Accessibility links

Баспасөзге шолу. 26 сәуір 2005 жыл


Сейсенбідегі газеттерде осыдан 19 жыл бұрынғы Чернобыль атом апатын залалсыздандыруға қатысқан қазақстандықтардың қиын тағдыры туралы баяндалыпты. Қазақстан премьер-министрі Даниял Ахметов те сейсенбі күні жарық көрген басылымдардың негізгі кейіпкерлерінің біріне айналған екен.

“Литер” басылымында жарық көрген Ольга Медведьеваның “Чернобыльдың балалары” атты мақаласында осыдан 19 жыл бұрын орын алған Чернобыль атом апатын залалсыздандыруға қатысқан қазақстандықтардың өз денсаулықтарынан айырылып, ал балаларының кемтар болып туып жатқандығының тарихы баяндалыпты.

Алматыдағы Чернобыль одағының төрағасы Болат Раздықовтың айтуынша, Чернобыль атом электр станциясындағы сұрапыл апатты залалсыздандыруға қатысқан адамдардың ауруы, мүгедектігі мен өлімін анықтау мақсатында құрылған комиссия әлі күнге дейін олардың балаларының денсаулығын тексеру мәселесін күн тәртібіне қоймаған. Осы сөздеріне қатысты автор өз мақаласында Чернобыль атом электр станциясындағы апатты залалсыздандыруға қатысқан көптеген адамдардың балаларының кемтар болып туып жатқандығы туралы нақты дәлелдер келтіріпті.

Бұл тақырыпқа айырықша назар аударған “Экспресс К” басылымында жарық көрген Александр Каминский өз мақаласында, Чернобыль атом электр станциясындағы апатты залалсыздандыруға қатысқан 31720 қазақстандықтың дәл қазіргі таңда 6210-ы ғана тірі жүргені туралы деректі мысалға келтіріпті. Мақала авторының айтуынша, Чернобыль атом электр станциясындағы сол апатты залалсыздандыруға қатысқан адамдардың көбі бүгінгі таңда түрлі ауруға душар болған.

Жылына бір рет 1-2 мың теңге көлемінде көрсетілетін көмек олардың дәрі-дәрмек сатып алуына жетпейді. Осыған орай мақала авторы қазіргі таңда денсаулығына байланысты жұмыссыз қалған Чернобыль апатына қатысқан қазақстандақтардың ауыр ахуалды басынан кешіріп жатқанын хабарлапты.

Қазақстан Республикасының премьер-министрі Даниял Ахметов сейсенбі күні жарық көрген басылымдардың негізгі қаһармандарының біріне айналды. “Мегаполис” апталығының бірінші бетінде жарық көрген мақалада Солтүстік-Каспий жобасындағы Қазақстанның үлесін сатып алуда Даниял Ахметов басқаратын Қазақстан Үкіметіне қатысты көптеген сындардың айтылып жатқандығы баяндалыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Парламент Мәжілісінің депутаттары Марат Итеғұлов, Болат Әбішов, Оралбек Жақиянов және Амалбек Тшанов “Қазмұнайгаз” ұлттық компаниясына тиесілі үлесті сатып алудың Парламентте неге талқыланбағандығына байланысты депутаттық сауал жолдапты.

Ал, “Жас Алаш” басылымы болса Дариға Назарбаева бастаған бір топ депутаттардың да премьер-министр Даниял Ахметовке депутаттық сауал жолдағанын хабарлапты. Олардың айтуынша, “ПетроҚазақстан Құмкөл ресорсиз” кәсіпорыны мұнайды жоспардан асыра өндіріп жатыр. Егер де ахуал осылай жалғаса берсе, бұл мұнай қорының таусылуына және аймақтағы экологиялық жағдайдың нашарлап кетуіне әкеліп соғатыны айтылады. Мақалада, сондай-ақ, «Петро Қазақстан Құмкөл рессерсизге» қарсы қылмыстық іс қозғалғаны туралы дерек те мысалға келтіріліпті.

“Егемен Қазақстан” және “Казахстанская правда” басылымдарында Қазақстан Республикасының премьер-министрі Даниял Ахметовтың арнайы жұмыс сапарымен Арқалық қаласында болып, шағын шаһардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқаны хабарланыпты. Мақалада, сондай-ақ, кезінде Арқалық қаласында 72000 адам тұрғаны, ал бүгінде солардың тек 42649-ы ғана қалғандығы да баяндалыпты.
XS
SM
MD
LG