Accessibility links

Шілденің 11-і – халықтар қоныстануының дүниежүзілік күні


Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Кофи Аннан осы атаулы күнге орай әлемнің барша еліне жолдау жіберді. Онда БҰҰ жетекшісі барлық мемлекеттерді халықтың жағдайын жақсартуға шақырған. Қазіргі таңда жер бетінде 6 млрд халық тұрса, соның 15 млн Қазақстанда қоныстанған дейді қазақстандық демограф-ғалым Мақаш Тәтімов.

Көп балалы отбасында тәрбиеленген Шынар қазір өзі де екі баланың анасы. Ол қазақ халқының демографиялық ахуалын көтеруге бұдан да көбірек үлес қосқысы келеді.

- Әрине, мен көп балалы шаңырақтан шыққандықтан отбасында баланың көп болғанын жақсы көрем, - дейді ол.

Бірақ, Шынар мұндай арманын екі баламен шектеуге тура келгенін айтады. Өйткені, оның тұрмыс-тіршілік жағдайы оған көп бала сүюге мүмкіндік бермейді екен, баланы дүниеге әкелгенің үшін алатын бір реттік жәрдемақының өзін алу қиямет деп отыр Шынар:

- Алғашқы балам дүниеге келген кезде құжаттарымды жәрдемақы алуға тапсырған болатынмын. Олар үйіме келіп, мына телевизорың бар екен соны сат, жинақтаған дүниелерлеріңді сатып күн көр, сен не үшін жәрдемақы алғың келіп отыр деп бәрін тексеріп кетті. Мен үшін бұл өзімді кемсітіп-қорлаған жағдай болды. Содан соң дүниеге бала әкелуге менің бетім қайтты.

Дегенмен, осындай қиындықтарға қарамастан, 2005 жылы дүние жүзіндегі қазақтардың саны 13 млн 333 мың 333 адамға жетті дейді қазақстандық демограф-ғалым Мақаш Тәтімов.

- Оның 9 млн-ға жуығы Қазақстанның өзінде, ал қалғаны басқа елдерде. Қытайлар қазақ санын жасырады, сондай-ақ, өзімізбен көрші елдерде тұратын, бірақ өзге ұлт болып жазылып кеткендерді де қосамыз. Соның барлығын есепке алсақ, қазақтардың саны 4,5 млнға жетті.

МақашТәтімов Қазақстанда тұратын қазақ халқы санының көбеюіне шетелдергі қазақтардың атамекенге оралуының септігі бодлы деп санайды:

- Оралмандар көп болмаса, демографиялық жағдай тез жақсармаған болар еді.

Сонымен қатар, демограф Мақаш Тәтімов Қазақстанда адамдардың табиғи өсімі аз да болса, артып келе жатқанын айтады.

- Келгендер мен кеткендердің саны да теңелді. Миргациялық сальдо нөлге түсті. Жыл аяғында кеткендерден келгендер көп болады.

Соңғы бір жылдың ішінде Орта Азия елдерінен Қазақстанға қоныс аударуға тілек білдірушілер мен жұмыс іздеп келіп жатқан шетел азаматтарының саны да артып отыр. Оның ішінде Қазақстанмен көршілес Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келушілер легі артып отыр. Бұған ол елдердегі әлеуметтік жағдайдың төмендеп кетуі себеп дейді сарапшылар. Сондай еңбек мигранттарының бірі, қырғызстандық Жұман Айтуарқызы Алматыдағы орталық базарда сауда жасауды кәсіп етіп жүргеніне недәуір уақыт болыпты.

- Қазақстанда тұрып жатқаныма алты жыл болды. Біз енді осы жаққа үйреніп қалдық қой. Әзірше білмеймін, мүмкін Қырғызстанда жағдай жақсаратын шығар. Бірақ, біз отбасымызбен осы Қазақстанда жүре беретін шығармыз.

Статистикалық мәліметтер, қазіргі уақытта Қазақстанның жалпы халқы 15 млн 300 мыңға жеткенін көрсетеді. Оның ішінде қазақтан өзге ұлт өкілдерінің басым бөлігін орыс және неміс, украин ұлттары құрайды екен. Ал түркі тілдес өзге ұлт өкілдерінен Қазақстанда тұрып жатқандардың саны 1,5 млн адам көрінеді.
XS
SM
MD
LG