Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.19.2005 жыл


Cенбі күні Қазақстанда жарық көрген мерзімді басылымдарда сайлау алдындағы Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың Украинаға ресми сапары және осы кезде Қазақстан президентігінен үмткер қалған төрт кандидаттың телесайысы туралы және сайлауға қатысты басқадай материалдар жарияланыпты.

«Егемен Қазақстан» басылымы сенбілік санының бірінші бетіне президент Н.Назарбаевтың Украинаға жасаған екі күндік ресми сапарын қортындылаған мақала жариялапты. Газеттің жазуынша Украина және Қазақстан президенттері Виктор Ющенко мен Н.Назарбаев екі жақты кездесулердің қортындысы бойынша бірнеше маңызды құжаттарға қол қойған. Олардың ішінде бірлескен мәлімдеме, 2006-2007 жылдарға арналған Қазақстан мен Украинаның «Жол картасы» деп аталатын бірлескен іс-қимыл жоспары бар. Сондай-ақ Қазақстанның авиакомпаниялары Украинаның авиазауыты өнімі АН-118 ұшағын сатып алу жолдарын қарастырмақшы және екі ел аэроғарыш саласындағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталған біріккен жобаларды іске асыруға келіскен. Сонымен бірге Қазақстанның Еуразия мұнай құбыры жобасына қатысу жолдары мен Қазақстанның қуат көздерін Украина аумағы арқылы Еуропаға шығару мүмкіндіктері қарастырылды деп жазады «Егемен Қазақстан».

«Azamat.kz» басылымы қарашаның 17-сі күні қазақстандықтардың президенттіктен үміткер төрт кандидат - Ж.Тұяқбай, Ә.Бәйменов, М.Елеусізов және Е.Әбліқасымовтың «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде жүргізілген пікірсайысын тамашалағанын жазады. Газеттің жазуынша сол күні бұл пікірсайысқа Н.Назарбаев қатыса алмаған. Өйткені ол ресми сапармен Украинаға аттанып кеткен. «Қазақстанның «Сайлау туралы» заңында пікірсайыстар өткізу көзделмегенімен Орталық сайлау комиссиясы үміткерлерге бірлей мүмкіндік жасау үшін осындай телесайысты өткізді. Ал төрт үміткерге сөз беру кезегі жеребе тастау арқылы сайыс басталардан бір сағат бұрын орталық сайлау комиссясы өкілдері алдында анықталды» дейді «Azamat.kz» басылымы.

«Жас Алаш» басылымы сенбілік санында «Апақ-сапақ, қара түнек» деген атпен Жұлдыз Әбділданың мақаласын беріпті. Онда Орталық сайлау комиссиясы сайлауға түсетін үміткерлер арасында пікір сайыстың өтетіндігін алдын-ала белгілесе де оған үміткерлердің бірі мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатыспағандығын жазады. Газеттің жазуынша дамыған елдерде қалыпты құбылысқа айналған мұндай тартыс Қазақстанда бірінші рет өтіп отыр. «Алайда солай бола тұра телесайыс өтетіндігі туралы халықтың басым бөлігі білмей қалды. Президент Н.Назарбаевпен өтетін тікелей эфирді күні-түні жарнамалаған телеарналар мұндай кездесу туралы жақ ашпады» дейді Ж.Әбділда. Оның жазуынша өте қолайсыз уақытқа қойылған телесайыс «Хабар» телеарнасында өтіп жатқан кезде Алматының бірқатар аудандарында электр жарығы сөніп қалған. Ал телесайыс жоспарланғанындай бір жарым сағат өтпей бір сағат жүріп біте салған. «Көптеген сұрақтар қәзіргі президентке қатысты болғандығын ескеріп ол кісінің қатысуымен тағы бір телесайыс өткізу керек» деп түйіндейді «Жас Алаш».

«Экспресс-К» басылымы болса Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы елдегі сайлау алды жағдайға өз қортындысын, бағасын берген Еуропадағы қауіпсыздык және ынытымақтастық ұйымының аралық есеп баяндамасында айтылған кейбір жайттармен өзінің келіспейтіндігін білдіргені туралы жазыпты. Газеттің жазуынша осы мәселеге байланысты Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков пен ОБСЕ-нің адам құқықтары мен демократиялық институттар жөніндегі бюросы атынан сайлауды бақылау үшін жіберілген өкілдер тобын бастап келген елші Одри Гловер ханым екеуі жабық есік жағдайында екі сағат бойы сөйлесіпті. Бұл кездесуден соң О.Гловер ханым журналистермен тілдеспеуді жөн санамады, ал Орталық сайлау комиссиясының төрағасы журналистер алдында ОБСЕ-нің есеп баяндамасы негізінде елдегі сайлау алды жағдайды дұрыс деп бағалағанын, алайда, аралық есеп баяндамада айтылған кейбір мәселелермен келіспейтіндігін, өйткені ол Қазақстан заңына сәйкес емес екендігін жеткізді деп жазады «Экспресс-К».
XS
SM
MD
LG