Украина қарымта шабуыл бастады ма? Ресей солай дейді, Киев үндемейді

Украина жауынгерлері Авдеевка кенті маңында Ресей әскерін атқылап жатыр. Украина, Донецк облысы, 31 мамыр, 2023 жыл.

Украинаның солтүстік-шығысындағы Харьков облысынан оңтүстіктегі Днепр өзеніне дейін созылған майдан шебінің бойында қиян-кескі шайқас қыза бастады. Ресейдің қорғаныс министрлігі Украина қарымта шабуыл бастады дейді. Азаттық осы төңірегіндегі хабарламаларды шолып шықты.

Бір аптадан бері Украинаның солтүстік-шығысындағы Харьков облысынан басталып, бір шеті Донецкіге, екінші шеті Днепр өзеніне дейін 1000 шақырымға созылатын майдан шебінің бойында кескілескен ұрыс жүріп жатыр.

Украина президенті Владимир Зеленский ірі қарымта шабуыл басталатынын ескерткендей болды. Бұл 15 айға созылған соғыстағы шешуші шайқас болуы мүмкін.

5 маусымға қараған түні Ресейдің қорғаныс министрлігі "Украина Донецк және Запорожье облыстарында ірі қарымта шабуыл бастады, бірақ Ресей әскері оларды тоқтатты" деп мәлімдеді.

Украина Ресейдің жалған ақпарат пен асыра сілтеуге бейім екенін еске салды. Сол күні кешкісін Украина қорғаныс министрінің орынбасары "кей учаскелерде шабуылға көшіп жатырмыз" деді.

Сонымен Украина қарымта шабуыл бастады ма?

Мүмкін.

4 маусымда Австралия әскерінің отставкадағы генералы Мик Райан Twitter-дегі парақшасында "Украинаның қарымта шабуылы үшін мінсіз уақыт жоқ. Бірақ Украина күштері сақадай-сай, Ресейдің әлсіз тұстарын пайдалануға дайын болатын тиімді уақыт бар. Бұл кез жақындап қалды. Шабуыл бастайтын уақыт таяп келеді" деп жазды.

БҰЛ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?

Барлық ресми ақпарат сияқты Ресей қорғаныс министрлігінің де мәлімдемесіне күмәнмен қарау керек.

Ресей қорғаныс министрлігі Telegram-дағы арнасына сол күні түнде жариялаған ақпаратында "4 маусымда Украина Донецкінің оңтүстігіндегі бес учаскеде алты механикаландырылған және екі танк батальонын пайдаланып, ауқымды шабуыл бастады" делінген.

Министрліктің кейінгі хабарламасында Нескучное ауылына жақын маңда Украинаның 31-механикаландырылған бригадасының 250 жауынгері өліп, 30 шақты танк пен техника таситын көлік, оның ішінде АҚШ берген Bradley автокөлігі жойылғаны айтылады.

"Қарсылас көздеген мақсатына жете алмады" делінген министрліктің ақпаратында.

Бұл ақпаратты "Ресей қорғаныс министрлігінің расталмаған мәлімдемелері" деген айдарға қосуға болады.

Бахмут қаласы маңында Ресей әскерімен шайқасып жатқан украин сарбаздары. Украина, Донецк облысы, 12 мамыр, 2023 жыл.

Майдандағы жағдай салыстырмалы түрде тұрақты кездің өзінде қаза тапқан жауынгерлер туралы тәуелсіз есеп жүргізу қиын. Украина майдан шебіне украин және шетел журналистерін жіберуге шектеу қойды. Өз әскерімен бірге көшіп-қонып жүрген ресейлік тілшілер мен блогерлер көбіне күмәнді ақпарат таратады.

5 маусымға қараған түні Ресейдің әскери блогерлері (олардың кейбірі әскери және барлау топтарымен жақсы араласады) Угледар, Времевка шоқысы, Соледар, Великая Новоселка және басқа да (болуы ықтимал) жерлерде жергілікті шайқастар күшейгенін жазды.

5 маусымда пропагандалық мәлімдемелерімен танымал ресейлік блогер Семен Пегов "Шабуылдың екінші толқыны… Соледардың үстінен оқ жауып, ауыр шайқас жүріп жатыр" деп хабарлады.

"Қарсылас Артемовск маңында да шабуылға көшті. Соледар да артиллериялық шабуылға ұшырады. Бахмуттың оңтүстік-батысында да шайқас жүріп жатыр" деді "Комсомольская правда" тілшісі Александр Коц.

Артемовск – Бахмуттың Совет Одағы кезіндегі атауы.

"Большая Новоселка ауданындағы шайқас 12 сағаттан бері жалғасып жатыр. Қарсылас Новодонецк бағытына күш сала бастады. Қос тарап та Угледар үшін артиллериялық ұрыс жүргізуге көшті" деді тағы бір блогер Борис Рожин.

Украина мен Ресей шекарасы маңындағы Волчанск қаласында әскери көлік мініп кетіп бара жатқан украин сарбаздар. Украина, Харьков облысы, 5 маусым, 2023 жыл.

Донецк облысындағы Ресейді жақтайтын күштердің қолбасшысы Александр Ходаковский 5 маусым күні таңертең Новодонецк және Угледар аумағында әскери техника тасымалдайтын 30 көлік көзге түскенін айтты.

"Қазір Новодонецкіде соғысып жатқан топ шабуылға көшіп кетті. Қарсылас коммуникация жолдарын кесіп, бізді қиын жағдайда қалдырды. Оқиға ары қарай өрбіп жатыр" деп жазды блогер.

Кейін Ходаковский Великая Новоселка маңында "Леопард" танкісін көргенін жазды. Егер бұл рас болса, Украина Германиядан шыққан танкілерді соғыста алғаш рет қолданып отыр.

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің бұрынғы өкілі басқарады делінген "Рыбарь" телеграм-арнасы 5 маусым күні түске дейін Времевка шоқысы мен Новодаровкада шайқас болғанын, оған 23 және 31-механикаландырылған бригадалар қатысқанын мәлімдеді.

Автордың айтуынша, Украинаның 30 беренді техникадан тұратын құрамы (37-теңіз жаяу әскері бригадасының жауынгерлері болуы мүмкін) Новодонецк ауданындағы ауылдардың бірін басып алған.

"Қазір тараптар артиллериямен соғысып жатыр. Ауылдың жартысы Украина қарулы күштерінің қолына өтті" делінген хабарламада.

УКРАИНДЕР НЕ ДЕЙДІ?

Олардан ақпарат аз.

Украина қорғаныс министрінің орынбасары Аанна Маляр 5 маусым кешкісін Telegram-да жариялаған мәліметінде шабуыл жүріп жатқанын айтып, Бахмутқа ерекше тоқталды.

"2022 жылғы 24 ақпанда бастаған қорғаныс операциямызды жалғастырамыз. Оның ішіне бәрі – тіпті шабуыл да кіреді. Сондықтан кей учаскелерде шабуылға көшіп жатырмыз" деді ол.

"Әскери қимылдардың негізгі ошағы – Бахмут. Ол жақтағы майдан шебі үлкен. Қарсыластан басым түсіп, жақсы нәтиже көрсетіп жатырмыз" деді Маляр.

Жермен-жексен болған Бахмут: спутниктен түсірілген жаңа суреттер

Украина соғысқа қатысты ақпараттарды бақылауда ұстауға барын салды.

Қыс айларында соғыс тығырыққа тірелгендей көрінген. Ресей бірнеше рет қарсы шабуылға көшуге тырысып, Украина әскерін шегіндірген.

Бірақ қаңтар-ақпан айларында Ресей әскері Угледар түбінде тас-талқан болып жеңілді.

Жақында Ресей Бахмутта жеңіске жеткенін мәлімдеді. Донецк облысындағы бұл қаланың стратегиялық маңызы жоғары болмаса да, қос тарап Бахмут үшін 10 ай бойы кескілескен соғыс жүргізді.

Қала жер бетінен жойылып кетті. Украина Ресейден жеңілгенін мойындаған жоқ.

Бахмут шайқасы басталмай тұрып, Украинаның өкілетті тұлғалары қарымта шабуыл жоспарлап жатқанын айтқан.

Батыс сарапшылары "бұл – Киевтің соғыс барысын өзгертіп, Вашингтон, Брюссель мен Берлиндегі серіктестеріне бейбіт келіссөздің уақыты келмегенін дәлелдейтін ақырғы мүмкіндігі" дейді.

НАТО мен одаққа кірмейтін кей мемлекеттер Украина күштерін Батыс үлгісінде соғысуға үйретіп, әскери дайындықтан өткізіп жатыр. Бұл – Украина әскері үшін жаңа тәжірибе, өйткені олар бұрын Совет Одағынан қалған доктриналарды қолданатын.

Әзірге 3000-5000 жауынгерден тұратын тоғыз бригада НАТО-ның дайындығынан өтті. Украина қарулы күштерін қайта жасақтап, тағы төрт жаңа бригада құрды. Ірі шабуылдарға дәл осы әскер қатысады деп топшыланып отыр.

5 маусымдағы алғашқы тексерілмеген деректерге қарағанда, белсенді шайқастарға Украина әскерінің шағын бөлігі ғана қатысқан. 2022 жылы көктемде әскери қимылдар жанданғанға дейін Украина дрон, артиллерия, бір рет тікұшақ пайдаланып, тасадан соғысып келді.

Украинаның өкілетті тұлғалары трансшекаралық шабуылдарға қатысы барын жоққа шығарды.

Қыстан кейін жауынгерлер майданда жиі көзге түсе бастады. Өткен айда Украинамен бірге соғысып жүрген Ресейге қарсы әскери топ екі күн бойы Белгород маңындағы Ресей әскерін бері өткізбей, ұстап тұрды. Бұл соғыс басталғалы тіркелген ең үлкен басқыншылық операцияларының бірі болды.

"Грайворон" шекара бекеті маңында беренді техника мініп жүрген, өздерін "Ресей еріктілер корпусы" деп атайтын қарулы топ мүшелері. Ресей, Белгород облысы, 23 мамыр, 2023 жыл.

4 маусымда Украинаны қолдайтын тағы бір әскери топ Ресейдің бірнеше жауынгерін қолға түсіріп, Киевке тапсырды. Киев облысының губернаторы шекара маңында шайқас жүріп жатқанын растады.

27 мамырда Украина әскері бас қолбасшы, генерал Валерий Залужныйдың "Өзімізге тиесіліні қайтаратын уақыт келді" деген видеосын жариялады.

3 маусымда Украина президенті Владимир Зеленский The Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында: "Украина қарымта шабуыл бастауға дайын. Қолымыздан келеді деп сенеміз" деді.

4 маусымда Украинаның қорғаныс министрі ағылшын тілінде видео жариялап, қоғамды Украина операциялары мен дайындап жатқан қарымта шабуылы туралы ақпаратты құпия сақтауға үндеді.

"Қарымта шабуыл басталғаны туралы айтпаймыз" деді ол видеода.

БҰЛ ЖАЙ ПРОПАГАНДА ЕМЕС ПЕ?

Ресей ақпараттық операциялар мен бүркемелеу әдісін бұрыннан қару ретінде қолданады. Сондықтан "Орыстар украин командирлері мен қоғамды шатастыру үшін жалған ақпарат таратпай ма?" деген сұрақ бар.

Бүркемелеу әдісі қарсыласты алдау үшін өтірік айту, айла-шарғы қолдану, жоққа шығару сияқты неше түрлі әрекетті қамтиды.

Украина қарулы күштерінің стратегиялық коммуникациялар басқармасы 5 маусымда "Ресейлік әлеуметтік желілер мен блогерлер украиндерді қаралап, өз халқы мен шетелдіктерді алдау үшін әскери қимылдар туралы жалған ақпарат таратуға дайындалып жатыр. Ресей пропагандистері Мәскеуден қарсы соққы болмаса да, Украинаның шабуылы мен шығындары туралы жалған ақпарат таратады" деп мәлімдеді.

Украина Ресейдің мәлімдемелерін азайтып, әскер қай бағытта жылжығаны туралы тәуелсіз ақпаратты шектегісі келеді.

Ресейдің мақсаты – болмаған жеңісті болды деп көрсетіп, украиндерді қаралау.

БҰЛ ҚАРЫМТА ШАБУЫЛ БОЛМАСА, ОНДА НЕ?

5 маусымдағы ақпарат бойынша, қазір майданда жүрген украин әскерінің саны аз.

Сонда бұл бәрі күткен қарымта шабуыл болмағаны ғой.

Әскери сарапшылардың пікірінше, бұл трансшекаралық рейдпен және дрон шабуылымен қатар орыстардың позициясын анықтап, олардың әлсіз тұсын табуға көмектесіп, ресейлік командирлерді әскерін бір жерден екінші жерге көшіруге итермелейтін амал болуы мүмкін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соғыс балалары. Ресей украин балаларын қайда әкетіп жатыр?Фрэнсис Фукуяма: Қырымнан айырылу Путин үшін ауыр соққы боладыПутинді тұтқындау ордері: "үнсіз қалғандар мен Мәскеуден сескенгендер". Соғыс жылдамдатқан отарсыздандыру"Украинадағы соғыс ондаған жылға созылуы мүмкін". Британ генералымен сұхбат "Өлген орысты жинау". Мәскеу Орталық Азия мигранттарын Украина жеріне қалай жіберіп жатыр?