Accessibility links

Билікті иелену үшін бәскелестікке түсе алатын 4-5 ірі партияны іріктеу жүріп жатыр


«Отан» республикалық саяси партиясының 6-ші съезінің кезектен тыс өткізілуі және оған Ресей Федерациясынан «Единая Россия» саяси партиясы мен Қытай Халық Республикасынан Коммунистік партиясы өкілдерінің шақырылуы Қазақстандағы саяси партия өкілдерінің әртүрлі болжамдар жасауына себеп болып отыр.

Парламент Сенатының депутаты, Қазақстанның Демократиялық таңдауы қозғалысы саяси кеңесінің мүшесі Зәуреш Батталова, Қытай мен Ресейден жоғарыда аталған екі партия өкілдерінің съезіге шақырылуын, «Отан» партиясының да өзін олардың деңгейінде көріп отырғаны деп есептейді. «Ресейде «Единая Россия», Қытайда Коммунистік партия, ал Қазақстанда жалғыз «Отан» партиясы болуы керек дегенге келтіріп отыр. Ресейден неге басқа партияларды шақырмасқа? «Отан» өзінің мақсатымен сәйкес келетін басқа елдердің партиясын шақырып отыр»,-дейді Батталова ханым. Сондай-ақ ол «әр партия өз беделін, бағдарламаларын бәскелестік негізде көрсете білуі қажет, ал партияның беделін халық бағалауы керек»,- дейді.

«Қазір билік өз партиясын өз құзырымен қолданып, бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары қолында болғандықтан осындай іс-әрекет жасағанын авторитарлық әдіс деп қабылдаймын. Осы съезде барлық партиялар бір блок болып қосылыңдар деп шығарады немесе тек президенттік партия болып «Отан» саналады»,-дейді Зәуреш Батталова.

Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдиннің пікірінше, кезектен тыс съездің өтуі, күздегі Парламент Мәжілісі депутаттығына сайлауға дайындықты білдірдеді.

«Азаматтық» партиясының парламенттік фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы, «Единая Россия» мен «Отан» партиясының арасында ұқсастық бар, себебі олар президенттің сөзін сөйлейтін партиялар дегенді айтты. Сондай-ақ ол съезге шетелден саяси партия өкілдерінің қатысуын олардың өз мүдделері тұрғысынан келіп отырғанымен байланыстырды.

Ал, «Отан» партиясының парламенттік фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Әбдіжәлел Бәкірдің айтуынша, съездің кезектен тыс өтуі елдегі саяси ахуалдарға, яғни күзде болатын Парламент Мәжілісі депутаттығы сайлауымен байланысты.

Съезге шақырылған «Единая Россия» партиясының саяси кеңес президиумының мүшесі, Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасы төрағасының бірінші орынбасары Любовь Слиска, «Отан» партиясымен саяси бағдарламаларының жақындығын айтады. «Билікті иелену үішін бәскелестікке түсе алатын 4-5 ірі партияның қалуы үшін нағыз іріктеудің жүріп жатқанын біз түсінеміз»,- дейді Слиска ханым.

Жұртшылық өкілдері болса, Қазақстандағы саяси партияларға қатысты пікір айтуға аса ықылас білдірмей отыр.
XS
SM
MD
LG