Жармахан Тұяқбай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына шығып, олардың сұрақтарына жауап берді:
– Біріншіден бес жылда біз қолымыздан келгенше Парламентті – қалтадағы қуыршақ Парламент деген аттан айыру бағытында жұмыс істеуге тырыстық. Бірақ біздің бүгінгі конституциялық, заңдық аямыздың өте тар екеніне байланысты көп нәрсеге қолымыз жетпеді.
– Сіз мәлімдемеңізден кейін, Президентпен жеке кездесе алдыңыз ба?
– Кездестім, сөйлестім. Президенттің маған айтқаны сіздің өз көзқарасыңыз бойынша жасаған мәлімдемеңізді тиісті құқық қорғау орындарына жібердім. Солар тексереді деді.
– Президент үшінші сайланымдағы депутаттарды бір ай бұрын ерте шақырып отыр. Демек, ол сайлауды лигитимді деп есептейді ғой?
– Орталық сайлау комиссиясы ресми шешім қабылдағаннан кейін, бұл Парламентті олардың заңды деп бағалағаны рас.
– Президент командасында қаласыз ба?
– Президентпен қатар, бірге жұмыс істесе ғана солар командасында болады. Ал жұмыссыз адам қандай командада болады. Жәй ғана команданың мүшесі кімге керек?!
Президент сайлауына түсетін ойыңыз бар ма?
Қандай Президент сайлауы, оны білмеймін.
Президенттің аяқ астынан үшінші сайланған Парламентті шақыруына депутаттар әр түрлі баға береді. Коммунистер партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдиннің ойынша, Президент демократиялық күштерден қорқып отыр. «Президент көлеңкесінен қорқады. Ол кісінің саясаты әбден ескірген. Бір ай қалғанда Жармахан Тұқябайдың қасына тағы да адамдар топтасуы мүмкін деп, әдейі ерте тоқтатып отыр.
Коммунистер партиясының хатшысы Төлен Тоқтасынов мұны Парламентті тарату деп есептейді.
Ал келесі сайланымға өтпей қалған Қайрат Шалабевтың пікірінше, Президенттің бұл әрекеті – өткен сайлауды әділетті өтті деп тануы.
Парламенттің төрінен енді көрінбейтін депутаттар 2005 жылға арналған республикалық бюджеттің қабылданбай қалғанына өкінеді. Оған соңғы нүкте қояюға үш-ақ қалған болатын. Бұл мәселеге Мәжілістің төрағасы болған Жармахан Тұқябай «жау қуғандай билікке не көрінді» деп наразылығын білдірді.
Екінші сайланған сессия жабыла салысымен сайлаудан өтпей қалған депутаттар өздері отырған жұмыс кабинеттерін босатуға көшті. Өйткені ертеңнен бастап, оларға Парламент есігі жабық. Енді Мәжіліс спикері болған Жармахан Тұяқбайдан бастап, отыздан астам депутаттар жұмыссыздар қатарына қосылады.