Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.26.2005 жыл


26 қарашада жарық көрген басылымдарда Қазақстанның Бүкілдүнижүзілік Сауда Ұйымына кіру мүмкіндіктері туралы және елдегі президенттікке үміткерлердің рейтингісіне қатысты материалдар жарияланыпты.

Сенбі күні жарық көрген «Егемен Қазақстан» газетінде «Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруге әзірміз бе?» деген сұраққа жауап іздеген сараптамалық мақала жарық көрген. Онда бұл сауал жұма күні Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасы президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің он төртінші пленарлық мәжілістің өзекті тақырыбына айналғандығы айтылыпты. Аталған жиында сөз алған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру Қазақстанның әлемдік экономикаға интеграциялануы жолындағы келесі қадамы болып табылатындығын атап көрсетіпті. Оған толық жан-жақты негіз де бар делінген әлгі мақалада. Соның бастылары ретінде автор мына жайттарды алға тартады. Қазақстанның жалпы тауар айналымының 50 пайыздан астамы БСҰ-ға мүше елдердің үлесіне келеді. БСҰ-ға мүше болғаннан кейін қазақстандық өнімдерге мүше елдер тарапынан шек қою тоқтатылады. Және де ел экономикасының негізгі секторларын ырықтандыруға жол ашылады, сыртқы сауда ережелерін қолдану ашықтығы қамтамасыз етіледі. Сөйтіп, Қазақстанның БСҰ-на кіру ниетіне шетелдік инвесторлар да қолдау білдіріп отыр дейді автор.

Сондай-ақ осы тақырыпты кеңінен қаузаған «Экспресс К» газеті өзінің 26 қараша күнгі санында аталған мәжіліске құрметті қонақ ретінде қатысқан Еуропа Қайта құру және Даму банкінің президенті Жан Лемьердің Қазақстанның БСҰ-на ертерек кіруін құптайтындығы жөніндегі пікірін беріпті. Және де осы басқосуда Қазақстан президенті бұдан он жыл бұрын жасалған келісім шарттардың қайта қаралмайтындығын шетелдік инвесторлардың есіне тағы да салғандығы аталып өтіліпті.

Сонымен қатар сенбі күнгі жарық көрген санында бұл мәселеге «Казахстанска правда» газеті де сараптама жүргізген. Онда ел экономикасы осы қарқынмен дами берсе, 2008 жылдан қалмай Қазақстанның БСҰ-на кіре алатын мүмкіндігі барлығы айтылған. Жалпы Қазақстанның аталған ұйымға кіру мәселесі 1996 жылдан бері елдің ішінде талқыланып келсе, енді шетелдік инвесторлардың қатысуымен алғаш рет бұл сауалға біріге жауап ізделуде делінген мақалада.

Ал 26 қараша күнгі санында «Жас Алаш» газеті кейбір сараптамалық орталықтардың жүргізген зерттеулеріне сүйене отырып, президенттіктен үміткерлердің рейтінгісіне қатысты мақала жариялаған. Соңғы кездердегі жағдайларға барлау жасаған мақала авторы «Жармахан Нұрсұлтанмен теңесіп қалды. Басты екі кандидат екінші турға өтуі мүмкін» деген болжам жасапты. Елдегі сайлау барысында екінші рет жұртшылық арасында сауалнама ұйымдастырған «Әлеуметтік технологиялар орталығы» атты тәуелсіз әлеуметтік сараптама құрылымының зерттеулеріне сүйенген мақала авторы басты тартыс қазіргі ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен біріккен оппозиция серкесі Жармахан Тұяқбайдың арасында жүретіндігі белгілі болғандығын айтады. Әрі соңғы уақыттардағы жағдайларға орай Н.Назарбаевтың рейтінгі біршама төмендеп, керісінше Ж.Тұяқбайды жақтайтындардың саны біраз өскен дейді мақала авторы.

Және де осы тақырыпқа кеңірек тоқталған «Апта.kz» басылымы өзінің соңғы санында басты екі үміткердің рейтінгісі теңесіп тұрғандығын айтады. Жағдайдың бұлайша өзгеруін мақала авторы «Саясаткер Заманбек Нұрқаділовтың өлтірілуі, телесайысқа қатыспау, сондай-ақ «сарғылт» Украинаға сапары Н.Назарбаевтың рейтінгісін күрт төмен түсіріп жіберді» деген болжамдармен түсіндіреді. «Әлеуметтік технологиялар орталығы» атты тәуелсіз әлеуметтік сараптама құрылымының зерттеулерін басшылыққа алған автор сайлау әділетті өткен жағдайда ендігі уақытта Республика президентін сайлау компаниясы дауыс берудің екінші турына ұласатыны күман келтірмейді деген қорытындыға келген. Аталған зерттеулер нәтижесі бойынша, Ж.Тұяқбай Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында осыған дейінгі едәуір түрде күшті позициясын сақтап отыр екен.
XS
SM
MD
LG