Accessibility links

Қазақстанда «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының тағы бір мүшесі сотталуда


Дүйсенбі, тамыздың 2-сі күні Павлодар қаласында «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының парақшаларын таратқаны үшін айыпталған Владимир Севастьяновқа қатысты сот ісі басталды. 1 ай бұрын Павлодар қалалық соты дәл осындай айып тағылған 29 жастағы Арман Қамзин мен 22 жастағы Руслан Ғинатуллиндерге 2 жылға бас бостандығын айыру туралы үкім шығарып, ал бұл іс бойынша жауапқа тартылған үшінші адам - Владимир Севастьяновты психикалық ауруға шалдыққан деген күдікпен арнайы медициналық тексеруге жөнелткен болатын.

Алайда, психиатриялық сараптама жұмыстары Севостьяновтың ақыл-есі дұрыс деп тауыпты. Қазақстанның қауіпсіздік органының өкілдері «Хизб-ут-Тахрир»-ді заңсыз ұйымдар қатарына жатқызады. Ал Алматыдағы Хельсинки комитетінің төрайымы, Қазақстан республикасының президенті жанындағы адам құқықтарын қорғау комитетінің мүшесі Нинель Фокина адамды ұстанымы үшін айыптауға болмайды, яғни, мына 3 азаматқа қатысты қозғалған қылмыстық іс ешқандай заңға сәйкес келмейді деп отыр.

Естеріңізге сала кетсек, қылмыстық кодекстің 164-ші және 337-ші баптары бойынша қылмыстық іс Павлодар қаласындағы Мәшһүр-Жүсіп атындағы орталық мешіт ғимаратынан экстремистік мазмұндағы әдебиеттер табылысымен, 2003-ші жылдың аяғында қозғалған болатын. Сол кезде Павлодар қаласының тұрғындары Арман Қамзин, Руслан Ғинатуллин және Владимир Севастьяновтар осы іске қатысы бар күдікті деп танылып, қамауға алынған еді. Қалалық сот 2004-ші жылдың 1-ші шілдесінде Қамзин мен Ғинатуллиндерді 2 жылдан бас бостандықтарынан айыру туралы үкім шығарды. Дүйсенбі, тамыздың 2-сі күні үшінші күдікті деп танылған Владимир Севастьяновтың үстінен сот процесі басталды. Қазақстан республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының ұстанымы Қазақстан заңдарына сәйкес келмейді дейді:

- Олардың істеп отырған әрекеттері заңға келмейді. «Хизб-ут-Тахрир» болсын тағы да сол сияқты ұйымдар заңға қайшы жұмыс істеп отыр. Біздің мекеме, мынау Ұлттық Қауіпсіздік комитеті осындай ұйымдар жұмысын қадағалап отырады. Ол ұйымның жұмысына Қазақстанда тыйым салынған.

Ал, Алматыдағы Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина мемлекет бұларды заңсыз соттап жатыр. Егер әр азамат ұстанған көзқарасы үшін жазықты болатын болса, онда ең алдымен елдегі дінбасылар сотқа тартылуы тиіс дейді. Оның айтуынша, Қазақстан республикасы осындай әрекеттері арқылы бірқатар халықаралық құжаттарды аяқ асты етуде. Соның ішінде ең соңғы құжат ел басшылығы 2003-ші жылдың аяғында ғана қол қойған Біріккен Ұлттар Ұйымы пактісінің 18-ші бабына қайшы қадам жасалынып отыр дейді Қазақстан республикасының президенті жанындағы адам құқықтарын қорғау комитетінің мүшесі Нинель Фокина:

- Оларды заңсыз қудалады. Сосын міне заңсыз соттап жатыр.

Ал дінтанушы Мұртаза Бұлытай бұл ретте мемлекет жоқ жерден мәселе туындатып алып отыр дегенді айтады. Әрине, республика заңдарына қайшы ұстанымдағы ұйымдардың жұмысына шектеу қойған құптарлық дүние, десек те ең алдымен ел азаматтарына діни уағыздар, діни тәрбие кеңінен насихатталса, ондай шектеу қою мәселесі өз-өзінен күн тәртібінен түсіп қалар еді дейді Мұртаза Бұлытай:

- Пәленбай ғасыр бойы 100 пайыз бір ғана дінде болған біздің халқымызды осы күнде көптеген діндерге бөлу әрекеті жасалынып жатыр. Біз бүған бейғам қарай алмаймыз. Сондықтан мемлекет діни тәлім-тәрбие беру мәселесін өз қолына алуы керек. Біз егер осыны қолға алмайтын болсақ, біз егер үйретпейтін болсақ, бұл азаматтарға діни тәрбиені басқалар үйретеді. Басқалар үйреткеннен кейін оларға: «сендер неге соған бардыңдар? Сендер неге анау ұйымға кірдіңдер?» деп айтуға біздің қалайша құқығымыз болады. Өйткені, біз оларға ештеңе берген жоқпыз.

Павлодардағы қылмыстық жауапқа тартылған 3 азаматты Алматыдағы Хальсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина дәл осы Мұртаза Бұлытай айтқан мемлекет тарапынан ештеңе берілмегендер санатына жатқызып отыр. Полиция қызметкерлері «Хизб-ут-тахрир» ізбасарларын тұтқынға алған кезде нендей негіздерді басты ұстанымға алады екен дейді Нинель Фокина.
XS
SM
MD
LG