Accessibility links

БҰҰ-ның саммитінде осы ұйымға реформа жасау мәселесі қаралуда


БҰҰ-нда реформалар жүргізу және кедейлікпен күрес тақырыптары осы ұйымның саммиті барысында қаралуда. Сәрсенбі күні жиынды ашу салтанаты кезінде сөйлеген сөзінде бас хатшы Кофи Аннан реформаларға байланысты осы аптада қабылданған келісімдерді “жақсы бастама” деп бағалады. Дей тұрғанмен оның өзінде кейбір мәселелер қамтылмай қалған деді бас хатшы.

БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан мырзаның айтуынша бұл саммит ұйымның 60 жылдық тарихындағы ең маңызды басқосу болмақшы. Дей тұрғанмен сейсенбі күні Бас Ассамблея тарапынан мақұлданған реформада күтілген біраз нәрселер қамтылмай қалған. Аталған құжатта әлем бойынша кедейлікпен, лаңкестік әрекеттермен, геноцидпен және адам хұқықтары үшін күресті күшейту қамтылған. Алайда, қарусыздану және ядролық қаруды таратпау жөніндегі сауалдар құжаттан түсіп қалған екен. Мұның өзін Аннан мырза “ұятты жағдай болды” деп бағалады. “Бір-біріміздің және БҰҰ халқының алдында шыншыл болайық. Кең тұрғыдағы және фундаменталды реформаларды жүзеге асыруға біз әзірге қол жеткізе қойған жоқпыз. Менің және көптеген басқа да азаматтардың пікірінше бұл- өте қажетті реформа. Кейбірі тіпті шынайы және заңды бола тұра, көптеген айырмашылықтардың орын алуы реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді,-деді Аннан мырза.

Саммитте сөйлеген сөзінде АҚШ елбасы Джордж Буш БҰҰ-ы сыбайлас жемқорлықтан ада болуы керек. Ол не өзіне реформа жасауы тиіс, не болмаса әлем алдындағы беделінен айрылады, деді. Реформа сауалы бейсенбі күні де көтерілді. Сондай-ақ Ресей елбасы Владимир Путин, Қытай басшысы Ху Жиңтао және Израйль, Франция, Жапония өкімет басшылары да сөз сөйлемекші. Жапон өкімет басшысы Юничиро Койзуми өз елінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде бір орынға ие болуға ұмтылысы жөнінде айтты. Дей тұрғанмен Жапония және басқа да елдердің Қауіпсіздік кеңесіндегі мүшелік орынды 25-ке жеткізу жөніндегі жоспары кейінге қалдырылатын түрі бар. Оған Қытай мен АҚШ өкілдері қарсы шығуда.

Күн тәртібіндегі бір мәселе - кедейлікпен күрес. Бұл жөнінде де арнайы сөз болатын сыңайлы. Осыдан бес жыл бұрын айтылғанындай, 2015-ші жылға қарай кедейлік деңгейін төмендетіп, аштықты азайту көзделген еді. Саммитке дайындық барысында қайшылықты мәселе бой көтерген болатын. Атап айтқанда, бір жағынан АҚШ бұл мәселенің саммит құжатында көрсетілмеуін қалаған еді. Алайда, елбасы Буш сәрсенбі күні сөйлеген сөзінде аталған мәселені қолдайтындығын мәлімдеді. Саммит жұмысына байлансыты едәуір сындар айтылуда. Дей тұрғанмен, саммит басқосулары сыртындағы жеке кездесулерде біраз игі жағдайлар орын алып отыр. Мысалы, сәрсенбі күні Израйль өкімет басшысы Ариель Шарон мен Пәкістан елбасы Первез Мушараф, елдері арасында дипломатиялық байланыстар болмаса да, өзара қол алысты. Сондай-ақ Мушараф мырза мен Үнді өкімет басшысы Манмохан Сиңх төрт жарым сағат бойы сөйлесті. Кашмир мәселесін бейбіт түрде шешетіндіктері жөніндегі міндеттерін олар қайталасты.
XS
SM
MD
LG