Accessibility links

Үкіметтің ең төменгі күнкөріс шегіндегі адамдардың тұтыным себетін жаңаша есептеу туралы бастамасы қоғамдық пікірге қозғау салып отыр


Ең төменгі күнкөріс шегіндегі тұтыным себетінің тағамдық бөлігі 20-дан 43 түрлі тағамға дейін көтеріледі дегенге сенбейтіндер де бар. Қара нан мен қара шайға қарап отырған қарапайым жұртшылық «ондай тағамды түсімізде де көрмейміз», - дейді. Тіпті, кейбіреулері тағамның кейбір түрлерін көргендері болмаса, дәмін татпаған да екен.

Жанар Хамитованың Астананың шетінегі бір бөлмелі ескі үйінде 5 адам тұрады. Оның айтуынша, күйеуінің табысы бір үйлі жанның күнделікті күнкөрісіне кейде жетеді, кейде жетпейді. Өзі мүгедектігіне байланысты жұмыс істеуге қабілетсіз, ай сайын үкіметтен бөлінетін аздаған жәрдемақы дәріден аспайды. «Ол қайдағы 43. Мен 20 түрліге жеткізе алмағанда 43 дегенді ойым түгілі түсімде де көрмеймін. Оның бәрін алуға менің қаражатым жеткіліксіз. 1 айда суымыз бар, жарығымыз бар 43 түрлі тағам алу ойыма да келмейді. Күнделікті жейтін тамағымыз нан мен сүтті қоспағанда рожки мен картоп», - дейді Жанар Хамитова.

Ал Майра Хамзинаның алатын зейнетақысы 5 мың теңгенің үстінде. «Ақша қайдан жетеді, алатынымыз 5 500 теңге, оның өзі көбейтілген жоқ. Ал балалар өз беттерімен күн көріп жатыр, олардың да ақшасы бірде жетеді, бірде жетпейді. Мысалы біздің күнделікті тамағымыз: шай, май, жуа сондайларды сатып аламыз, анда-санда ақшамыз артылып жатса килосы 500 теңгеден ет аламыз», - дейді.

Қазақ Тағамтану академиясының Тағам және экология зертханасының бастығы Мұса Айтжанов азық-түлік түрлерінің 43-ке дейін артуын былайша түсіндірді: «Дастарханда тамақ саны жеткілікті болса біз витаминді де жеткілікті мөлшерде аламыз, денсаулығымызды жақсартатын тамақтың бәрін пайдаланамыз деп ойлаймыз». Оның айтуынша, 1998 жылмен салыстырғанда кептірілген жеміс бөлігі 13 пайызға, жеміс, көкөніс мөлшері үш есеге ұлғайған. «Сонымен қоса, етпен салыстырғанда балықтың адам денсаулығына пайдасы зор, сол себептен балық өнімдерін де көбірек тұтыну қажет. Республикалық статистика агенттігінің мәліметінше, балықтың дастарханға келуі екі есеге өскен», - дейді.

Ал Жанар Хамитованың айтуынша, балалары жеміс жидекті күйеуі жалақы алған күні ғана жейтін көрінеді. «Алма, жүзім аламыз. Ал ананас, какостарды алуға қаражат мүлдем жетпейді. Какостың ішінде не бар екенін де білмейміз, өйткені жеп көрген жоқпыз. Ал балықты мүлдем алмаймыз», - дейді.

«Күнкөріс деңгейі осыдан төмен болмауы керек деген көрсеткіш болады. Одан кейін әлеуметтік мәселелер соған қарай шешіледі. Қазір ең төменгі күнкөріс деңгейі 5 400 теңге. Соның 70 пайызы тағам түріне кетеді», - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова.

Ал Жанар Хамитова «Әлеуметтік жәрдемақы мен зейнетақыны өсіргенмен күнкөрістің ең төменгі шегінде өмір сүріп жатқандар түгілі оларға қарағанда табысы қомақтылау жандардың күнкөріс себеті 43 түрлі тағамға толады дегенге сенбеймін», - дейді.
XS
SM
MD
LG