Украинаның экс-премьері Юлия Тимошенко жеті жылға сотталды

Украинаның экс-премьері Юлия Тимошенко сотта сөйлеп тұр. Киев, 11 қазан 2011 жыл.

Бүгін Киевтегі аймақтық сот бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенконы «2009 жылы Ресеймен газ келісімдерін жасаған кезде қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айыппен 7 жылға соттады.

Печерский аудандық сотында үкім оқылып жатқан кезде сот ғимараты алдына жиналған Тимошенконың жақтастарын Украинаның қауіпсіздік қызметкерлері бөгеп, ғимараттың ішіне жібермей тұрды.

ҮКІМ МЕН ҮНДЕУ

Киев сотының судьясы Родион Киреев «Тимошенконың 2009 жылы билігін асыра пайдалануы мемлекетке 190 миллион доллар шығын келтіргенін» айтып, сот үкімін оқып берді.

– Юлия Тимошенко Украина қылмыстық кодексінің 365-бабы 3-тармағы

Сот ғимараты маңына жиналған Тимошенконың жақтастары. Киев, 11 қазан 2011 жыл.

бойынша айыпты деп табылды. Ол 7 жылға түрмеге жабылып, тағы 3 жыл әкімшілік, басқару және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу құқынан айрылды, – деді судья.

Украинаның бұрынғы премьер министрі сот шешіміне қарсы апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Ол бүгінгі сот үкімін совет диктаторы Сталиннің 1930-жылдардағы «тазалау шарасымен» теңестірді. Тимошенко ендігі үміті Еуропалық сотта екенін айтады.

– Біз әлі күресеміз, жақсы атымды қорғаймыз. Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот заңды шешім шығаратынына сенімдімін. Бірақ бүгінгі сот Украинада әділет жоғалғанын көрсетті. Конституциядағы құқықтарымыз бен еркіндігіміз бұзылғанын, Украинада ешкімнің сот жүйесіне сенім арта алмайтынын танытты, – дейді Юлия Тимошенко.

Тимошенконың «Бүкіл украиндықтар одағы» партиясы мен қолдаушылары сот үкіміне қарсылықтарын білдірді.

Юлия Тимошенко сот үкімі оқылып жатқанда-ақ Украина халқын «демократия жолында бірігуге» шақырды:

– Мен миллиондаған украиндықтарға үндеу айтамын. Сіздерді режимнен қорықпауға шақырамын. Егер бұғып қалсаңыздар, Украинада дәл баяғыша құқықтарыңыз тапталады. Қорықпаңыздар! Украинаны қорғап, өз өмірлеріңіз үшін аянбай күресулеріңіз керек.

Тимошенко партиясының мүшесі, парламент депутаты Микола Томенко Азаттықтың украин қызметіне берген сұқбатында «егер Тимошенко мен бұрынғы ішкі істер министрі Юрий Луценко алдағы сайлауға қатыстырылмаса, оппозиция дауыс беруге бойкот жариялайды» деді.

Микола Томенко да украиндықтарды шеруге шығуға шақырды.

– Менің пікірімше, қоғам енді Facebook-ке жазып қана отырмай, бізбен бірге шеруге шығуға мәжбүр болады. Одан кейін 5 мың адам ғана қосылып қоймай, 50 мың немесе 500 мың адамға дейін жетсе, онда жағдай басқаша

Тимошенконың жақтастары мен арнайы жасақтың сот ғимараты маңындағы қақтығысы. Киев, 11 қазан 2011 жыл.

болады. Бұл тұрғыда менің ұсынысым – сыра ішіп, интернет қарап, үйде отырмай, демократияны қорғау үшін көшеге шығыңыздар, – дейді Томенко.

ЕУРОПАМЕН АРАДАҒЫ «КӨЛЕҢКЕ»

Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кэтрин Эштон Тимошенконың үкіміне қатысты алаңдайтынын айтып, «бұл Украинаның халықаралық талаптарды орындамағанын көрсетті» деді.

«Жалпыға бірдей құндылықтар, адам құқығын сыйлау мен заңды орындау сияқты істерді шешуде Украина билігі Еуропа одағымен өзара байланысына көлеңке түсіріп отыр» деді Брюссельдегі Еуропалық комиссия өкілі Майя Кочанчич.

Швеция сыртқы істер министрі Карл Билдт Тwitter-блогына «Біз Юлия Тимошенконың үкіміне қарсы шығамыз. Бұл біздің жалпы қарым-қатынасымызға кері салдарын тигізеді» деп жазды.

Юлия Тимошенко 2009 жылы Ресей премьер-министрі Владимир Путинмен жасаған газ келісімінде «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айыпты мойындамай, өзінің саяси қуғын құрбаны болып отырғанын айтады.

Amnesty International адам құқын қорғаушы ұйым Тимошенконы тез арада босатуға шақырып, «оған тағылған барлық айып алынып тасталсын» деді.

2004 жылғы «Қызғылт-сары төңкерісі» жетекшілерінің бірі болған Тимошенко былтыр президент сайлауына Виктор Януковичтің қарсыласы ретінде түскен еді.

Видео: Сотталған Тимошенконы қолдау акциясы


Your browser doesn’t support HTML5

Сотталған Тимошенконы қолдау акциясы