Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12. 23. 2004


Тәуелсіз басылымдарда Шығыс Қазақстан облысы жұртшылығының жаңадан тағайындалған әкім Виктор Храпуновты аса қуанышты сезіммен қарсы алмағандығы және Алматы қаласының экс-әкімінің талай заңсыздықтарға жол бергендігі туралы деректер келтіріліпті. Сондай-ақ мерзімді басылымдарда “ТұранӘлем” банкі басқармасының төрағасы Ержан Тәтішовтың өз ажалынан қаза тапқандығының күмән туғызатын тұстарының көп екендігі айтылыпты.

“МК в Казахстане” басылымының тілшісі Вячеслав Кузиннің айтуынша, Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығы жаңа әкім Виктор Храпуновты аса қуанышты сезіммен қарсы алмаған. Мақала авторының айтуынша, Виктор Храпунов әкім болып тағайындалған Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығын енді бұл жерде күтпеген өзгесітер белең ала ма деген үрей билеп отыр. Газетте келтірілген деректерге жүгінсек Шығыс Қазақстан облысы Виктор Храпуновтың туған жері. Сондай-ақ мақалада облыстық әкімшіліктегілердің шын мәнісінде қатты алаңдаушылық танытып отырғандығы айтылыпты. Газет тілшісінің пайымдауынша, бұрынғы облыс әкімінің арқасында облыстық әкімшіліктегі кейбір жақсы қызметке қол жеткізген шенеуніктерде жылы орнын суытып аламыз ба деген үрей туып отыр. Алайда мақала авторы Шығыс Қазақстан облысының жаңадан тағайындалған әкімі Виктор Храпуновтың жаңа жұмысына аса үлкен жігермен кірісіп кетпегендігін де атап өтіпті.

“Время” апталығының тілшісі Генадий Бендицкий де Алматы қаласының экс-әкімі Виктор Храпуновтың соңғы кездері құрылыс мәселесімен қатты шұғылданып кеткендігіне айрықша тоқталыпты. Мақала авторының айтуынша, Виктор Храпуновтың кезінде Алматы қаласында көптеген заңсыздықтар, атап айтқанда қала тұрғындарының құқы өрескел бұзылуы секілді келеңсіздіктер қатты белең алған. Осыған орай мақалада Алматы қаласының экс-әкімі Виктор Храпуновтың тау бөктеріндегі ұзақ жылға шаруашылық қожалыққа жалға берілген жерлерді әкімшіліктің қажеттілігіне байланысты тартып алып, туған-туысқандары мен лауазымы жоғары шенеуніктерге бөліп бергендігі туралы дерек келтіріліпті. Журналист Генадий Бендицкидің айтуынша, Алматы қаласының экс-әкімі Виктор Храпуновтың кезінде мұндай келеңсіздіктердің жаппай белең алуы қалыпты жағдайға айналған. Генадий Бендицкий “Время” газеті арқылы Виктор Храпуновтың тау бөктеріндегі коттеджі, оңтүстік астананың энергия жүйесін әркімге бір сатқандығы, мемлекет қазынасының қаржысына жаңа аэропорт салып оны отбасы мүшелеріне беріп жібергендігі жөнінде талай мақалалар жазғандығын да тілге тиек етіпті.

“ТұранӘлемБанк” басқармасының төрағасы Ержан Тәтішовтың денесі жер қойнына тапсырылғанымен, оның өлімі төңірегінде әңгімелер саябырсымай отыр. “Жас алаш” басылымының бейсенбілік санында жарық көрген Гүлзат Нұрмолдақызының мақаласында осы қайғылы қазаға байланысты Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасы мамандарының берген түсініктемесінің көпшілікті қанағаттандырмай отырғандығы айтылыпты.

Газет тілшісінің айтуынша, бұл оқиғада түсінбестік туғызатын мәселелер өте көп. Соның бірі ретінде мақала авторы Ержан Тәтішовтың қаза тапқан күні “ТұранӘлемБанк” басшылығының шұғыл жиын өткізіп, басқарма төрағасын тағайындап жіберуі. Мақалада сондай-ақ Ержан Тәтішовке дейін банкир Елтай Әбенов пен Болат Сафинге де кездейсоқ оқ тигендігі, ол істердің де жабулы қазан күйінде қалғандығы айтылыпты. “Жас алаш” газеті келтірген мәліметтерге жүгінсек, “Ержан Тәтішовтың иелігінде “ТұранӘлем” банкісінің 24 процент акциясы болған.

“Сөз” басылымында жарық көрген Людмила Хлебникованың мақаласында “ТұранӘлем” банкі басқармасының төрағасы Ержан Тәтішовтың “әккі аңшы” болғандығы айтылып, бұл оқиғаның кездейсоқта орын алғандығына күмән келтіріліпті. “Сөз” басылымы осы орайда соңғы аайдағы биліктің ұйымдастыруымен Қазақстандағы жеті ірі банк өкілдерінің саяси партияларды қаржыландырмаймыз деген үндеуге қол қойғандығын еске алыпты. Сонымен бірге мақалада Ержан Тәтішовтың саяси көзқарасы үшін қудалуға ұшыраған Мұхтар Әблязовпен достық қарым-қатынаста және кезінде “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысы құрылғанда оның құрылтайшыларының бірі болғандығы да айтылыпты.

Журналист Шәріп Құрақбаев та “Сөз” газетінде жарық көрген мақаласында Ержан Тәтішовтың өліміне оның саяси көзқарасы себеп болуы ықтимал деген болжам жасапты. Мақала авторының айтуынша, 2003 жылдың көктемінде Мұхтар Әблязов рақымшылықпен бостандыққа шыққанда, Ержан Тәтішов бірнеше күнге жоғалып кеткен.

“МК в Казахстане” басылымы 2002 жылдың маусым айында “ТұранӘлем” банкі басқармасының төрағасы Ержан Тәтішовтың өміріне қастандық әрекетінің жасалғандығын хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, ол кезде белгісіз бір еркек Ержан Тәтішовтың көлігіне жанар май құйылған бөтелкені лақтырып жіберген.

“МК в Казахстане” газетінің хабарлауынша, Ержан Тәтішовке жасалған қастандық әрекеттері мұнымен де шектелмеген. 2003 жылдың мамыр айында белгісіз біреулер Ержан Тәтішов банкті тонап Америка Құрама Штатына қашып кетті деген жалған ақпарат таратқан.

“Түркістан” басылымы болса “Тұран Әлем” банкі басқармасының төрағасы Ержан Тәтішовтың аталмыш басылымға берген соңғы сұхбатын жариялапты. Ол сұхбатты Ержан Тәтішов “Түркістан” басылымына қаза табарынан үш күн бұрын ғана берген көрінеді.
XS
SM
MD
LG