Accessibility links

Қазақстандағы ұйғыр әдебиеті


Кейбір тарихшылармен ғалымдардың тұжырымы бойынша, түркі тілдес Шығыс елдеріндегі ең ежелгі әдебиеттердің біріне ұйғыр әдебиетін жатқызуға болады.

Мамандар ұйғыр әдебиеті Кеңес Одағы кезінде айтарлықтай дамыды, дегенді айтады. Әдебиеттанушы, әрі ғалым Рабик Исмаиловтың пайымдауынша, Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері республикадағы ұйғыр тілі талай қиындықтарды басынан кешіргенімен қазіргі кезде жоғары бір сатыға көтеріліп келе жатыр.

Рабик Исмаилов,әдебиеттанушы: - Бүгінгі ұйғыр әдебиетінің жағдайын қазақ әдебиетінің жағдайымен салыстыруға болады. 1950-1960 жылдары, сонымен қатар 1970-1980 жылдары қазақ әдебиетімен орыс әдебиеті, ұйғыр әдебиеті, неміс әдебиеті, корей әдебиеті өсті. Сол жылдары жыл сайын баспадан 200 кітап шығатын еді. Жыл сайын бір-екі роман, көптеген жинақтар шығатын. Сол себептен 1970-1980 жылдарды біз ұйғыр әдебиетінің алтын дәуірі, деп атуымызға болады. Қазір енді, біздің жағдайымыз ретке келіп жатыр, мәдениетіміз қайтадан өсе бастады. Осыған байланысты біздің ұйғыр әдебиетіміз қазақ әдебиеті сияқты қайта жандана бастады. Қазір Мәсімжан Жулпқаров, деген жазушымыз өзінің «Жанар тау» деген трилогиясын жариялады, сонымен қатар басқада жазушыларымыз бен ақындарымыз жаңа шығырмаларын жариялау үстінде.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының мүшесі Рабик Исмаилов ұйғыр әдебиетінің кемшіліктерінде жасырмайды.

Рабик Исмаилов,әдебиеттанушы: - Ең жаманы өз кезінде жазушы атағына ие болмаған, жазушы деп есептелмеген адамдар өзінің қаржысына кітап шығыра бастады. Бұл әдебиет емес, бұл әдебиетке жақын келмейді. Мысалы, бізде бір-екі адам бар, олар соңғы 10-15 жылдың ішінде 10-15 кітап шығарып тастады. Бұл әдебиет емес, оларда көркемдік жоқ. Әдебиет, деген бұл ең алдымен халық сүйіп оқитын көркем сөз, жақсы шығармалар. Осындай жағдай бізде орын алып келе жатыр, бірақ мен ойлаймын жақсы дүние қалады, жаман дүние өз орнына түседі. Әдебиет ең алдымен халықты тәрбиелейді. Егер құны жоқ әдебиет дүниеге келсе, онда, ондай әдебиеттің керегі жоқ. Жақсы әдебиет жақсы тәрбие береді. Бұл мәселені ретке келтіру үшін танымал жазушылардың шығармаларын жариялап, оларға мүмкіндік беру керек, мемлекет оларды қолдау керек. Шынын айту керек, қазақ, орыс, ұйғыр әдебиеттерінде де үлкен жазушылар санулды, деп айтуға болады. Мысалы, қазақ әдебиетінде үлкен жазушылардың саны 10 шақты болса, ұйғыр жазушыларының саны екі-үш ғана. Сол себептен сол санаулы жазушыларға жағдай жасаса, халық рахметін айтатын еді.Әдебиет, деген әрдайым халықтың рухани байлығы болған, әдебиет әрдайым халыққа жол көрсетіп тұрған. Әдебиетпен жазушылар халықтың мақтанышы болған.Әдебиетпен жазушылар, өнер адамдары халықты дүниеге танытады.

Орталық Азиялық ұйғыр ақпарат желісінің мәліметтері бойынша, ұйғыр әдебиетінің қалыптасуына ең алдымен мерзімді басылымдар әсер еткен. Себебі ұйғыр тіліндегі әдеби шағырмалар басылып тұрмаған. Мерзімді басылымдар арқылы көптеген ұйғыр жазушылар үлкен өмірге жол ашқан. Әдебиеттанушы Рабик Исмаиловтың пікірінше, жазушылардың халық өміріндегі орны ерекше.

Рабик Исмаилов,әдебиеттанушы: - Осы қазақтарда Мұхтар Әуезов болмағанда, қырғыздарда Шынғыс Айтматов болмағанда дүниежүзінің халқы қазақтардың, қырғыздардың қандай халық екенін білмеуі мүмкін еді. Осы мәселе жөнінде ойлану керек. Әрине, кемшіліктердің барлығы, ауырпашылықтардың барлығы, шешімін таппай отырған мәселелердің барлығы шешіледі, мемлекетіміз өседі, бірақ жазушы, деген өте нәзік халық. Оларды естен шығармау керек, олар әрдайым халықтың, мемлекеттің назарында болу керек.

Ғалым, жазушы әрі журналист Рабик Исмаилов бүгінгі жазушылардың қаламы айтарлықтай өткір еместігін айтып өкініш білдіреді.Себебі тәуелсіз Қазақстанда Рабик Исмаиловтың пікірінше сөз бостандығы бар.

Рабик Исмаилов,әдебиеттанушы: - Тәуелсіздік алғаннан бері, біздің жазушылар кезінде жаза алмаған дүниелерді жаза бастады. Мысалы, бір ұйғыр жазушысы өзінің төрт кітабін шығарды, Кеңес Одағы кезінде бірінші, екінші кітабі шықты, бұл кітаптарда жазушы көп мәселені айта алмаған, оның себебін саясатпен байланыстыруға болады. Ал соңғы жылдары шыққан үшінші және төртінші кітаптарында барлық саясат, Кеңес Одағының ұйғыр мәселесіне араласқаны, ұйғырларға кедергі жасағаны ашық жазылған.

Әрине, жазушы үшін, өз ойын жеткізу маңызды мәселе. Біздің Одақ кезінде көптеген жазушылар өз ойын ашық жаза алмаған. Мен ойлаймын, егер Кеңес Одағы кезінде Мұхтар Әуезовқа кедергі жасамағанда, оған еркіндік бергенде, оның Абай туралы жазған шығармасы басқаша болары еді. Қазір цензура жоқ, цензура жоқ уақытта адам өз ойындағын жаза алады, айта алады. Ал, осы цензура жоғалғанда өткір шығарма жоқ. Жазушыларға барлық мүмкіндік жасалғанда олар өз ойларын айтпай отыр, мен осыған таңғаламын.


Рабик Исмаилов 1990 жылдардың басында болған қиындықтар арта қалғанын айтып, қазақстандықтардың жағдайы жақсарғаннан кейін, олардың рухани дүниелері ретке келеді, деген үмітте. Сол себептен ғалым әдебиеттің болашығына да сеніммен қарайтынын айтты.
XS
SM
MD
LG