Accessibility links

Сайлау туралы заңға байланысты әртүрлі пікірлер айтылуда


Сайлау туралы конституциялық заңға Қазақстан Президенті қол қойғаннан кейін де заңда қаралған өзгерістер мен толықтырулар көпшілік тарапынан әр түрлі пікірлер туғызып отыр.

Аталған заңды үш оқылымда қараған Парламент депутаттарының кейбірінің пікірі қарама-қайшы. Мәжіліс депутаты Серікбай Әлібаев «Заң жобасын конституциялық кеңес қарауына жіберу бір тәсіл болды. Жобаға қол қойылатыны белігілі болған. Конституциялық кеңес институтының қажеті жоқ. Одан конституциялық соттың болғаны дұрыс еді» дейді.

-

Бұл заңменен Қазақстанда әділ сайлау өткізу мүмкін емес. Екіншіден, қандай заң болса да Қазақстанда әділ сайлау болмайды. Оған менің көзім жетті. Билікке кім керек, солар келеді. Мен мұндай сайлауға қатысқым келмейді. Менің ойымша, қазіргі үкімет халықымен ойнап отырған сияқты. Халықымен епестеспей отыр. Бұндай үкіметтің меніңше, болашағы жоқ. Бірақ қанша болатынын білмеймін. Халықтың шыдамы бітіп отырған сияқты.

-

Сайлауға қатыспаймын деп айтып қалдыңыз. Алдағы күзде болатын Мәжіліс депутаттығына түспейтін ойыңыз бар ма?

-

Сондай шешімге келіп отырмын. Әділ сайлау болмайды деп ойлап отырмын. Бұндай шынайы емес Парламентте жұмыс істегім келмейді. Парламентті ойыншық қылып отырса, ондай парламенттің қажеті жоқ Жер, сайлау заңын көріп отырмыз.

Депутат Серікбай Әлібаевпен қысқаша әңгімеміз осындай болды.

Ал, Мәжілістің тағы бір депутаты Рамазан Сарпеков «Заңның Конституцияға сәйкес келетініне және оған қол қойылатынына ешқандай күмәнім болған жоқ. Оған сенімді түрде болдым» дейді.

Рамазан Сарпеков, қабылданған заңда ашық, әділ сайлау өтікзуге барлық мүмкіндіктер қаралғанын айтады. Сондай-ақ ол күзде болатын Мәжіліс депутаттығына сайлауға міндетті түрде түсетінін мәлім етті.

«Даурыға бергенше, қазір жүйелі түрде алда болатын сайлауға дайындала беру керек» дейді депутат Сарпеков.

Жұртшылық өкілдері қабылданған Сайлау туралы заң жөнінде және алда болатын сайлаулардың жариялылығы туралы әртүрлі пікірлер айтты.

Астаналық бір азамат аталған заңның өзінің ойынын шыққанын және Қазақстанда әділ сайлау өтетінінен үмітті екенін баян етті.

Ал, Нұрлан есімді Астана тұрғыны аталған заңның көп кемшілігі бар деп есептейді.

«Осы күнге дейін барлығы әкімдердің қолында болды. Кімді өткізем десе соны өткізді. Сол қалады. Сайлау науқанына әкімдерді араластырмаудың тәсілдерін қарау керек еді» дейді Астана тұрғыны Нұрлан есімді азамат. Заң қабылданғаннан кейінгі пікірлер осындай болуда.
XS
SM
MD
LG