Accessibility links

Амнести интернейшнл ұйымы иммигранттарға баспана берудегі Еуропа одағының үдерісін сынауда


Амнести интернейшнл ұйымы иммигранттарға баспана берудегі Еуропа одағының үдерісін сынауда. Дүйсенбі күні жарық көрген өзінің жылдық баяндамасында аталған ұйым, қауіпсіздік шараларын баса қарастырғандықтан да Еуропа одағы иммигранттардың тілек-өтініштеріне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмей отыр, деп сынады. Осылайша, Еуропа одағына мүше елдер тарапынан баспана сұраушы иммигранттардың қауіпсіздік хұқы төмендетілуде, дейді аталған баяндама.

Баспана іздеушілер мен иммигранттардың хұқына жеткілікті көңіл бөлмеу есебінен қауіпсіздік шараларын көбірек күйіттеп кету, Еуропа одағының осы саладағы саясатында, 11-ші қыркүйек оқиғасынан кейін белең алып кеткен. Бұл жөнінде Азаттық тілшісіне берген сұбатында Амнести интернейшнл ұйымының Еуропа одағындағы бөлім басшысы Дик Оустиң айтқан болатын.

“Біз 11-ші қыркүйек оқиғасының әсерлерін, иммиграция үдерісін және лаңкестік әрекеттерге, сондай-ақ заңсыз иммигранттарға қарсы күрес барысындағы қызығушылықтың үстемдік алып кеткендігін байқап отырмыз. Сонымен, бостандық пен әділеттілік орынына қауіпсіздік шараларына қарай таңдау көбірек ойысып кеткендей. Осыған орай бізде сұрақ белгісі пайда болды. Бұл жерде мазасыздықтың туындауына түрткі болып отырған бірнеше жағдайлар бар екендігін сезінудеміз”-, деді Оустиң мырза.

Оның сөзіне қарағанда мұндай мазасыздықты аталған ұйым, осы Еуропа одағына мүше елдер 1999-шы жылы иммиграция жөніндегі кейбір бағыттарын бір орталыққа бағындыра бастағанда-ақ сезінген болатын. Болашақта да бұл мүше елдер иммиграция жөніндегі саясатын бір жүйеге келтіруге ұмтылған сайын Амнести интернейшнл ұйымы қауіпсіздік мәселелері мен жеке иммигранттардың хұқының қорғалуы арасында тепе-теңдіктің сақталуына шақырып отыратын болады. Баспана сұраушы иммигранттарды Еуропа одағына мүше емес елдерде құрылған лагерлерде ұстай тұру жөніндегі мәселеге Оустиң мырзаның ұйымы айрықша назар аударуда екен. Ливия сондай мекен-тұрақ еліне айналатын түрі бар. Мұндай лагерлер жайлы идеяны Амнести ұйымы арнайы әзірліксіз жоққа шығарудан аулақ.

Себебі, ол жайында нақты жоспар жасалынбағандықтан құрғақ идеяны сынаудың өзі оңай шаруа емес, дейді Оустиң мырза. Арнайы қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілмеген жағдайда иммигранттарды Еуропа одағы елдерінен шығарып жіберу шараларын Амнести ұйымы қолдамайды. Еуропа одағына мүше елдер арасында, қазіргі кезде “ қауіпсіз” үшінші елдер, деп аталатын арнайы тізімнің жасалуы жөнінде пікірталастар жүруде.

Оустиң мырза мұндай үдерісті де қатты сынады. Ондай тізім жасалған жағдайда, сол тізімге іліккен елдерден келген азаматтар қолма-қол кері қайтарылатын болады. Кері қайтарылған немесе шығарылып жіберген иммигранттардың одан кейінгі тағдырына сол шығарып жіберген мүше елдің жауапты күйінде қалатындығын Оустиң мырза баса айтты. Бұл-Еуропа соты арқылы қалыптасқан ереже екен. Дүйсенбі күні жарық көрген жыл сайынғы баяндамасының кезекті санында, Амнести интернейшнл ұйымы заңды иммиграция үдерісін оңайлату жөнінде Еуропа одағы елдеріне ұсыныс жасап отыр.

Осындай қадам арқылы ғана заңсыз иммиграцияның жолына тосқауыл қоюға болатын сыңайлы. Еуропа комиссиясы заңды иммиграцияны бақылауда ұстау жөніндегі идеяны қолдап келеді. Алайда, бұл мәселе мүше елдер арасындағы ең толғақты сауал күйінде қалуда.
XS
SM
MD
LG