциялық агенттер (бактерия, вирус, немесе екеуі де) болуы мүмкін. Олар әдетте мұндай өлім көрсеткішіне әкеп соқпайды. 21 ғасырда стафилокок пневмониясынан қайтыс болу нонсенс саналады.

Емдеудің нақты критерийлері бар. Бұл пневмония жылдар бойы үйде таблетка түріндегі антибиотиктермен емделіп келді. Ауруханаға жату ешкімнің ойына да кіріп-шықпайтын. ПТР тест теріс нәтиже көрсеткендіктен, Covid диагноздарының көбі ауруханадан тыс жерде пайда болған пневмония түрінде тіркеле бастады. "Екіұштылық" артып, дәрігерлер ғана емес, қарапайым халық та ағзасынан коронавирус табылғандар мен ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткендер бірдей өліп жатқанын түсінді.

Біріншісін ауруханаға жатқызып, оларға өтемақы төледі. Ал ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен науқастарға жедел-жәрдем де барған да жоқ.

Біріншісін ауруханаға жатқызып, оларға өтемақы төледі. Ал ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен науқастарға жедел-жәрдем де барған да жоқ. Олардың өлімі Covid вирусынан болған өлім статистикасына кірмеді. Коронавирус жұққаны белгілі науқастардың ғана денесін тіліп, зерттеу жүргізді. Мысалы, бір түнде 53 мәйіт түсетін. Олардың үшеуінде ғана коронавирус анықталған, қалған елудің тесті теріс нәтиже көрсеткен. Үш мәйіттің денесін барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, тексереді, туыстарына бермейді, тез жерлеуге тырысады. Ал жүздеген адамның денесін тексерместен, туыстарына беріп жіберген.

Азаттық: Есептің жаңа әдісіне көшуге не итермеледі? Адамдардың қысымы ма?

Бермет Барықтабасова: Осындай әдіске түбі көшетініміз белгілі еді. Бәрі айдан анық көрініп тұрды. Бұл жағдай Қазақстанды ресми, шартты қадамдардан бас тартуға неге итермелемегенін білмеймін. Қырғызстанда биліктің басқа амалы қалмады. Олар мыңдаған адамға "Сендер басқа пневмониямен ауырасыңдар" дей алмады. Бірақ басында солай болды. Билік өкілдері "Ол басқа бір пневмониядан өлді" деген мәлімдемелер жасады. Covid өз алдына бөлек жүрді: билік "бізде пандемия, ресурстарымыз бен дағдарыс кезіндегі шараларымыз міне, күресіп жатырмыз, ал мыналар басқа бір пневмониямен ауырады" деген сыңай танытты. Ол кезде аталған "басқа пневмония" 1:10 қатынасында өрши бастады: яғни, 600 адам осы пневмониядан қайтыс болса, ПТР тесті нәтижесінде коронавирустық инфекция диагнозы расталған адамдар саны бірнеше есе аз болды.

Дәрігерлер халықтың алдында адал болуды талап етті. Бұл тікелей дискриминация еді: ағзасынан коронавирус табылмаған науқастарды ауруханаға қабылдаған жоқ, адамдар медициналық мекеменің алдында жан тапсырып жатты. Дәрігерлер бұйрықты орындап, "Бізге ПТР нәтижесінде расталған диагноз ғана керек" деді. Бұрын-соңды ешқашан медициналық қызмет бұлай көрсетілген емес. Жедел-жәрдем ешқашан "ПТР сараптамаң немесе рентгенің бар ма?" деп сұрамаған. Принциптердің бұзылғаны соншалық, билік шарасыз күйде қалды. Кенеттен ауыр жағдайда көп адам қайтыс болды. Санға қарайтын жағдай болмады. Бүкіл статистика бұрмаланғанын көрсеткен шындық орнады.

Медициналық орта өкілдері "Бізді қинамаңдар, барлық дәрігер екіұшты стандарт бойынша жұмыс істеп жатыр. Олар екі аурудың бір инфекция екенін түсінсе де, қандай да бір анықтама, бұйрық немесе қате шығуы мүмкін, дұрыс емес алгоритмдер мен тестілерге сүйеніп, науқастардың бір бөлігіне "жоқ" деп жауап беруге мәжбүр. Біз осындай жағдайдың алдын-алмаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ашулымыз. Біз осы ұйымның кеңесіне сүйеніп, қақпанға түстік" деп хат жаздық.

Азаттық: Неге бұл қақпанға біздің елдер түсті?

Бермет Барықтабасова: Бұл біртүрлі жағдай деуге болады. Эпидемиялық жағдай талданып, зерттеулер жасалады деп ойлаймын. Бәріміз мұндай мәселеге бірінші рет тап болдық. Италиялық және америкалық сценариймен салыстырғанда, бізде жағдай бірқалыпты өрбіді. Covid тарап жатқаны белгілі болды. Бірақ алғашқы айларда Италиядағы немесе Уханьдағы жағдай қайталанған жоқ. Мұны эпидемия деп атауға да келмейтін. Төрт айда 10 өлім ғана тіркелді. Осыдан халық сенуден қалып, "Бізде жылына – 33 мың, айына үш-төрт мың науқас қайтыс болады. Ал біз мына 10 өлімге микроскоппен қарап отырмыз. Басымызды қатырмаңдар" деді. Бірақ кейін басымызға түскен жағдай нағыз қайғыға айналды. Бұл күтпеген жерден болды. Жарты немесе бір жылда болатын жағдай бір аптада тіркелді. Мыңдаған адам бірден ауыр хәлге түсіп, реанимациялық көмекке, оттегіге мұқтаж болып қалды.

Пандемия кезінде маска таққан сатушы. Қазақстан. Көрнекі сурет.
Пандемия кезінде маска таққан сатушы. Қазақстан. Көрнекі сурет.

Азаттық: Қазақстанда статистикаға белгілі бір мақсатта әдейі манипуляция жасайды деген пікір бар. Мысалы, Қытайдың "өлім қаупі жоғары қазақстандық пневмония" туралы мәлімдемесіне қатысты туған халықаралық даудан кейін пневмонияны да есепке алу туралы шешім қабылданды. Бірақ кейін статистикаға 1 тамыздан бастап тіркелген науқастарды ғана қосатын болды. Қоғамда бұл шешімнің себебіне қатысты "халықты қорқытпау үшін осылай жасалды", "мемлекет әлемдік қауымдастық алдында жаман көрінгісі келмейді" деген сияқты әртүрлі нұсқа айтылды. Кей адам билік осы арқылы вирус жұққан дәрігерлер мен қайтыс болған адамдардың отбасына берілетін төлемдерден құтылуға тырысып отыр деп ойлайды. Өйткені Covid вирусынан қайтыс болды деп тіркелмеген адамның жақындарына өтемақы төленбейді.

Бермет Барықтабасова: Өз пікірімді ғана айтайын, оның бәрі объективті болмауы да мүмкін. Бұл Covid пандемисынан басталған нәрсе емес. Меніңше, мұның тарихи алғышарттары болған. Статистикаға қарым-қатынас советтік заманнан мұраға қалған. Ол кезде бәрі сахна сыртында қалып, өлім фактілері жасырын сақталатын, көп дүние туралы айтуға рұқсат етілмейтін.

ДДСҰ әуелден Covid вирусынан болған өлімді нақты анықтау үшін жалпыға ортақ критерийлер белгілеуі керек еді. Бірақ олай болмады. Мысалы, италиялық сценарий науқастың бәрін есепке алды. Олар қатерлі ісіктің үшінші, төртінші кезеңіне, ағзаның қанша пайызын ауру шалғанына қараған жоқ. Науқастан Covid вирусы табылса, өлім себебі бірден осы ауру деп көрсетілді. АҚШ есепті өзінше жүргізді. Ресей науқастарды ПТР тестінің нәтижесіне қарап тіркеп, әлі күнге статистиканы біріктірген жоқ. Бірақ Ресей онсыз да өлім көрсеткіші бойынша алғашқы бестікте тұр. Статистиканы біріктірсе, бұл көрсеткіш одан да арта түседі.

Қорғаныс киімін киген мамандар қоғамдық орындарды залалсыздандырып жүр. Алматы, Қазақстан. Көрнекі сурет.
Қорғаныс киімін киген мамандар қоғамдық орындарды залалсыздандырып жүр. Алматы, Қазақстан. Көрнекі сурет.

Қырғызстан статисканы біріктіргенде, антирейтингте алдыңғы орынға шықты. Халық "Анау-мынау, мемлекетті масқара қылдыңдар" деді.

Қырғызстанның халықпен және дерекпен ойнауды қойғаны дұрыс болды деп ойлаймын. Дәрігер ретінде халыққа бәрін ашып айтуымыз керек деп есептеймін. Кімді алдағымыз келеді? Бәрін өзіміз үшін жасаймыз ғой. Төлемдер, қаржыландыру, ресурстарды бөлу, диагностика, науқастарды ауруханаға жатқызу осы статистикаға негізделеді.

Covid пневмониясын ажыратудың қиын деу - сылтау.

Азаттық: Біздің денсаулық сақтау министрі бір сұхбатында есеп жүргізудің жаңа әдісіне бірден емес, 1 тамыздан бастап көшетінімізді, өйткені бұл техникалық тұрғыдан қиын екенін айтты. ДДСҰ-ның науқастарды аурулардың халықаралық классификациясының жаңа коды бойынша тіркеуге кеңес бергенін мәлімдеді. Ол сондай-ақ елде қаңтардан бері тіркелген, ауруханадан тыс жерде пайда болған 234 мың пневмония фактісінің бір де бірі жаңа базаға кірмейтінін айтып, мұны жалпы есептің ішінен Covid пневмониясын ажыратудың қиындығымен түсіндірді.

Бермет Барықтабасова: Шынымен бе? Сіздің денсаулық сақтау министрлігіңіз хаттаманың 11-нұсқасын шығарып отыр. Бізде небәрі үш нұсқа ғана болды. Үшінші хаттамаға келгенде жағдайды реттеп, ауруханадан тыс жерде пайда болған пневмонияның кодын (J18) алып тастадық. Тек U07.1 және U07.2 кодтарын ғана қалдырдық.

Мен сізге айтайын, бұл сылтау ғана. Қырғызстанның міндетті медициналық сақтандыру қоры (МӘМС) бір айы бойы бізді осылай ұстады. Хаттаманың үшінші нұсқасын 8 маусымда бекіттік, ал аурудың өршуі айдың соңына тура келді. МӘМС "Біздің электрондық базада U07.2 кодталмайды. Бізде Covid – U07.2 және J18 – ауруханадан тыс жерде пайда болған пневмония ғана бар. Сондықтан оны есепке ала алмаймыз" деді. Сол кезде МӘМС-ке өте өткір сұрақтар қойыла бастады. Біз "Неге сіздер есептей алмағандарыңыз үшін бүкіл статистика мен шынайылық бұрмалануы керек? Оның салдары жаман болады" дедік.

Осыдан кейін МӘМС электронды базасын өңдей бастады. Қандай IT мамандарды тартқанын білмеймін, бірақ олар олқылықтың орнын толтырды. Бұл тез болды деп ойламаймын, бірақ Қазақстанмен салыстырғанда жылдам жүзеге асқаны рас. Ал сіздерде ресурстар да, техникалық мүмкіндіктер де жетеді. Есеп жүргізу оңай. Бізде тұмаудан, ауруханадан тыс жерде пайда болған пневмониядан өлім көрсеткіші жоғары болған емес. Ал енді жаз мезгілінде ауру өршіп отыр.

Біз наурызда алғаш қайтыс болған дәрігердің өлімінен бастап жағдайды бақылауға алдық. Созақта тұратын психиатр дәрігер аурудың ошағында жүріп, обзервациялық зоналарға барып, ауырып қалған. Үш рет тапсырған тесті де теріс нәтиже көрсеткен. 10 күн ішінде қайтыс болды, оның ішінде бес күн өкпені жасанды желдету аппаратына қосулы жатты. Осы науқас Covid вирусы жұққан адамдар есебіне кірмеді. Оны әдеттегідей жерледі. Дәрігерді батыр санағанымызбен, оның өлімін мойындаған жоқпыз. Осы кезде наразылық күшейе бастады. Бәріміз бірігіп, дәрігердің Covid вирусынан қайтыс болғанын мойындап, оның отбасына өтемақы төлеуді талап еттік. Статистиканы біріктіргеннен кейін оның өлімі мойындалғанда бір жеңілдеп қалдық. Әйтпегенде бұл өте әділетсіз жағдай болар еді. Қазірге дейін жұмыста жүріп, жүздеген дәрігер қайтыс болды. Қазір жұмыста болған әр өлім мойындалып, ол бойынша өтемақы төленуін талап етіп жатырмыз. Үнсіз үзіліп кеткен фельдшерлер мен медбикелер бар. Оларды ұмытуға болмайды.

Азаттық: Жалпы пневмонияның ішінен коронавирус белгілері байқалған пневмонияны бөліп қарауға бола ма?

Бермет Барықтабасова: Болады. Өйткені клиникалық белгілер, рентген бар. Бұл зерттеудің объективті әдісі саналады. Мысалы, ауру тарихы не үшін жазылады? Адам қандай шағыммен түскенін, вирусты қайдан жұқтырғанын анықтау үшін. Мысалы, науқас обзервациялық зонаға барып, басқа сырқаттанған адамдармен байланыста болып, вирус жұқтырып, 10 күн ішінде тыныс алуы қиындап, қайтыс болса, осының бәрі тіркеледі.

Бізге патологанатомдар көп көмектесті. Олар гистология мен морфологияға қарады. Бұған ешкім тыйым салған жоқ қой. Covid пандемиясының басталуымен барлық дәрігер бір мезетте шетке ығысты. Классикалық медицинадан бас тартты, ал ол өте сенімді еді. Біздің патологанатомдар тыныс салу жолдары мен өкпеден сынама алды. Барлық жағдайда Covid анықталды. Мамандар бұл "басқа" пневмония емес, сөзсіз, "Covid" екенін айтты.

Азаттық: Яғни сіздерде осыған дейін коронавирус белгісі бар пневмония есепке алынып келді ме?

Бермет Барықтабасова: Қазақстандық әріптестер де мұны есепке алып, "ковид белгісі бар" деп жазғанына күмәнім жоқ. Бірақ дәрігерлер үшін бұл айдан анық болды. Өйткені бірдей ауру белгісімен түскен адамдардың ағзасынан коронавирус табылғаны Covid вирусынан, ал тест нәтижесі теріс шыққаны басқа аурудан қайтыс болуы мүмкін емес.

Азаттық: Қазір Қырғызстандағы жағдай қалай?

Бермет Барықтабасова: Жағдай реттеліп келеді. Бір тәулікте 80 адам қайтыс болып, мыңға жуық науқастан вирус табылған кездер болды. Олардың бәрі өзін қабылдайтын аурухана іздеді. Станционарлар мен жаңа нүктелер ашылады бастады. Көп адам оттегі мен медициналық қызметкерсіз қалды. Кейіннен адамдар тым болмаса амбулаторлық ем алуы үшін күндізгі стационарлар ашылды.

Азаттық: Бұған қажет ресурсты қайдан алдыңыздар?

Бермет Барықтабасова: Еріктілердің ықпалы зор болды. Дәрігерлер халыққа өтініш айтып, сүрлігіп жұмыс істеп жүргендерін, өздеріне дәрі-дәрмек пен оттегі концентраттары керегін жеткізді. Бұған қоғам мен кәсіпкерлер жақсы реакция білдірді. Бәрі осы іске жұмыла кетті. Үкімет те халықтан көмек сұрады. Адамдар биліктің сөзін жерге қалдырмады. Қарапайым адамдар дәрі-дәрмекпен немесе ауруханаға жеткізу арқылы көмектесіп, бір түнде жүздеген науқасты құтқарған кездері болды.

Азаттық: Сіздерде дәрі-дәрмек тапшылығы байқалды ма? Қазақстанда үлкен дағдарыс болды.

Бермет Барықтабасова: Бізде де осыған ұқсас жағдай болды. Бұған әрине дәріханалардың жеке кәсіпкерлердің қолында болғаны әсер етті. Баға өсті. Дәрі-дәрмекке не физикалық, не экономикалық тұрғыдан қол жеткізу мүмкін болмады. Көп адам ел басындағы қиын кезеңді пайдаланып, табысқа кенелді. Әлемнің әртүрлі елінде жүрген отандастарымыз көп. Жерлестеріміз Германия, Ресей, АҚШ, Канададан дәрі салып жіберді. Бұл халықты біршама құтқарды. Осыған дейін болған өлімнің алдын-алуға болар ма еді, оны білмеймін. Бірақ адамдардың қажет көмекке қол жеткізуіне көбіне халықтың орнынан қозғалып, өз-өзіне көмектесе бастауы себеп болды. Үкімет мүмкіндігінше осы үш-төрт аптаның соңына қарай құрал-жабдықпен қамтамасыз етті. Мемлекеттік сатып алулар, тендерлер өтіп, дәрі-дәрмек алынды. Бірақ мұның бәрі бірнеше аптаға кешігіп жетті. Олар кешігіп қалды.

Азаттық: Қазір қолда бар статистикаға көңіліңіз тола ма?

Факт деген – қырсық нәрсе, ал Қырғызстан – кішкентай мемлекет. Қай отбасыда қандай кісі өлгенін ... бәрі біледі.

Бермет Барықтабасова: Статистика – көзге көрінетін нәрсе ғана. Әдетте статистиканы халықты үрейлендірмеу, өтемақы төлемеу сияқты өзіңіз білетін әртүрлі себеппен жасыруға тырысады. Бірақ факт деген – қырсық нәрсе, ал Қырғызстан – кішкентай мемлекет. Қай отбасыда қандай кісі өлгенін, кімнің дәрігер екенін, қай азамат үйде отырғанын немесе жұмыста вирус жұғып, қайтыс болғанын бәрі біледі.

"Масқара" болудан қорыққан күннің өзінде ештеңеге қарамастан, статистиканы жасырмау керек деп есептеймін. Өз қателігіңді мойындау ұят емес. Сарапшыларға өте көп жұмыс жүктеліп отыр. Бұл деректер жасырын қалмаса жақсы болар еді. Мұның бәрі статистика үшін жасалып жатқан жоқ. Статистиканы біріктірген кезде бәрі өзін жеңіл сезіне бастады. Адамдар "Бір тәулікте үш адам өлгені қалай? Біз көп адам тасыдық қой. Олардың саны әлдеқайда көп болатын" деп наразылық білдіруді қойды. Бәрінің көңілін таба алмайсың. Қазір халықтың екінші жартысы "Сендер бізді масқараладыңдар" деп отыр. Бірақ бұл ұят емес, шынайылық. Ресурстары тапшы кішкентай Қырғызстанда өлім көрсеткішінің төмен болуы ақылға қонымсыз көрінген. Қазір бізде өлім көрсеткіші Тәжікстаннан да жоғары. Өйткені олар үнсіздік сақтап, ал біз жағдайды ашып айтып отырмыз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG