Accessibility links

Украина бұрынғы жекешелендіру мәселелерін қайта қарамақ


Украинаның жаңа бас министрі Юлия Тимощенко үкіметтің елдегі үш мыңдай фирманың жекешелендіру құқығын қайта қарап шығатыны туралы мәлімдеді.

Украина жоғарғы соты бейсенбіде елдегі ең үлкен құрыш өндіру кәсіпорыны - "Криворыжстальдың" жекешелендірілуін заңсыз деп шешім қабылдады. Украинаның жаңа үкімет жетекшісі Юлия Тимошенко елдегі көптеген кәсіпорындар жекешелендіру кезінде "бұрынғы президент Леонид Кучманың одақтас, сыбайластарына заңсыз түрде өте арзанға сатылған" деп мәлімдеді. Сондықтан ол келісімдердің бәрі түгелдей қайта қаралауы тиіс деп отыр жаңа үкімет.

- Украина тәуелсіздігін жариялап бұрынғы социалистік республика жойылған 1992 жылдан бері сол кездегі үкімет шағын дүкеннен бастап аса үлкен корпорацияларға дейінгі 90 мыңдай бизнес орнын арзымаған бағаға сатып жіберген. Міне енді араға 13-14 жыл салып, жаңа үкімет сол әділетсіздікті қалпына қайта келтірмек, - дейді Киевтегі Евро-Атлантика ынтымақтастығы орталығының талдаушысы Володимир Хорбах.

Оның пікірінше, көпшілік жаңадан сайланған президент Виктор Ющенконы және бас министр Юлия Тимошенконы қолдайды.

- Жаңа әкімшілік жекешелендіруді қайта қарауды әділеттің салтанат құруы деп есептейді. Украина халқының пікірі де солай. Көптеген компаниялар заңсыз жолмен жасырын жекешелендіріліп кетті. Ол жекешелендіруге көптеген адам қатыса алмай қалды. Сондықтан жаңа үкіметтің жаңа шарасын қауым әділ әрекет деп түсінеді, - дейді Володимир Хорбах.

Ал қазіргі кезде күдік астына алынған нысандар көбейе түскендей. Президент Виктор Ющенко апта басында ондаған ғана негізгі фирмалар жөнінде айтса, Юлия Тимощенко жүздеген, тіптен мыңдаған фирма, компаниялар қайта тексеру-тергеуден өткізіледі деп атап айтты. Бірақ Володимир Хорбахтың айтуынша, "мыңның өзі аздау болар". Себебі, заңсыз, қылмыстық жолмен жекешелендіріліп кеткен нысаналар одан әлдеқайда көп дейді бақылаушылар.

Ал бұл арада президент Виктор Ющенко 30, Юлия Тимощенко 3 мың күдікті компания жөнінде айтып отыр. Ал әзірше Украина соты "Криворыжсталь" кешенінің заңсыз жекешелендірілгендігін ғана жариялап жіберді. "Криворыжстальды" бұрынғы президент Леонид Кучманың күйеу баласы Виктор Пинчукка кезінде 800 миллион долларға сатып жіберген деген әңгіме айтылып келді. Ал оны сол кездің өзінде бірқатар шетелдік топтар одан әлдеқайда қымбат бағаға сұраған екен. Кейбір саясаткерлердің айтуынша, сол жекешелендіру кезіндегі заңсыз бизнестен үкіметтік ресмилердің қалтасына орасан мол ақша түскен.

Міне енді "Криворыжсталь" қайта сатылса бұрынғыдан 3 есе көп қаржы келуі мүмкін деген сөздер айтылып отыр. Бірақ, Мәскеудегі халықаралық байланыстар институты қызметкері Кирилл Коктыштың айтуынша, бұрынғы президент Кучманы қолдаған орыстардың алдынан кейбір мәселелер де шығуы мүмкін.

- Меніңше, президент Кучманың билігі кезінде кепілдік алып инвестиция қаржысын жұмсаған инвесторлар бірталай қиындыққа кезігуі мүмкін, - дейді мәскеулік талдаушы.

Жалпы алғанда, Кирилл Коктыштың пікірінше, жекешелендіруді қайта қарау - елге тұрақтылық әкеле қоймайтын іс.

- Менің түсінігімде, бір жағынан алғанда, болашақтағы жекешелендіру шарасын күрделендіретін заң-ережелер жоқтай, бірақ екінші жақтан алғанда, ол жекешелендіруді кейінгі жаңа президент қайта қарай алмайды деген кепілдік тағы жоқ, - дейді Кирилл Коктыш.

Дегенмен, кейбір сарапшылар жекешелендіруді қайта қарау шетелдік инвесторларды үркіте қоймас деген пікір білдіреді. Себебі, Украинадағы негізгі үлкен мәселе – инвесторлар сыбайлас жемқорлықтан алдымен қашқақтайды. Ал әзірше Украинадағы шетелдік инвестицияның көлемі 2004 жылдың шамасы бойынша адам басына шаққанда 40 доллар екен. Бұл бұрынғы советтік аймақтағы ең төменгі көрсеткіш.
XS
SM
MD
LG