Біреулер Путинді қолдаса, өзгелер айыптайды. Украинадағы соғыс Қазақстан қоғамына қалай әсер етті?

Қазақстандық сарапшылар елдің Ресеймен шекаралас өңірлерінде кремльшіл көзқарасты қолдайтындардың көп болуын ресейлік пропаганда мен көрші мемлекетпен тығыз байланыстың әсері деп түсіндіреді.

Мәскеудің Украинаға басқыншылығы Қазақстанның қақтығыс аймағынан жүздеген километр қашықтағы, Ресеймен тығыз байланысы бар батыс өңіріне қалай әсер етті?

Ресей көрші мемлекетке басып кіргеннен кейін екі күннен соң қазақстандық бірнеше қоғам қайраткері "Украинамен біргеміз!" деп мәлімдеді. Нұр-Сұлтандағы ресми билік өкілдері ең үлкен одақтасы – Ресейдің агрессиясын сынауға батпай үнсіз отырғанда, қоғам белсенділері бейбіт халқы қырылып, қалалары қардай бораған оқ пен зымыранның астында қалған Украинаға гуманитарлық көмек жинай бастайды.

Мыңдаған қазақстандық астанадағы Украина елшілігі мен Алматыдағы қоймаға киім-кешек, балалар тағамы мен гигиена заттарын апарып, ақша аударды.

Ал Қазақстанның батыс өңіріндегі Орал қаласында Украина халқына дәрі-дәрмек жинап жатқан белсенділерге қалай көмектесуге болатыны жөнінде шағын ақпарат жариялаған тәуелсіз басылым жарнама берушіден айырылды.

"Уральская неделя" газетінің бас редакторы әрі баспагері Тамара Еслямова жергілікті кәсіпкер, аңшылар мен балықшыларға арналған құрал-жабдық сататын дүкендер желісінің иесі жарнама беруден бас тартқанын хабарлады. Еслямова Facebook парақшасына кәсіпкердің "Бізге басылымның Ресейге қарсы позициясы ұнамайды" деп жауап бергенін жазды.

"Уральская неделя" газетінде көбіне облыстағы және елдегі оқиғаларға арналған материалдар жарияланады. Басылым бетінде Украинадағы және әлемдегі жағдай туралы материал аз, бар ақпараттың өзі бейтарап формада жазылған: мақалада Киев пен Мәскеудің аргументтері қатар берілген. "Уральская неделя" газеті Украинада болып жатқан әскери қақтығысты басқа ақпарат құралдары сияқты "соғыс" деп атайды. Ресей ақпарат құралдары Кремль агрессиясын "арнаулы әскери операция" деп атауға мәжбүр (Роскомнадзор Ресей әскерінің шабуылын "соғыс" деп атауға тыйым салған).

"Уральская неделя" газеті бас редакторы Тамара Еслямова.

"Бізді соғысқа қарсы позициямыз үшін ашық түрде жазалап жатқанына таңғалмаймыз. Ресей Украинаға басып кіргелі Instagram парақшамызға ресейлік боттар тап беріп, редакцияға агрессия көрсетті. Жекеге "сазайыңды береміз" деген сыңайдағы хаттар жіберді" деп жазды Тамара Еслямова.

Бас редактор 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап, Донбаста Мәскеу қолдаған сепаратистер мен Украина әскері арасында қарулы қақтығыс басталған кезде де дәл осындай жағдай болғанын еске салды. Еслямованың сөзінше, ол кезде Орал тұрғындарының көбі газетке жазылудан бас тартқан.

Оралдағы көшелердің бірінде кетіп бара жатқан адам. 25 наурыз 2021 жыл.

"Оралдықтардың біраз бөлігі Путиннің Украинаға әскер кіргізу туралы шешімін құптайды" дейді Еслямова.

ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ЖАҚЫНДЫҚ ЖӘНЕ АҚПАРАТТЫҚ ТӘУЕЛДІЛІК

Алматылық әлеуметтанушы Жанар Жандосова елдің батыс өңірінде Кремльдің әрекетін жақтаушы азаматтардың көп екенін ресейлік арналарға ақпараттық тәуелділікпен түсіндіреді. Бұған өңірдің Ресейге жақын орналасуы да әсер етеді.

Әлеуметтанушы Жанар Жандосова.

– Шекараға жақын өңірлерде орыстар көп тұрады. Әрине, олардың Ресей пропагандасын тез қабылдайтыны айтпаса да түсінікті. Қонақ үйдің өзінде халықаралық немесе қазақстандық арналарды табу қиын. Көбіне ресейлік арналар көрсетіледі. Сондықтан өңірде Ресейді қолдайтын көңіл-күйдің кең таралуы таңғаларлық нәрсе емес, – дейді Жанар Жандосова.

Батыс Қазақстан облысының халқы көбіне спутник антеннасын орнатып, ресейлік арналарды қарайды.

Оралдағы көпқабатты тұрғын үйдегі спутник антенналары.

Ресей арналары Украинаның заңды әрі бүкіл әлем мойындайтын үкіметін "билікті басып алған терроршылар", "нашақорлар мен неонацистер тобы" деп атайтын Кремльдің саясатын насихаттайды. Мәскеу өз басқыншылық операциясын Украина халқын "азат ететін" қадам деп түсіндіреді.

Оралдық журналист Лұқпан Ахмедияров.

– Адамдардың пікірі олардың қандай ақпарат тұтынатынына қарай қалыптасады. Теледидар көретіндер Путинді жақтайды. Мұндай азаматтар теледидар көрмесе де, Путиннің іс-әрекетін қолдайтын ортада жүреді, – дейді оралдық белгілі журналист әрі белсенді Лұқпан Ахмедияров.

Оның пікірінше, Украинада соғыс басталғалы жергілікті халықтың позициясы екіге жарылған. "Бұл қатты байқалады" дейді ол.

ҚОҒАМДАҒЫ ЖІКШІЛДІК

Қазақстан ресми түрде Киев үкіметін мойындайды және Донбастағы сепаратистік құрылымдарды тәуелсіз республика деп қабылдамайды.

17 наурызда Оралда шығатын "ИНФОРМБИРЖА news" газетіне Украинадағы "арнаулы операцияны" қолдап, соғысқа қарсы азаматтарға "Кейінгі сегіз жылда қайда болдыңдар? Неге үнсіз отырдыңдар?" деген сарында мақала жарияланған.

Басылым "Украина билігі Донбасс халқын билікті басып алған нацистерге бағынудан бас тартқаны үшін өлтірді" деп жазған.

"Ресей соғыс бастамайды. Аяқтайды. Бұл соғыстың да соңғы нүктесін қояды" делінген мақалада.

Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес өңірімен шектеседі. Өңірлер арасындағы екі жарым мың километр шекара Ресей мен Қазақстанды бөліп жатқан әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасының үштен бір бөлігіне тең.

Тікенек сымның ар жағында тұрған Ресей федерациясының шекара бағаны. Көптоғай ауылы, Атырау облысы. 4 мамыр 2021 жыл.

Оралдан Ресейдің миллион адам тұратын Самара қаласына үш сағатта жетуге болады. Мәскеу мен Киев Нұр-Сұлтан қаласынан да жақын. Жергілікті тұрғындар Ресейге демалуға, емделуге жиі барады. Дүкендерде Ресейде шыққан тауар көп. Мектеп түлектері Ресей жоғарғы оқу орындарына түсіп, көбіне сонда қалып қояды. Өңірлер арасындағы тығыз байланыс жергілікті халықтың көңіл-күйіне де әсер етеді.

Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев Қазақстан Конституция бойынша, унитарлы мемлекет болғанымен, қоғамда жікшілдік басым деп есептейді.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

– Қазақстанның солтүстігіндегі шекараға жақын өңірлердің Ресейге бүйрегі бұратыны жасырын емес. Қазақ тілінде сөйлейтін оңтүстік өңірлер Украинаны қолдайды. Географиялық және лингвистикалық тұрғыдан алғанда, оңтүстік ұлттық-патриоттық көңіл-күйдің негізі саналады. Шекараға жақын орналасқан өңірлер бұрыннан Ресеймен тығыз қарым-қатынаста. Бұл Ресейге жақын облыстарда жиі байқалатын идеялық сепаратизмге әсер етеді, – дейді "Тәуекелдерді бағалау тобының" директоры Досым Сәтпаев.

Ол Ресей саясатына деген екі түрлі көзқарас шекара маңындағы өңірлерде ғана емес, бүкіл ел аумағында кездесетінін айтады. Сәтпаевтың пікірінше, елде Кремльді жақтайтын және оған қарсы екі топ бар.

РЕСЕЙ ПРОПАГАНДАСЫНЫҢ ЖЕМІСІ

Украинаға қарсы соғыс басталмай тұрып, ресейлік арналардан оңтүстіктегі көршісі – Қазақстанға жерге байланысты талаптар айтылып, ресейлік саясаткерлер "Солтүстік Қазақстан – "орыс халқының сыйлығы", Орталық Азияда орыс тілінде сөйлейтін азаматтардың құқығы шектеліп жатыр" деп мәлімдеп, "жерді қайтаруды" талап еткен. Қазір Қазақстан жайлы сөздер басылып, Украина басты назарға шықты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәскеудің "орыстарды қорғауы", Нұр-Сұлтанның Кремльге "жалтақтауы"

Бірақ Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігі мәселесі сол күйі шешілген жоқ. Билік кейінгі жиырма жылда жүйелі оппозицияның көзін жойып, оппозициялық ақпарат құралдарының көбін жауып тастады. Ақпарат кеңістігінде билікке адал ресми басылымдар ғана қалды. Олар азаматтық бастамалар мен қоғамдағы өзекті мәселелер туралы жазбайды, ресейлік саясаткерлердің талабына реакция білдірмейді. "Осылайша ақпараттық кеңістік көрші мемлекеттің қолына өтті" деп түсіндіреді Досым Сәтпаев.

– Қазір соның салдарын көріп отырмыз. Бұл 2014 жылы анық көрінді, өйткені Қырым аннексиясы, Ресейдің Украинаның шығысына басып кіруі Қазақстан қоғамын екіге бөлгендей әсер етті. Сол кезде Қазақстанда Ресейдің мемлекеттік пропагандистік арналарын көрсетуге тыйым салу керегін айтып едім. Қазақстан қоғамына дәл осы арналар жік салып отыр, – дейді Сәтпаев.

Саясаттанушы елде дағдарыс бола қалса, мемлекетті сатып кетуге әзір азаматтар пайда болғанына алаңдайды.

Батыс Қазақстан облысының қиыр шетінен Украинаға дейін небәрі жүздеген километр ғана. Толассыз бомбалаудан түгі қалмай қирап, жергілікті халқы соғыста қаза тапқан жақындарын қарша бораған оқ астында жерлеп жатқан Мариупольмен арасы мың километрге де жетпейді.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі ғимараты. Орал қаласы, 2022 жылғы наурыз.

Жайық өзені жағалауында орналасқан, 300 мыңға жуық халқы бар Орал қаласы бұрынғы қалыпты тіршілігін жалғастырып жатыр. Революцияға дейін салынған ғимараттардың жанында Совет одағы тұсында бой көтерген құрылыс нысандары, одан әріректе жаңа тұрғын үйлер тұр. Көктем келгеніне қарамастан, күн әлі де суық, ауа температурасы нөлден төмен.

Қазақстандағы саяси белсенділігі жоғары қала – Алматыда өткен соғысқа қарсы митингіге бірнеше мың адам қатысқан. Жиналғандар Қазақстан билігін Ресейден іргесін аулақ салуға шақырған. Оралдық белсенділер ақпан айының аяғында Ресей елшілігінің жанында Украинадағы соғысқа қарсы митинг өткізбек болған. Бірақ олардың жоспары жүзеге аспай қалды. Белсенділердің айтуынша, митинг өтетін күні полиция адамдарды үйінің алдында тосып тұрған, Бекболат Өтебаев, Маруа Ескендірова мен Амангелді Оразбаевты біраз уақыт ұстаған.

"Уральская неделя" газетінің бас редакторы Тамара Еслямова жарнама берушіден айырылғанына қарамастан, өз позициясынан бас тартпайтынын айтты. Бұл жазбаның астына пікір қалдырған желі қолданушылар газетті қаржылай қолдауға ниет білдіріп, Қазақстанның әртүрлі қаласында тұратын ондаған адам аймақтық газетке материалдық көмек бергенін жазды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Кремльде Путин отырғанда жалғаса беретін құбылыс". Ресей басқыншылығы тұсында Орталық Азия елдерінің "үнсіздігі"Есі ауысты ма, әлде стратегия ма? Путиннің Украина облыстары жөніндегі шешімі және оның қисыны"Мама, басталды!". Қазақстандағы украиндар соғыс өтінде қалған жақынын қалай құтқарып жатыр?